Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өткізген облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде су шаруашылығы нысандарының алдағы жылға әзірлігі қаралды. Аталған саланың жалпы дайындығы жөнінде облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов баяндама жасады.
Облыс аумағында 117 су қоймасы мен су бөгеттері бар. Олардың 5-і республикалық меншікте. Облыс бойынша жалпы су шаруашылығы жүйелерінің ұзындығы 3707,5 шақырымды құрайды. Соңғы алты жылда жергілікті қазынадан бөлінген 2108,1 миллион теңгеге коммуналдық меншіктегі су шаруашылығы нысандарына, 254 су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы облыстың коммуналдық меншігіндегі 33 су шаруашылығы нысандарына «Ерекше аса қауіпті су шаруашылығы құрылыстары мен су жүйелерін қалпына келтіру» бағдарламасы бойынша облыстық бюджеттен 104 миллион теңге қаражат бөлініп, жөндеу жүргізіліпті. Ал, келесі жылы жалпы көлемі 297,5 миллион теңгеге 36 су шаруашылығы нысандары жөндеу көрмекші. Оның ішінде аса қауіпті Жуалы ауданындағы Дарбаза су қоймасына 55 миллион теңге, Талас ауданындағы Тамды су қоймасына 65 миллион теңге қаражат қажеттігі жөнінде облыстық бюджеттік комиссиясына ұсыныстар әзірленіп отыр. Облысымыздағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ағын сумен кідіріссіз қамту мақсатында 2016-2019 жылдары жалпы құны 12,5 миллиард теңге Қордай ауданында «Ырғайты» мен «Қалғұтты», Меркі ауданында, «Аспара», Талас ауданында «Ақмола» шағын су қоймаларын салу, 2,7 миллиард теңгеге Тасөткел, Қарақоңыз және Ынталы су қоймаларын қайта жарақтандыру жұмыстары жоспарлануда.
Қордай ауданындағы «Қақпатас» магистральды каналының құрылысын және Жамбыл ауданындағы «Раис» каналының бас құрылымдарын қалпына келтіру жұмыстарына да назар бөлінуде. Облыс әкімі су шаруашылығы құрылымдарындағы жағдайды арнайы комиссиямен тағы бір қадағалап шығуды Серік Мамыртайұлына нақты тапсырды.
Сондай-ақ, Кәрім Нәсбекұлы өзінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке облыс аумағында салынып жатқан тұрғын үй құрылыстарының жедел жүргізілуін қадағалауды, халыққа ең қажетті азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтауды бақылауды міндеттеді. «ҚазАгро» акционерлік қоғамы немесе «Қазнесиеқаржы» акционерлік қоғамы арқылы шаруа қожалықтарға тамшылатып, жаңбырлатып суару жүйесін дамыту мақсатында несие алуына жағдай жасау, қажетті құжаттарды әзірлеу облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиевке жүктелді. Бұл ретте облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітовтің де көтерер жүгі жеңіл емес. Облыс басшысы басқа да салалық орынбасарлары мен аппарат басшысына нақты тапсырмалар берді. Аппараттық кеңесте облыстың қыс маусымына дайындығы да бір пысықталып, облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Әубәкіровке қазанның 15-інен Таразға жылу беруді жүктеді. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысына мектептер мен балабақшалардың жылы болуын қадағалауды ескертті. Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында құрылысы жүріп жатқан «Достық» үйінің құрылысын күнделікті қадағалауды облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиевке міндеттеді. Аудан әкімдеріне күздік бидайды мол мөлшерде себу, қызылшаны дер кезінде жинап алуды тапсырды. Облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев аппараттық кеңес барысында Таразда тойланған Қазақ хандығының 550 жылдық тойына жақсы үлес қосқаны үшін облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмахамбетоваға, республикалық басылымдар мен телеарна тілшілеріне, облыстық телеарна басшысына, газеттердің бас редакторларына алғысын білдірді. Сондай-ақ, аппараттық кеңесте бірқатар мәселелер қаралып, шешімдер қабылданды.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді