Аспаннан ұялы телефон жауған күн

Аспаннан ұялы  телефон жауған күн
ашық дереккөз
Аспаннан ұялы телефон жауған күн

«Кселл» АҚ дене мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы спартакиадаға демеушілік жасап, 130 ұялы телефонды сыйға берді

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы мен «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар күніне» орай Тараз қаласы «Ұлан» стадионында дене мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спартакиада өтті. «Кселл» АҚ-ның қолдауымен өткен бұл шараны облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Асар» Жамбыл облысы мүгедектерімен жұмыс жасайтын ұйымдар одағы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды. 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спартакиада мүгедектер арасында жаппай денешынықтыру мәдениетін және спортты дамыту, мүгедектердің қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыру, олардың денсаулық, психологиялық және әлеуметтік әл-ауқатын көтеру мақсатына негізделді. Сондай-ақ бұл шара республикалық ауқымда өтетін мүгедектер спартакиадасына қатыстыру үшін облыстағы дене мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы таңдаулы спортшыларды өзара анықтайды. Бұл туралы шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков айтып өтті. Сондай-ақ демеушілер тарапынан сөз алған «Кселл» АҚ облыстық филиалының басшысы Бауыржан Шалғынбаев спартакиадаға қатысушылар мен жиналғандарды мерекемен құттықтай отырып, бақтарын сынағалы отырған үміткер спортшыларға сәттілік тіледі. – Біз әрқашанда айналамызға мейіріммен қарап, бір-бірімізге қажетінше қол ұшын беріп отыру керекпіз. Сонда ғана әрқайсымыз бойымыздағы адами қасиетімізді жоғалтпай, мәнді өмір сүру жолында күресе білеміз. Бұл біздің компанияның да негізгі ұстанымдарының бірі десек болады, - деді өз сөзінде Б. Шалғынбаев. Бұдан соң «Болашақ мектеп интернаты», «Дос-Тараз», «Қазақ мылқаулар қоғамы», №1, №2 Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйлері, «Ақыл-есі кем балаларға арналған интернат үйі», «Жамбыл облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» секілді тағы да басқа облыстағы әлеуметтік мекемелер мен интернат үйлерінің тәрбиеленушілері мен қызмет алушыларынан құралған спортшы-үміткерлер өзара кім мықтыны анықтады. Спартакиаданың шарты бойынша жүз елуге тарта қатысушылар жеңіл атлетика, армрестлинг, «64» шаршылы дойбы, ат спорты, дартс секілді спорт түрлерінен сайысқа түсіп, бақ сынасты. Тартысты өткен сайыстар қорытындысы бойынша қатарынан оза шапқандар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан кубокпен, медальдар және дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, шараның бас демеушісі «Кселл» компаниясы 130 қатысушыға ұялы байланыс телефондарын сыйға тартып, қатысушылардың көңіліне қуаныш сыйлады. Соңыра жиналғандарға қайырымдылық ретінде түскі ас ұйымдастырылып, дастарқан жайылды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар