Құрамада әлеует бар, әдіс-айла керек

Құрамада әлеует бар, әдіс-айла керек
ашық дереккөз
Құрамада әлеует бар, әдіс-айла керек

Футболдан «Еуро – 2016» турнирінің іріктеу кезеңі аясында Қазақстан ұлттық құрамасы Астана төрінде Нидерланды құрамасын қабылдады. Әлем чемпионатының қола жүлдегерлері іріктеу сынында мардымды ойын көрсете алмай жүргені мәлім. Содан болар, ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Кросножан жақсы нәтижеден үміттенген-ді... Дегенмен, бас команданың негізгі құрамдағы футболшылары Бауыржан Жолшиев, Александр Меркель сынды саңлақтар жарақатына байланысты алаңға шыққан жоқ. Кездесу басталған бетте қос ел командасының ойын­шыларының жүйкелеріне ши жүгіргені байқалып тұрды. Бірі ұпай жырып алу үшін ұмтылса, екіншісі үшін жеңіс аса маңызды. Содан болар, ойын жағдайындағы қақтығыстардың бірінде ұлттық құраманың капитаны Бауыржан Исламхан жарақат алып, ойыннан шығып қалды. Кескілескен ұрыс жағдайында өткен матчтың 33-минутында қонақ команданың футболшысы Вейналдум мергендігімен көзге түсіп, нидерландылықтарды есепте алдыға шығарды. Бұдан соң тәжірибелі Нидерланды құрамасы ойынның 50-минутында есепті еселеді. Снейдердің соққысына Стас Покатилов тосқауыл бола алған жоқ. Әйткенмен, кездесудің соңында «Қайрат» командасының ойыншысы Исламбек Қуаттың соққысы есептегі айырманы қысқартты. Соңғы кездері еуропа алаңдарында жасындай жарқырап жүрген Қуаттың ойынына риза болған жанкүйерлер: «Ұлттық құрамада Қуат бар, енді күш керек» деп тарқасты. Енді соңғы тур аясында топта соңғы орында тұрған ұлттық құрама Латвия төрінде жергілікті команданы жеңіп, іріктеу циклын бесінші орынмен аяқтауды көздейді.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар