Өткеннің тағылымын паш етті

Өткеннің  тағылымын  паш  етті
ашық дереккөз
Өткеннің тағылымын паш етті

Алдымен халқымыздың тереңнен тамыр тартатын бай тарихының түп қазығы саналған Тараз шаһарында өткен елдік тойы абыройымызды асырып, айбынымызды асқақтата түскенін айтуымыз керек. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы өзіндік өнегесімен тарихи тағылымымен ел есінде қалмақ. 

Той аясында қаланың бірнеше жерлерінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Әсіресе, Тұңғыш Президент саябағындағы тұрғындар мен қонақтар назарына ұсынылған мәдени бағдарламалар көпшіліктің көңіл-күйін арттыра түсті. Мұнда екі күн бойы театрландырылған қойылымдар және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі, әртүрлі танымдық ойын-сауық іс-шаралары өткізілді. «Қазақ әлемі» тарихи-этнографиялық кешені, «Жәдігер» жылжымалы мұражай экспозициясы, ұлттық қолданбалы өнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі, «Алтын сақа» – ұлттық ойындар сайысы, киіз бұйымдар қойылған балалар алаңқайы, қазақтардың ғұрыптық жырларын насихаттайтын «Фольклор және өмір» іс-шаралары халқымыздың салт-дәстүрлерінің бірегейлігі мен өзгешелігін дәлелдеді. Ал «Тарих доңғалағы» алаңқайында көшпелі цирк бағдарламасы, «Дулыға» алаңқайында «Ер қаруы – бес қару» – көшпенділердің қару-жарақтарымен таныстыру және «Киіз күмбездер» – қазақ киіз үйінің тарихы, сыры, мағынасы, түрлері туралы интерактивті-танымдық бағдарламалары ұлтымыздың өмірін, ерлігін дәріптеп жатты. «Ақ шатыр» сахна алаңында «Мәңгілік сарын» – Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің бағдарламасы мен «Беркініп садақ асынған» – қазақтың батырлық жырларындағы эпикалық толғаулардан концерт және қазақтың музыкалық аспаптары, түркітілдес халықтар музыкасы, дәстүрлі әншілік мектебінің әндері, қазақтың жыр-термелері, басқа да бірқатар мерекелік іс-шаралар жамбылдықтар мен келген қонақтарға тойдың тағылымын жеткізді. «Мәңгілік сарын» – мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, «Ғасырлар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, «Қоңыр» этно тобы, «Жетісу әндері» және Арқаның «Арқа әндері» ән мектептерінің өкілдері өнер көрсетті. Қолданбалы өнер бұйымдары, көне кілемдер, қарулар, зергерлік бұйымдары көрмелерінің қонақтарға тойдан таралғы алуға таптырмас орын болғанын айта кеткен жөн. Жұртшылықтың қызығушылығын туғызған бүйымдардың авторларының бірі, қолөнерші – дизайнер Бейсен Омарбеков. Ол осы тойға Алматыдан ат арытып келіпті. – Қолөнермен айналысқаныма 20 жыл болды. Мұнда қолдан жасалған ат әбзелдері мен қару-жарақтарымды ала келдім. Атап айтсам, қылыш, қанжар, айбалта сынды шайқастағы батырлардың қарулары және қамшының 7 түрі бар. Соның ішінде мүйізден, тобылғыдан жасалған қамшылармен қоса еліксап қамшылар да бар. Қамшыларым мен белдіктеріме деген сұраныс көп болды, – дейді Бейсен Омарбеков. Шу өңірінің тумасы, суретші, мүсінші Қали Қораласбаев та тойға тарту ретінде тастан жасалған ерекше туындыларын әкелген екен. – Әз Жәнібек пен Керей ту тіккен жердің тумасымын. Тойға тастардан жасалған дүниелерімді алып келдім. Бүгінгі көрмеге «Отан», үш жүзді билеп тұрған билеуші «Ұлы дала қорғаны», Құрманғазының «Кісен ашқан» күйіне орай жасаған «Бостандық», «Шейіт», жүкті әйелдің бейнесі салынған «Болашақ» деген туындыларымды ұсынып отырмын, – дейді тастан түйін түйген мүсінші. Ұлттық болмысымызды аша түсетін «Алтын сақа» балалар алаңы, «Көк күйме» киіз үйлері, «Дулыға» инсталляциясы, «Скифтер-сақтар әлемі» рельефтік панносы, «Ақ шатыр» орталық сахнасы, «От күші» аллеясы, «Сөйлейтін тастар» лабиринт-инсталляциясы, «Жел дауысы» инсталляциясы, «Тарих доңғалағы» метафора-сахнасы, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, аңшылардың, қолөнершілердің, зергерлердің, тігіншілердің тематикалық ауылдары Тұңғыш Президент саябағында орналасуының өзінде үлкен мән-мағына жатыр. Бұл еліміздің бүгінгі қол жеткізген табыстары, жалпы тарихымызды әлемге паш еткен ұлы тойдың Тараз жерінде өткізілуінің өзі тәуелсіздігіміздің, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі екенін көрсетеді. Иә, Қазақ хандығының 550 жылдығы халқымыздың өнегелі өмірі мен ерлігін зерделеп, барша қазақстандықтардың, барлық ұлттардың ортақ мерекесіне айналды деп айтуға толық негіз бар. Торқалы той күллі қазақтың өткен тарихы мен ертеңіне бағдарлап қарауға мүмкіндік бергендей.

IMG_17++26 IMG_17++65 IMG_18+05 IMG_19+64 копия

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар