«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жұлдызы биік өңірде

Жұлдызы  биік  өңірде
ашық дереккөз
Жұлдызы биік өңірде

Қазақ хандығының 550 жылдығы ауданымызда игілікті шаралар атқарылуда. Соның бірі – «Жасай бер, Қазақстан!» саябағында ашылған «Жұлдызы биік жуалылықтар!» атты стела. Саябақтың дәл ортасына көрнекті жерге орнатылған стелаға Жуалыдан шыққан, ауданның, облыстың, бүкіл еліміздің өсіп-өркендеуіне әр салада сүбелі үлес қосқан шаруашылық, аудан басшылары, ғалымдар мен әскери қайраткерлер, өнер, мәдениет пен спорт саңлақтары, Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, ақын-жазушылардың портреттері ілінген. «Даңқ» тақтасы аты аңызға айналған Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының портретімен ашылған. Одан кейін Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның есімі жазылған. Әрі қарай Владимир Вишневецкий бастаған Кеңес Одағының Батырлары, Еламан Байғазиев бастаған Социалистік Еңбек Ерлері мен Қазақстанның Еңбек Ерінің есімдері жазылған. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық Қаһарманы генерал Бақытжан Ертаев бастаған генералдар шоғыры да «Даңқ» тақтасының көрнекті тұсынан орын алған. Онда 42 азаматтың портреті ілініп, есімі жазылса, олардың бәрі де аудан тарихына өзіндік із қалдырған лайықты азаматтар екені даусыз. Бірқатары осы күні өздері де келіп, салтанатқа қатысты. Аудан әкімі Батырбек Құлекеев сөйлеп, іс-шараның мән-маңызына тоқталды. – Құрметті жерлестер, бүгін біз осында аудан үшін маңызы зор оқиғаға орай жиналып отырмыз, – деді ол. – Сонадайдан көзге түсетін аумағы атшаптырым алқапта әсем де сәнді, келбеті төңіректегі атыраппен біте үйлескен тарихи-архитектуралық ансамбльдің жарыса орын тебуі қиялға қанат бітіретін, көзге қуаныш, көңілге медет сыйлайтын құнды дүниелер. Бұл – ел қорғаған батыр бабалар кесенелері, олардың заңды жалғасы, халық Батыры Ер Баукеңнің еңселі ескерткіші, Ауған соғысы ардагерлеріне және өткен ғасырдың 20-40 жылдарындағы ашаршылық пен саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған ескерткіштер, «Жасай бер, Қазақстан!» аллеясы. Және осынау тамаша мүйістің кесек бөлшегі – «Жұлдызы биік жуалылықтар!» атты «Даңқ» тақтасын салтанатты жағдайда ашатын боламыз, – деді. Одан әрі Жуалы ауданының Құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері Еркінбек Солтыбаев, Мақұлбек Рысдәулет, Естемес Аманбеков, ұзақ жыл кеңшар басқарған «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, марқұм Иван Заварыкиннің қызы Наталья Заварыкина сөйлеп, «Даңқ» тақтасының тәрбиелік мәні туралы сөз етті. Өздерінің еңбегін бағалап, құрмет көрсеткені үшін аудан басшыларына алғысын жеткізді.

Сәбит КҮЗЕМБАЕВ. журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар