Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді

Бұйырған  кетпейді, қуған  жетпейді
ашық дереккөз
Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді

Дохадағы дүбірлі додадан боксшыларымыз екі күміс медаль иеленді

Бокстан Катар астанасы Доха қаласында өткен әлем чемпионаты мәресіне жетті. Төрткіл дүниенің «сен тұр, мен атайын» деуге лайық саңлақтары сынға түскен додадан қазақстандық боксшылар екі бірдей күміс медаль, бір Олимпиада жолдамасын қанжығаға байлады. Ақтық сынға алқынбай шыққан 69 келі салмақ дәрежесіндегі ел үміті, команда капитаны Данияр Елеусінов морокколық қарсыласы Мохаммед Раббиге жол берді. Алғашқы екі раунд тең дәрежеде өрбіді. Бірінші үш минуттықта Елеусінов қарсыласының бүйір тұсын дәл көздеген сәтте Рабби қарсы соққы бағыттап үлгерді. Осы кезде Данияр оң қолымен қапталдай соққы жасады. Дегенмен, төрешілер рингте бірінші нөмірмен ойнаған Мохаммедтің белсенділігін бағалады. Екінші кезеңде де қос қарсылас жылдамдықтарын көрсете білгенімен, тура соққыларды молынан бағыттай алмады. Ал шешуші раунд морокколық боксшының еншісінде кетті. Данияр – күміс жүлдегер! Бұдан соң еліміздің соңғы үміті, аса ауыр салмақтағы оғланымыз Иван Дычко шаршы рингке көтерілді. Иван үш раунд бойы жақсы өнер көрсеткенімен, жеңіс француз боксшысы Тони Йоканың еншісіне жазылды. Енді Дычко Олимпиада жолдамасын өзге жарыстарда иеленуге тырысады. «Бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деген осы болса керек.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар