Абылайханның айбаты

Абылайханның  айбаты
ашық дереккөз
Абылайханның айбаты

немесе Жоңғардың тарих сахнасынан жойылуы

1711 жылы дүниеге келген Абылай Уәлиұлының бастапқы есімі Әбілмансұр еді. Ол жастайынан жетім қалған. 1731 жылы жоңғарлармен шайқаста көзге түсті. Жоңғарияның ханы Қалдан Серен 1745 жылы өліп, оның мұрагерлері таққа таласты. Осы кезде оған Цинь империясы тиісе бастайды. Абылай осы сәтті пайдаланды. Ол Сыр бойындағы қалаларды азат етуге кірісті. Бұл жорықта қазақ әскерлерін үш топқа бөлді. Оның бірінші тобын Қанжығалы Бөгенбай мен Үмбетей жырау басқарды. Бөгенбай басқарған 10 мың әскер Түркістанның солтүстік жағына, Созақ бекінісіне барып тиіседі. Екінші қолды Жәнібек батыр үйіріп алды. Оған Тәттіқара жырау қосылды. Олар Сырдың төменгі ағысына қарай кетті. Үшінші негізгі қолды Абылайдың өзі бастады. Жорыққа қатысушылар Шиелі, Жаңақорған бойымен Түркістанның күнбатыс жағына қарай жылжыды. Бұл топта Қабанбай, Баян, Сырымбет, Малайсары, Жанұзақ болды. Жоңғар әскерін басқарған Қалдан Сереннің ортаншы ұлы Цевен Доржи де өз әскерін үшке бөлді. Ол өзінің басты күшін Абылайға қарай бағыттады. Оның қару-мылтығы, түйе үстіне орнатқан 15 зеңбірегі бар еді. Қазақ жасақтары сойыл, шоқпар, садақпен қаруланды. Цевен Доржи өзінің ауыр қолымен Абылай әскерлерінен бұрын келіп, Жаңақорғанға бекініп алды. Абылай Жаңақорған бекінісін алуды Қабанбайға тапсырды. Сырымбетті оң жақ қанатқа, Баянды әскердің сол жақ қанатына қойды. Олардың сыртынан үш мың қолы бар Малайсары, Оразымбет батырлардың әскерін топтастырды. Бұл соғыс екі айға созылды. Қазақ әскерлері Жаңақорғанды, Шымкентті жаудан тазартты. Түркістанға дейін жетті. Бөгенбай басқарған әскерлер Созақ пен Сайрамды босатты. Батыр Баян Талас өзеніне дейін барды. Жәнібек батырдың әскерлері қарақалпақ жерін босатып, қалмақтарды Сырдың жоғарғы сағасына шегіндірді. Амалы таусылған Цевен Доржи Абылайдан бітім сұрауға мәжбүр болды. Келісім бойынша Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент қалалары Әбілмәмбеттің қарамағына өтті. Түркістан туралы мәселе кейінірек шешілетін болды. Абылай бұл жолғы жеңістерін жоңғар хандығының күйреуінің бастамасы деп есептеді. 1745 жылғы соғыс осымен бітті. Қазақ жерін қалмақтардан толық тазарту мақсатымен Абылай бастаған қазақ жасақтары 1750 жылы жауға жоңғар қақпасы маңында оңдырмай соққы берді. 1755 жылы жоңғарлар бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп кетті. Осыдан кейін 1758 жылы Жоңғар мемлекеті құлады.

Динара Жұмағұлова, №36 орта мектебінің мұғалімі.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар