Ауылдастары азаматтарымен мақтанады

Ауылдастары азаматтарымен мақтанады
ашық дереккөз
Ауылдастары азаматтарымен мақтанады

Қай ауыл да азаматымен ажарлы. Әр ауылдың да көптің жүгін көтерер нар ұлдары болары анық. Қаракемер ауылының әкімі Санатбай Әлиев солардың қатарында. Оның өмір жолын жалпы еңбекке араласқан қырық жылдан астам уақыт, оның ішінде үздіксіз он алты жыл ауыл әкімі ретінде етене араласуымен ауылдастарының тірлігінен бөліп айту қиын.

Ауданның он тоғыз ауылдық округі арасында соңғы жылдары әлеуметтік деңгейі жедел көтеріліп келе жатқандарының қатарында, сөз жоқ, Қаракемерді де атауға болады. 3700-ден аса тұрғыны бар, мемлекет тарапынан да, өз кәсіпкерлерінен де көмек пен қолдауды барынша сезініп отырған ауылдықтардың бұған алғыстан басқа айтары жоқ. 2010 жылы 600 орындық орта мектеп кеңейтіліп, жанынан көлемі тап сондай қосымша ғимарат тұрғызылды, бұрынғысы күрделі жөндеуден өткізілді. Енді жыл сайын саны артып отырған ауыл балалары барлық жағдайы осы заманауи үлгідегі мектептің кең де жарық сыныптарында дәріс алуда. Ауылдағы амбулатория, пошта бөлімшесінің ғимараты, ветеринарлық пункт, басқа да әлеуметтік нысандар қайта жаңғыртылып, қайсыбірі бүтіндей жаңадан тұрғызылған. Соңғы жылдары пайда болған жаңа көшелердегі бірімен-бірі жарыса бой түзеген көз тартарлық сәнді үйлердің көбейгені де ауыл тұрғындарының оңалған тұрмыс-тіршілігінің шынайы көрінісі деуге болады. Осылармен қатар ауылдың қақ ортасынан соңғы жылдары еңселі мешіт, оның қасынан 110 орындық балалар бақшасы бой көтерді. Бұл екі нысанды да осы ауылдың түлектері, қазір сыртта ірі кәсіпкерлікпен айналысып жүрген ағайынды Молдасейітовтер жерлестеріне тарту етті. Енді өз қалталарынан 280 миллион теңге қаржы салып, ауыл жастары қысы-жазы спорттың көптеген түрлерімен еркін айналысуына мүмкіндік беретін бірегей спорт кешенінің құрылысын жүргізуде. Ол да келесі көктемде пайдалануға берілмек. Төрт мыңға жуық тұрғынның жұмысқа жарамдылары 57 шаруа қожалығында егін өсіп, мал өсірумен шұғылданатын қаракемерліктердің қолында қазір екі мыңнан аса ірі-қара, екі жарым мың жылқы, жиырма төрт мыңдай қой бар. Егістік жер көлемі – 3928 гектар, оның 83,5 гектары ғана суармалы. Егістіктерде негізінен жемдік астық өсіріледі. Екі мың гектардай шабындық пен отыз мың гектардай жайылым да қолдағы малдың қажетіне жаратылады. Ауылдық округ аумағында өндіріс атаулыдан бір кірпіш зауыты, әлеуметтік қызмет көрсету орындарынан АТС, мәдениет үйі, екі ауылда да мектеп, кітапхана, дәрігерлік амбулатория, үш мешіт, пошта, балалар бақшасы, он бестей сауда нүктесі, үш тойхана жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік бағдарламалармен ауыл көшелерін жөндеу, асфальттау, клубқа, мектептерге жылу жүйелерін жүргізу, көшелерді жарықтандыру, тағы басқаларға қыруар қаржы бөлініп игерілген. – Ауылымыздың атын аспандатып тұрған жерлестеріміз баршылық, – дейді Санатбай Әлиев. – Бүгінде әлем танып, Қазақстан математиктері пір тұтатын академик ағамыз, физика-математика ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұхтарбай Өтелбаевтың бір өзі неге тұрады?! Қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері Дәурен Әбіров, қазақ ұлттық драма театрының актері болған, республикаға еңбегі сіңген әртіс Матан Мұраталиев, Ұлы Отан соғысында бір өзі үш жүзге тарта фашистің көзін жойған атақты мерген Әбіл Нүсіпбаев, журналист Баймұқан Ордабаев пен Қырғызбай Дәуітовтер, қазақ теледидарының алғашқы дикторларының бірі – Ләзиза Аймашева, рак ауруына дәрумен ойлап табудағы ізденімпаздығымен белгілі болған дәрігер Ғабит Үмбеталиев, жазушы Әшірбек Көпішев, әртіс Асқарбек Сейілханов... Бір ауылдан елімізге танымал осыншама адамдар шыққан. Олардың ізін жалғастырып келе жатқан жастарымыз да аз емес. Ал, енді Қайрат Молдасейітов, Шалқар Жайсаңбаев, Нұрлан Орынбаев сынды ірі кәсіпкер азаматтарымыз да өздері ғана болып-толып қоймастан, туған ауылының әлеуметтік мәселелеріне қолұшын беріп тұрады. Жалпы, бізде жиырма шақты отбасы үйлерінде кемінде елу бастан мал семіртумен айналысады. Олар үшін екі жерден барлық талаптарға сай мал сою орындары ашылған... Жиырма жылдан бері бір өзі бір ет комбинатының қызметін атқарып отырған ауылдың «ет бизнесі» жақсы жолға қойылған. Жылқы, ірі қара семіртіп сойып, етін Алматы базарларына апарып саудалау ерінбегеннің есін жиғызды, дәулетін құрғызды. Бастапқы қиын кездерде ауылдастарының күнкөріс көзіне айналған жаңаша тірлікке ауылдық әкімшіліктің басшысы ретінде Санатбай барынша қолдау танытқан еді. 2005 жылы сол кездегі облыс әкімі Б. Жексембиннің өзі бас болып келіп, ауылдың ет өндірісі тақырыбында облыстық семинар өткізгені де есте. Қаракемерліктердің тәжірибесі сөйтіп кең көлемде насихатталған-ды. Санатбайдың өмірбаянына үңілсеңіз, жұрттан алабөтен ештеңесі жоқ. Кәдімгі ауылдың қарадомалағы, бар ғұмырын Әулиешоқының күнгейі мен теріскейінде мал соңында өткізген Байғазы мен Орынбаланың тұңғышы болып 1955 жылы 15 қазанда өмірге келіпті. Ол кезде ата-әжесі Дүр мен Шәлипа (кезінде Кененмен айтысатын Шәлипа қыз) да тың болатын. Қарттардың тәлімін алғаннан жаман болған жері жоқ. 1963 жылы Керу мектебінің табалдырығын аттады. Қаракемерде онжылдықты бітіріп, механизатор болып еңбекке араласты. 1978 жылы Чапаев атындағы колхоздың бөлімше механигі болып жұмысқа орналасты. Міне, содан бері ол туған ауылынан табан аудармады, бірқатар қызметтік сатылардан өтті. Жоғары білім алып, бөлімше басқарды, бас инженер, басқарма төрағасының орынбасары болды. Арада үш жылдай ауылдың кеңесін басқарып, 1992 жылдан қайтадан колхозда басқарма төрағасы, одан қайта құрылымдалған «Қаракемер» өндірістік кооперативінің басшысы қызметтерін атқарды. 1999 жылғы наурыз айынан күні бүгінге дейін Қаракемер ауылдық округінің әкімі. Жалпы 42 жылды құрайтын еңбек өтілінің алты жарым жылында шаруашылық басқарып, он алты жыл үзбей ауыл әкімі болу айтқанға ғана оңай. Шалғайдағы ауыл әкімінің Астанада өткен «Нұр Отан» партиясының XII съезіне делегат болып қатысуы, «Тәуелсіздікке 10 жыл» мерекелік медалімен, Ата заңымыздың 20 жылдығы құрметіне шығарылған арнайы төсбелгімен, қос-қостан облыс және аудан әкімдерінің, мәслихаттың Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталуы, бес мәрте аудандық көгалдандыру айлықтары байқауының бірінші жүлдесін иеленуі ауыл әкімі жұмысының сапалық көрсеткіші екені даусыз.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол». Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар