Құлый баба мешіті

Құлый баба мешіті
ашық дереккөз
Құлый баба мешіті

Жеке кәсіпкердің жерлестеріне тартуы

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылында мешіт ашылды. Бұл қуанышты оқиғаны ауыл жұрты көптен күткен-ді. Бұрынғы ауыл мешіті ыңғайластырылған ескі ғимаратта орналасқандықтан, жамағатқа жайсыз болатын. Діндар қауым тілегін ауыл тумасы, бүгінде Шымкент қаласында кәсіпкерлік саласында табысты еңбек етіп жүрген азамат Ринат Толымбекұлы құп алып, былтыр жазда жеке қаражатына ауыл орталығынан мешіт ғимаратының құрылысын бастаған. Ғимарат қос мұнарасы мен күмбезі биік, намаз оқу залы жарық, қең де жайлы болып салынды. Мешітке жапсарлас үй-жайда имам бөлмесі, сауат ашу бөлмесі бар. Ыстық су болуы да ескерілді. Ал мерейтой күні әсем де сән-салтанаты келіскен мешіттің ашылу салтанаты болды. Оған ауыл және аудан орталығынан жұрт көптеп жиналды. Жамағаттың көзайым қуанышын бөлісуге Қазақстан Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы арнайы келді. Дінбасы сөзінде ауыл тұрғындарын облыс орталығында өткен маңызы терең тарихи оқиғмен және мешіттің ашылуымен құттықтап, игі тілегін білдірді. Ғалым-жазушы Мекемтас Мырзахметұлы, ауданның бұрынғы бас имамы, бүгінде Тараз қаласындағы Хамрақұл атындағы мешіттің бас имамы Сейітқазы қажы Медетбек, ауыл ақсақалдары Сейітжапар Айсадықов, Орынбай Әбдік, Әсет Олжабаев, Ақсай ауылдық округінің қариялары Кәрібай Құрмашев, Аманжол Дүрәліұлы, кәсіпкер Нұржігіт Бегалы сөйлеп, мешітті жеке қаражатына тұрғызған Тілеубаевтар әулетіне, әулет басшысы Толымбек ақсақал мен ұлы Ринатқа алғысын білдіріп, тарту-таралғыларын жасады. Мешіттің лентасын ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы қиды. Әжелер шашуларын шашты. Мешіт есігі айқара ашылып, жиылған қауым ішке енді. Намазхандар жаңа ашылған мешітте бесін намазын өтеді.

Абылайхан СӘРСЕНОВ, журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар