спортқа Имамдар да икемді

спортқа Имамдар  да икемді
ашық дереккөз
спортқа Имамдар да икемді

Облыс әкімдігі дін істері басқармасы облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығымен бірлесіп, 18 қазан – Рухани келісім күніне орай діни бірлестік өкілдері арасында спартакиада ұйымдастырды. Спорттың бірнеше түрінен өткізілген аламанның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров спорт – денсаулық кепілі екенін айтып, барлық командаларға сәттілік тіледі.

Діни бірлестіктерден құрылған командалар арасында шағын футбол ойыны өте тартысты өтті. Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің командасы «Вефиль» діни бірлестігінің командасын 7:0 есебімен ұтып, жартылай финалға шықты. Облыстық мешіт құрамасы жартылай финалда «Һибатулла Тарази» медресесінің командасына 2:0 есебімен жол беріп, үшінші жүлде үшін таласта облыс әкімдігі дін істері басқармасының командасынан 4:1 есебімен ұтылып қалды. Аса тартысты өткен ақтық кездесуде «Һибатулла Тарази» мешітінің жамағаттары» командасы медресе шәкірттерінен 3:1 есебімен басым түсті. Арқан тарту ұлттық спортының ақтық кезеңінде «Һибатулла Тарази» мешітінің командасы медресе шәкірттерінен жеңісті жұлып алды. Қол күресінен облыстық мешіттің жамағаты тарапынан сынға түскен Саят Бескемпір қарсылас шақ келтірмеді. Жүлделі екінші орынды Бақтияр Әміреев олжаласа, медресе шәкірті Әсет Мұраталиевке үшінші орын берілді. Кір тасын көтеруде Андрей Авершин 16 келілік тасты 120 мәрте көтеріп, топ жарды. Екінші орынды иемденген Нұрлан Бақытұлы кір тасын 90 мәрте көтерсе, кірді 80 рет аспанға атқан Максим Голубев үшінші орынды иеленді. Шахматтан Валерий Ткачев жарыс жеңімпазы атанса, жүлделі екінші орынға Максим Голубев қол жеткізді. Жарыс барысында Аят Алмаханов, Айнабек Ахметов, Бекболат Мыңбаев секілді имамдар діни бағыттағы үлгі істерімен қатар спорттық додаларда да үздік көріне алатындарын көрсетті. Жарысты облыс әкімдігі дін істері басқармасының бөлім басшысы Сәуле Байбатшаева қорытындылап, спартакиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дипломмен, сыйлықтармен марапаттады.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар