«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Бағұл» бағы жанатынына сенеді

«Бағұл» бағы жанатынына сенеді
ашық дереккөз
«Бағұл» бағы жанатынына сенеді

Таразда дәнекерлеуде пайдаланылатын қоспа сым шығаратын зауыт іске қосылды

Кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтардың өндіріс орындарын құруға ұмтылғаны анағұрлым пайдалы екені анық. Алайда, өнім өндіретін кәсіпорын ашу оңай емес. Тараз қаласындағы «Бағұл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі елдің қажетіне жарайтын өнім түрлерін шығарумен шұғылдануды көптен ойластырып жүрген. Серіктестік биыл дәнекерлеуде пайдаланылатын қоспа сым шығаратын зауытты іске қосуға қол жеткізді. 

Зауыттың тұсаукесер салтанатына облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке қатысып, кәсіпорынды аралап көрді. Құрылысы биыл ақпан айында басталған жоба жылына 1 мың 500 тонна өнім өндіру әлеуетіне ие. Оны жүзеге асыруға 70 миллион теңге жұмсалған. Мұнда қоспа сымның екі түрі шығарылады. Бұл – дәнекерлеу жұмыстарына кең көлемде қолданылатын жамылғысы бар қоспа сымның екі түрін шығаратын оңтүстік аймақтағы алғашқы өндіріс орны. Кәсіпорынға қажетті шикізат Қытай, Ресей, Украинадан тасымалдануда. Автоматты түрде жұмыс істейтін негізгі құрылғылар Қытай елінен әкелінген. Зауыт 20 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 70-80 мың теңге. Мұндағы жұмыс үдерісі шикізат ретінде әкелінген сымдарды түрлі қоспалар қосып, жұмырлаудан басталады. Бұл өнімге 13 түрлі қоспа қосылады. Олардың арасында мәрмәр ұнтағы, ақ топырақ, илменит, слюда, ферромарганец, бор, крахмал секілді негізгі қоспалар бар. Жұмырлау құрылғысы жұмысын операторлар қадағалайды. Одан әрі шикізат басқа үдерістен өтіп, талапқа сай кесіледі. Ең соңында дайын өнім арнайы бес килограмдық қағаз қорапқа салынып, тұтынушыларға жөнелтіледі. Бір қораптағы өнімнің бағасы – 1 мың 200 теңге. – Болашақта тағы жаңа қондырғылар алып, зауытты үлкейтуді жоспарлап отырмыз. Өніміміз өзіміз күткендей деңгейде өткерілетін болса, алдымен ішкі нарықты қамтимыз. Содан кейін Ресейге, Қырғызстан мен Қытай елдеріне шығара бастаймыз. Ол үшін біздің өнімнің сапасы сырт елдерде шығартылатын қоспа сымдардың сапасынан жоғары болуы қажет. Сондай-ақ, елімізде кәсіпкерлерді қолдау мақсатын көздейтін бағдарламаларға қатысқымыз келеді, – дейді зауыт директоры Айдын Алтай.

Есет Досалы, «Ақ жол». Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар