«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Мақсатым – пайда табу емес, жастар санасына сәуле жағу» - Дәурен Қамшыбаев

«Мақсатым – пайда табу емес, жастар санасына сәуле жағу» - Дәурен Қамшыбаев
Ашық дереккөз
Дәурен Қамшыбаев – соңғы уақытта отандық киноиндустрияда жиі аталатын есімдердің бірі. Тараз топырағынан шыққан талант осыдан бес жыл бұрын Әулиеатада жүріп Taraz Film School киномектебінің негізін қалап, жүздеген киномамандарын тәрбиелеп шығарды. Одан бөлек Мойынқұм ауданындағы Тайсойған балық аулау аралында «Зере» толықметражды фильмін түсіріп, көптеген халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері атанды. Режиссерді Таразға келген сапарында арнайы шақырып, сұхбат алуымыздың салмақты себебі бар. Жерлесіміз жуырда осыдан он үш жыл бұрын шаһардың қақ ортасында бейбіт күнде орын алған террористік акт туралы шынайы оқиғаға негізделген фильмнің түсірілімін аяқтады. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық компаниясының тапсырысымен түсірілген, Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың соңғы сағаттары арқау болған туынды жайлы, отандық кино саласындағы кейбір мәселелер туралы режиссердің өзімен емен-жарқын сұхбат құрдық.

– Әңгімемізді бірден жуырда көрерменге жол тартатын жаңа туындыңыздан бастасақ. Жалпы, Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың соңғы сағаттары туралы толықметраж түсіру идеясы сізге қайдан келді?

– Бұл идеяға мені отбасылық қарапайым басқосу итермеледі. Дастархан басында інімнен «өскенде кім боласың?» деп сұрадым. Ол «полиция боламын» деп жауап берді. «Неліктен полиция?» деп қайта сұрасам, «полиция болсам ақша көп табамын» деп қайырды. Осы сәтте идеологиялық тұрғыда көп дүниеден жеңіліс тапқанымызды түсіндім. Біздің балаларымыз полиция формасын көп ақша әкелетін сиқырлы нәрсемен байланыстырады. Идея осы тұстан бастау алды. Бұл мәселені ұзақ уақыт зерттедім. Мұндай түсінікке қарсы тұру үшін бірдеңе жасау керектігін ойладым. Балаларға нағыз офицердің кім екенін ұғындыру керек. Өз бетімше біраз зерттеулер жүргізіп жүріп, Ғазиз Байтасовтың оқиғасы жайлы көп естідім. Бірде қолыма Ғазиз ағамыздың ерлігі жайлы мақала түсті. Мақаланы оқыған соң кино түсіру идеясына біржола тоқталып, сценарийге кірістім. Бұл төрт жыл бұрын өмірге келген бастама еді. Жазатын өніміме байланысты материалдарға тереңдей түскен сайын мұның соншалықты қызық боларына көзім жете бастады. Ғазиз Байтасовтың ерлігі – офицерлік форма киіп жүрудің қандай маңызға ие екенін ұғындыратын елеулі оқиға. Кез келген голливудтық туындыда, мәселен, Брюс Уэйн үстіне Бэтменнің костюмын кигенде миллионер екені, бақуатты адам екені бірден ұмытылып кетеді. Ол бірден Готем қаласының тыныштық күзетшісіне айналып, шаһарды Джокердің жауыздығынан құтқарады. Питер Паркерді алайық. Ол үстіне Спайдер Мэннің киімін киген бойда көзілдірік таққан оқымысты емес, бірден әділет пен тыныштықтың сақшысына айналады. Мен үшін, мейлі өрт сөндірушінің, мейлі әскеридің формасы болсын, ол алдымен мамандық иесінің жауапкершілігі мен Отан алдында қабылдаған антының нышаны. Ғазиз Байтасов үстіне форма киген сәттен бастап біреудің әкесі, біреудің ағасы емес, өз Отанының, қарапайым адамдардың, қала тұрғындарының қорғаушысына, нағыз қаһарманға, адамзатты әділетсіздік пен заңсыздықтан, түрлі қауіптен қорғайтын жанға айналады. Ғазиз Байтасов өз оқиғасымен нағыз полицейдің қандай болатынын көрсетіп берген жан. Режиссер ретінде дәл осындай кейстер балаларға үлгі болуы тиіс деп есептеймін. Себебі, қазіргі уақытта біздің құндылықтарымыз өзгеріп, бұрыс арнаға бет бұрған. Иә, материализм, капитализм құндылықтары салтанат құрғалы көп уақыттың жүзі болды. Алайда, жастардың санасына сәуле жағу үшін Ғазиз Байтасовтың оқиғасындай ерліктер міндетті түрде экранизациялануы тиіс. Мұндай фильмдер нағыз адамның, оның ішінде офицердің эталоны қандай болатынын түсіндіреді. Енді ғана өсіп келе жатқан, полиция академиясына түсуді жоспарлап жүрген балалар офицер формасының қадір-қасиетін сезініп, оны киген сәтте әкесінің, анасының ұлы емес, өз ұлтының ұланына айналатынын түсінуі қажет.

– Идеяны өмірге әкелу бар, оны жүзеге асыру бөлек дүние. Жалпы барлық процесске қанша уақыт кетті?

– Процесс 2020 жылы басталды. Алғашында басты рөлді Дулыға Ақмолда сомдайды деген жоспарымыз болған. Ағамыз тіпті Таразға арнайы келген еді. Алайда, бұл пандемияның шырқау шегіне тура келіп, арада біраз уақыт оздырып алдық. Кейінірек сәті түсіп, Азамат Сатыбалдымен таныстық. Мен оны алғаш көргенде бірден Байтасовқа ұқсаттым. Сосын оның театрдағы рөлдерін тамашаладым, режиссер ретінде визуалды тұрғыдан көп зерттедім. Образды ашатын адамды дөп табу оңай емес. Ол уақытта Азамат Сатыбалды театр басшысы болатын. Біз сценариімізді жазып, питчингке қатысып едік, қолдауға ие бола алмадық. Жобадан бас тартты. Бірақ, ешқандай өкініш болған жоқ. Сценарийді толықтыру жұмыстарымен айналыса бердім. Екінші питчингке жұмыс дайын болса да қатысқан жоқпын. Себебі, өзім іштей дайын еместігімді сезіндім. Арада тағы бір жыл өтті. Сценарий де көңілден шығатындай толықты. Азамат Сатыбалды да «Қазақфильм» басшылығына келді. Маған хабарласып «дайынсың ба?» деп сұрады. «Иә, үш жыл жұмсадым. Демек дайынмын» деп жауап бердім. Бірақ арамызда келісім болды. Егер қандай да бір жағдай орын алып, кедергілер пайда болса жобаны тоқтатуға уәделестік. Өздеріңіз көріп отырғандай, ешқандай кедергі туындаған жоқ. Әйтеуір жұлдызымыз жараса кетті.

Айта кетерлігі, сценарий питчингке дайын болған сәтте бір маңызды дүние жетпей тұрғандай сезім кештім. Басты кейіпкердің образы толық ашылмағандай, әлі де үстіртін сияқты көрінді. Бірден ойыма идея келді. Маған да полицейдің формасын киіп, тәртіп сақшыларымен бірге жүріп көру керек. Полиция болу деген не өзі? Осыны сезінгім келді. Бұл идеямды облыстық полиция департаментінің басшысы Арманбек Баймурзин бірден қолдады. Содан үстіме форма киіп, тәртіп сақшыларының қасында уақыт өткізіп, полиция болудың не екенін сезіндім. Өзім үшін түсінген бір жайт, халық полициядан қатты қорқады, жүзіне тіке қараудан жүрексінеді. Азаматтар мен құқық қорғау органдарының арасындағы қарымқатынастың мұндай болуы өте аянышты нәрсе. Осыған байланысты мен комиссия отырысына полицей формасын киіп бардым. Комиссия құрамындағы азаматтардың жүзінде бірден үрей пайда болды. Олар менің режиссер екенімді бірден түсінген жоқ. «Біреуді құрықтауға келді-ау» деген қорқыныштары болды. Микрофонға жақындап: «Әріптестер, отандық полицияға қазақстандықтардың көзқарасы дәл сіздердікіндей. Бұл өте қиын жағдай. Тәртіп сақшыларына құрметпен қарайтын азаматтар кемде кем. Режиссер ретінде мен осы қасаң қағиданы бұзып-жару міндетін қолға алып, полиция эталоны қандай болатынын көрсеткім келеді. Менің сценариімде ойдан шығарылған жасанды кейіпкерлер мен қиялдан туған шытырман оқиға жоқ. Бәрі өмірден алынған. Салада Ғазиз Байтасов сынды жаужүрек ерлер бар. Міне осындай азаматтардың оқиғасы полицияның беделін арттырады. Осындай азаматтар полицей болам деген балаларға үлгі болуы тиіс деп ағымнан жарылып, жобаны сәтті қорғап шықтым.

– Байтасовтың образын тереңірек ашу үшін қандай жұмыстар жүргіздіңіз?

– Ең әуелі марқұм Ғазиз ағамыздың қарамағында қызмет еткен әріптестерімен жүздесіп, Халық қаһарманы туралы мол мағлұмат алдым. Түсірілімнің басынан аяғына дейін Ғазиз ағаның кенже ұлы Әділжан Байтасов жанымызда жүрді. Бізге осы азаматтар ерекше көмек көрсетті. Жалпы алғанда Ғазиз Байтасовтың образын ашу барысында көбіне режиссерлік көзқарасқа көбірек жүгіндік. Өкінішке қарай, Ғазиз ағамызды бір де бір рет көрмегендіктен образын айналасында қатар жүрген азаматтардың, көзін көрген жандардың сипаттауымен құрастырдық. Негізі бұл образ қарапайым ғана бір сұраққа жауап беру барысында тамаша ашылды. Бірақ оның қандай сұрақ екенін, оған басты кейіпкер қалай жауап бергенін ашып айтсам, фильмге спойлер болып кетеді. Бұл жағы көрерменге тосын сый болсын.

– Түсірілім жұмыстары қай қалаларда жүрді?

– Барлық түсірілім Алматы қаласында өтті. 180 адамнан құралған түсірілім тобын Алматыдан Таразға алып келу қымбатқа түсті. Қатты шығындалып қалар едік. Продюсерлердің айтуынша, 70 миллион теңге тек қана жол шығындары мен тамаққа жұмсалуы мүмкін еді. Сондықтан артық шығынға батпау үшін барлық локацияларды, түсірілім жүретін орындарды барынша Таразға ұқсатуға күш салдық. Көп нәрсені қолдан жасадық. 140-қа жуық сахна болды. Түсірілім екі айға созылды.

Трейлерден Байтасовтың жұбайын Канн фестивалінің жүлдегері Самал Еслямованың сомдап жатқанын байқап қалдық. Ол кісімен келіссөз қалай жүрді?

– Самалмен бірге жұмыс істеуді бұрыннан ойға алып жүргенбіз. «Зере» фильмін түсіргенде жоспарладық, кастингке Астанадан арнайы ұшып келді. Сұхбаттасу барысында оның бойынан образға керек дүниелерді таба алдым. Мен үшін Гүлжамал әпкенің образы жай ғана әйелдің бейнесі емес. Ғазиз Байтасов – қас-қағым сәтте ерлік жасаған қаһарман. Ерлік жасап қаза тапқан батыр. Ал, Гүлжамал өмірін жалғастырып жатыр. Оған қаһарман Байтасовтың жары болып өмір сүру керек. Бұл әйел адам үшін оңай дүние емес. Біз режиссер ретінде түйінін тарқатқымыз келген дүние мынау еді. Гүлжамал әпке өзінің жарын адам ретінде ержүректігі, адалдығы үшін қатты құрметтеді. Алайда, әйел ретінде өз азаматын ешкіммен бөліскісі келген жоқ. Бұл өте қорқынышты дүние. Жыл сайын қыс мезгілінде қатты боран соққанда полицейлер өз еріктерімен Күйік және Қордай асуында бастарын бәйгеге тігіп құтқару жұмыстарына қатысады. Бұл жұмыстарға Ғазиз ағамыз үнемі алғашқылардың бірі болып аттанады екен. Жұбайы ағамыздың таңдауын құрметтегенімен, әйел ретінде қатты қорқатын, үрейде жүретін. Фильм барысында Самал әйелдің жан дүниесінде болатын осы ішкі конфликтіні шебер бере алды. Тіпті кейіпкер өзінің жарымен оқыс жағдай болатынын бір күн бұрын сезеді. Жұмыс барысында осындай детальдарды Самал жақсы көрсетті. Жалпы алғанда фильмнің актерлар құрамында танымал әртістер көп. Меніңше бұл туындыға отандық киноиндустриядағы ең жұлдызды құрам түскен сияқты. Мәселен бас антогонист Кариевтің рөлін Еркебұлан Дайыров сомдады. Бірақ, біз жағымсыз кейіпкердің өмірін толық көрсетуден бас тарттық. Фильмнің бұл бөлігіне көркемдік тұрғыдан қарап, біраз өзгеріс енгіздік.

– Түсірілім барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыздар? «Кино – тірі ағза» деген өз сөзіңізге сүйенсек, кез келген түсірілім барысында неше түрлі кедергілер болатыны заңдылық қой.

– Иә, бұл сөзсіз болатын дүние. Түсірілім алаңындағы әр күн қиындыққа толы. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, бір ғана алаңда күн сайын 180 адам бір мезетте бас қосады. Олардың әрқайсының өз эгосы бар. Олардың бірі тәртіпке бағынады, енді бірі бағынбайды. Әрқайсысының тіпті өзіне бағынбайтын мінез-құлықтары бар. Режиссер ретінде оларды шабыттандырып отыруға тырысасың. Алайда, әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөлу кейде мүмкін емес.

Есіме тағы бір қызық оқиға түсіп тұр. Осыған дейін түсірген алғашқы туындым «Зеренің» түсірілім жұмыстары басталғанда сценарий бойынша бізге дауыл, нөсер керек болды. Күн аптап ыстық еді. Аспаннан бір шөкім қара бұлт көрінді. Негізі нөсер жауын маусымы тамызда басталады. Ал біздің түсірілім тамызда аяқталады. Бірақ бізге нөсер шілдеде керек болып тұр. Командамызбен нөсер жауғанда бәрін тастап Зеренің ағаш шауып жатқан сәтін түсіруге кірісіп кетеміз деген келісіміміз бар. Бір сахнаны түсіріп болған бойда, аспаннан көрінген шөкім бұлттан нөсер жауын кұйды да кетті. Құдды Құдайға арнайы тапсырыс беріп қойғандай. Арада төрт жыл өтті. «Капитан Байтасовтың» түсіріліміне кірістік. Бізге тағы да жаңбыр керек. Сценарий бойынша қажет ауа райын үнемі «бізге жаңбыр керек» деп рацияға айтатын әдетім бар. Осы дәстүрді қайталап едім, бір кезде аспан қарауытып, жаңбыр төгіп салды. Түсірілім алаңында «Зереден» бері бірге жұмыс істеп жүрген әріптестерім таң-тамаша болды. Өзімізге керек сахнаны түсіріп болғанда бірден жауын сап тыйылды. «Зереде» болған тылсым жайт «Капитан Байтасовта» қайталанғанына қатты таңқалдық. Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанды. Түске дейін ашық күн керек болса қалағанымыздай болады, жауын керек болса қайдан келгені белгісіз, аспан қарауытып, жаңбыр төге салады. Құдай біздің дұғамызды қабыл еткендей.

Осындай дүниелерден кейін тылсымға, құдайдың құдіретіне қалай сенбейсің?!

– Жалпы бұл туындыға қатысты қандай да бір болжамыңыз бар ма? Касса жинауы мүмкін бе?

– Халық қаһарманы жайлы фильм түсіру, ең біріншіден, үлкен жауапкершілік. Екіншіден, бұл белгілі бір адамның ерлігі жайлы фильм болғандықтан қандай да бір жанрға жатқызылады. Мәселен байопик болуы мүмкін. Мұндай фильмнің белгілі бір формуласы, өзіне ғана тиесілі тәсілдері болады. Біз өз деңгейімізде тарихта қалған қанды оқиғаның желісін түсіріп шықтық. Фильм көрерменге бірден ұнай ма, табысты бола ма? Бұл белгісіз. Ешқандай фильмнің жетістік формуласы болмайды. Оны түсірілім басталмай жатып та, түсірілім аяқталған соң да болжау мүмкін емес. Маркетингімен айналыссаң да, айналыспасаң да бұл картинаға сәтті болу жазбаса ол ешқандай табыс әкелмейді. Мысалы, «Оскар» алған «Паразиты» фильмінің режиссері Пон Джун Хоның «Воспоминание об убийстве» деген туындысы культтік кинолар қатарында. Алайда, прокаттан бар болғаны 40 мың доллар ғана жинаған. Мен отандық режиссерлер секілді бір тақырып айналасында фильм түсіріп, жетістікке жетуді көздеген жоқпын. Өз қолтаңбасы бар фильм түсіргім келді. Мысалы, «Капитан Байтасовта» мықты динамика, 13 экшн сахна бар. Атыс-шабыс, көлік апаты, биік ғимараттан секіру сияқты адамның назарын баурайтын сәттер көп. Бірақ мұның астарында өте терең сценарий, тереңінен ашылған кейіпкерлер және түсірілім тобының үлкен еңбегі мен қырағылығы бар. Түсірілім тобындағы әр маман фильмге бар күшін сарқып жұмсады деп айта аламын. Режиссер үшін актерлар мен команданың маңызы өте зор. Себебі, екеуінің бірі болмаса фильм өмірге келмейді.

– Шығармашылығыңызда «Капитан Байтасовтан» басқа қандай жаңалықтар бар?

– Қазіргі уақытта «Жынды» деп аталатын киноәлеммен айналысудамын. Бұл туынды тікелей түркі мифологиясының желісімен түсіріледі. Түркі мифологиясындағы 140 кейіпкер картинаға арқау болып отыр. Тіпті Грек мифологиясында осыншама кейіпкер жоқ. Бұл ұзақметражды сериал. Жылына 14 серия жарық көреді. Он жыл түсіріледі. Барлығы 140 серия болады. Біз қазір үлкен платформалармен келісім жасасып жатырмыз. Бүкіл түркі әлемі қамтылатындықтан, біз 250 миллиондық аудиторияға өнім ұсынбақпыз. Бұл өте ауқымды, әрі табысты жоба болмақ. Бір серияның өзіне 200 миллион теңге қаражат керек. Қазір демеушілермен келіссөздер жүруде. Киноға кететін қаражатты ақтап алатын тың дүние болады деп ойлаймын. Оның үстіне барша түркі халықтарын біріктіретін тілден басқа не бар? Әрине ортақ мифология. Бұл өз алдына бөлек әлем, өз алдына бөлек қауымдастық.

– Соңғы сауалымыз болсын, «Капитан Байтасов» көрерменге қашан жол тартады?

– Қазір фильмнің ең маңызды кезеңі жүріп жатыр. Ол – монтаждау кезеңі деп аталады. Бұл ұзаққа созылатын процесс. Жасалған жұмыстарға есеп беріледі. Ғазиз Байтасов ағамыз қаза тапқан 12 қарашаға үлгермейміз. Шамамен алдағы жылдың ақпан айында жарық көреді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Арайлы ЖАҚСЫЛЫ

Ұқсас жаңалықтар