Қабырғаларың сөгілмесін, хас батырлар!

Қабырғаларың  сөгілмесін, хас батырлар!
ашық дереккөз
Қабырғаларың сөгілмесін, хас батырлар!

Бокстан Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына қос боксшымыз өтті

Қазіргі кезде қазақ үшін бокс – ұлттық спорт секілді. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында, Азия біріншілігінде соңғы кездері жүлдені ұлттық құрама күреп алып жүрген соң болар, жанкүйерлер жігіттердің бір сәтсіздігін қайғы ретінде қабылдайтынды шығарды. Бүгінгі таңда Катар елінде өтіп жатқан әлем чемпионаты аяқталған жоқ. Рас, ұлттық құраманың өрендері сәтсіздікке ұшырады. Дегенмен, біріншілік бітпей жатып, үйінде, жылы көрпенің үстінде отырып «баға» беретін эксперттер қазақ боксшыларын түкке «жарамсыз» қылып үлгерді. Осындайда олардың ойына Финляндияның Тампере қаласында өткен әлем чемпионаты қалай оралмайды екен? 1993 жылы өткен әлемдік сында тек Василий Жиров қана қола жүлде алғаны, 2001 жылы Галиб Жафаровтың күмісін қанағат тұтқанымыз, 2009 жылы екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевтің қоласына шүкір дегеніміз естен шығып кеткені ме? Сайттарды ашып қалсаңыз өмірден түңіліп кеткен пікірлерді оқып, жаныңыз түршігеді. Мұнысы енді тым артық. Сонымен, әлем чемпионатының жартылай финалына қос боксшымыз жолдама алды. 69 келі салмақ дәрежесіндегі өреніміз Данияр Елеусінов Эумир Марсиалды үш раунд бойы айқын жеңді. Енді чемпион атану үшін күш салады. Даниярдан бөлек аса ауыр салмақтағы алыбымыз Иван Дычко неміс боксшысы Флориан Шульцтан айласын асырды. Қос мықтымызға сәттілік тілейміз! Қалған төрт боксшымызға көз тиді, болмаса сөз тиді деп кесіп айта алмайсыз. Ширек финалға дейін қиналмай жеткен қазақ боксшыларының қарсыластарында есесі кете қойған жоқ. 52 келі салмақ дәрежесіндегі былғары қолғап шебері, жерлесіміз Олжас Сәттібаев қытайлық боксшы Цзяньгуан Хумен қолғап түйістірді. Жоғары қарқында өткен шайқаста жамбылдық өреннің қарсыласынан кем түспегенін, тіпті, кейбір техникалық сәттер бойынша басым болғанын мамандар да айтып отыр. Алайда, төрешілердің шешімі басқаша болды. Амал нешік. Ер жігіт майданда шынығады ғой. Бұл сәтсіздіктің өтеуі Олимпиада ойындарында өтелсін дейміз. 75 келі салмақ дәрежесіндегі боксшымыз Жәнібек Әлімханұлын ирландиялық Майклу О’Райлиге жеңілді деп кім айта алады? Рас, Жәнібек бірінші нөмірмен ойнамады. Аз соққы бағыттады. Бірақ қарсылас та қарық қылған жоқ. Екі аяққа еркін ойнағанның бәрі кубалықтар секілді мықты болмайды. Алайда төрешілердің шешімі тағы да біздің пайдамызда емес. Бұл да бір сын шығар. Тек 81 келідегі Әділбек Ниязымбетов шаршаңқы көрінді. Бұрын ылғи жеңіп жүрген өзбек боксшысы Элшод Расуловқа жол берді. Ал, 91 келідегі үмітіміз Василий Левиттің украниналық Геворг Манукяннан басым болғанын төрешілерден басқалардың бәрі көрді. Бірақ, тағы да қарсыластың қолын көтерді. Екінші раундта Левиттің мықты болғанын былай қойғанда, үшінші раундта тіпті 10:8 деген есеп қоюға болатын еді. Кубалық 81 келідегі мықты боксшы Ла Круз бен хорватиялық Хрвое Сэп арасындағы кездесуде сондай ұпайды қоя алған төрешілер бізге келгенде пейілі тарылса, амал нешік. Сонымен, әлем чемпионатында қос медаліміз бар. Оны екі бірдей Олимпиадалық жолдамаға айналдыру үшін Данияр Елеусінов финалға шығуы, Иван Дычко чемпион атануы тиіс. Жалпы әлеуметтік желіде болсын, басқа сайттарда болсын боксшы жігіттер көк туды желбіреткенде қуаныштан жүрегі жарыла жаздап пікір білдіретіндер бар еді. Енді міне, бір сәтсіздікке ұшырағанда теріс айналғанымыз жарамас. Қызбалық кімде болмайды? Атланта олимпиадасының алтынын мойнына ілген Василий Жиров әлем чемпионы атанып па еді? Сиднейде жасындай жарқыраған марқұм Бекзат Саттарханов төрткүл дүние додасында жарқ етіп пе еді? Ермахан Ыбырайымов ше? Ол да әлем чемпионатында шекесі қызбаған. Афиныда жалғыз алтынды елге әкеліп, абыройымызды арттырған Бақтияр Артаевтың да дүниежүзілік доданың алтынына қолы жетпеген. Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың да жағдайы солай. Ендеше, Қаратауымыз құламағанын ескерейік, төзімді болайық! Жігіттерге қолдау білдірейік. Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов: «Бұл біз үшін үлкен сабақ болады» деді. Ендеше бас бапкер мен оның оғландарының алдағы сындарда абырой биігінен көрінуіне тілектес болайық, ағайын!

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар