«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«ҚазТрансГаз Аймақ» жаңғырту жұмыстарының кезекті сатысын аяқтады

«ҚазТрансГаз Аймақ» жаңғырту жұмыстарының кезекті сатысын аяқтады
ашық дереккөз
«ҚазТрансГаз Аймақ» жаңғырту жұмыстарының кезекті сатысын аяқтады

DSC_9202Қазақстанның газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық операторы «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы Тараз қаласындағы газ таратушы желілерді жаңғырту жөніндегі ауқымды жобаларының бірін іске асыруды 2011 жылы қолға алған болатын. Жоспар бойынша 2019 жылы аяқталуға тиіс осы инвестициялық жоба аясында биыл 633 шақырым жерасты газ құбыры төселіп, 14 106 жеке шкафтық пункт орнатылды. Межелі мерзімге дейін жеке секторға газ жеткізетін барлығы 940 шақырым құбыр ауыстырылуы тиіс. Тараз қаласына көгілдір отын жарты ғасыр бұрын тартылды. Содан бері жаңартылмаған жүйенің 66 пайызы тозған болатын. Жоба аясында ескі болат құбырлар полиэтилен құбырларға ауыстырылады. Жаңа жүйенің артықшылығы тұрғындар бұдан былай ескірген есептеуіш құралдарды жаңартуды ойлап, бас ауыртпайды. Себебі, жеке шкафтық таратушы пункт бес жылда бір рет тексеруден өтіп, істен шыққаны болса, аталмыш мекеме есебінен жаңартылып отырады.

Қазір газ тарату желілерін жаңғыртудың кезекті сатысы аяқталды. Жаңа екі сатылы газбен жабдықтау жүйесінің тиімділігін тұрғындар да сезе бастады. Олар компания жүргізген жұмысқа разы. «Бұрын жерүсті төменгі қысымды құбырмен жеткізілетін табиғи отынды пайдалануда қыстың күні газ өшіп қалып немесе қысым төмендеп, үй іші суып кететін. Былтыр күзден бері осы жерасты орта қысымды құбырға қосылғалы ондай мәселелер туындаған жоқ. Көгілдір отынды қанша тұтынғаныңды сұрап, қадағалаушылар да бұрынғыдай мазаны алмайды. Себебі, олар әр үйге бекітілген жеке шкафтық пункттегі есептеуіш құралынан өзіне керекті сандарды жазып әкете береді», – дейді тараздық Талша Мырзатайқызы. «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалының директоры Болат Мұртазаев еліміздің екі ірі шаһары Шымкент пен Таразда, бүкіл ТМД елдері бойынша тұңғыш рет газ тарату желілерін ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтады. «Біз ескірген газ құбырлары мен инфрақұрылымды заманауи және жоғары технологиялық жабдыққа ауыстыруға ғана мән беріп отырған жоқпыз. Бұл жоба газбен жабдықтау жүйесін түбегейлі өзгертеді. Бір сөзбен айтқанда, «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы іске асырып отырған үлкен жоба «Ұзақ мерзімді инвестициялық тариф» формуласының тиімділігін толығымен дәлелдейді. Жаңғыртуға байланысты барлық жұмыстар «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының меншікті және қарыз қаражаты есебінен жүргізіледі», – дейді Болат Мұртазаев. Бүгінде облыс бойынша газ құбырларының жалпы ұзындығы 3981 шақырым болса, оның 1368 шақырымы Тараз қаласында. «Екі сатылы газбен жабдықтау жүйесіне көшу жөніндегі иновациялық шешім газ қысымының жеткіліксіздігі мәселесін шешуге, жүйенің өткізу қабілетін 1,5 есеге артыруға мүмкіндік берумен қатар, газ құбырына заңсыз қосылу фактілерін болдырмайды. Қысқасы, газ берудің осы заманауи жүйесі тұтынушылардың тұрақты және іркіліссіз табиғи отынды пайдалануына жол ашып отыр», – дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Жамбыл өндірістік филиалының бас инженері Сүлейман Тұрбек. «ҚазТрансГаз» АҚ мамандары «Газ құбыры желілерін жаңғыртудың кезекті сатысының аяқталуын Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай жасаған сыйымыз дейді.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар