Атып ұрды айқасып алысқанын, жеңе берсін, баһадүр барыстарым!

Атып  ұрды  айқасып  алысқанын, жеңе  берсін, баһадүр  барыстарым!
ашық дереккөз
Атып ұрды айқасып алысқанын, жеңе берсін, баһадүр барыстарым!

IMG_34++54+Ұлттық спортымыз саналатын қазақ күресінен үшінші мәрте байрағы желбіреген «Еуразия барысы» халықаралық мегажобасында қазақ балуандары белдескен қарсыластарын алып та, шалып та жығып, қанжығалары майланды, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойында ел мерейін асырды, абыройымызды аспандатты. 

Иә, сегіз елдің «сен тұр, мен атайын» дейтін атан жілік, апайтос жігіттері сынға түскен дуы басым додада қатарыңнан оза шауып бәйге алу – оңай емес. «Көтердім елу бір пұт кірдің тасын» деп жырлаған Балуан Шолақтың ізбасарлары елдік тойда ел намысын бермегені – жанкүйерлер үшін шын мәнінде үлкен қуаныш болды. IMG_3270 IMG_3++212Сонымен Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойы аясында өткен «Еуразия барысы» халықаралық турнирі ұлттық нақышта басталды. Ұлы Дала еліндегі дүбірлі тойға орай аламанның ашылу салтанатында көрсетілген тарихи көріністер де, дәстүрлі әншілер бебеулете шырқаған әндер де құлақтың құрышын қандырды. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының спорттық директоры Арман Тәшметов кіріспе сөз алып, «Тараз-Арена» спорт кешеніне жиналған жұртшылықты Ұлы Дала еліндегі ұлы тоймен құттықтады, бозкілемге тері сіңген жаужүрек батырларымызға сәттілік тіледі. Бұдан соң айтулы аламан басталып та кетті. Алғаш болып бозкілемге Грузия және Моңғолия елдерінің спортшылары беттеді. Бірден айта кетейік, бұл жобада екі мәрте бақ сынап, алғашында күміспен күптеліп, екінші жылы топ жарған Моңғолия құрамасы «А» тобына іріктелген квартеттің фавориті саналған. Алайда Грузия құрамасының жігіттері қағазда аутсайдер саналғанымен, бозкілемде шын мықтыға тұсау болмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Олар атышулы моңғол балуандарынан 4:3 есебімен айласын асырды. 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топқа түскен грузин өрені Иосеб Церцвадзе моңғолдардың танымал спортшысы Батгал Сумияны тізе бүктірді. Бұдан кейін 66, 74 келі салмақ дәрежесіндегі моңғол балуандары Ганбол Херлен мен Ганбаатар Одбаяр секілді саңлақтар қарсыластарын бірі іштен шалып, бірі жамбас әдісін пайдаланып, таразы басын өздеріне аударғанымен жалпы есепте Грузия жігіттері ерледі. Қалған төрт белдесудің үшеуін өз пайдаларына шешкен грузиялық балуандар өздерінің жақсы дайындықпен келгендіктерін аңғартып, сенсация жасады. Мұнан соң қырғыз және өзбек балуандары өзара кім мықтыны анықтады. Бұл сында өзбекстандық спортшылар қарсыластарынан 5:2 есебімен басым түсті. Додада үшінші болып бақ сынаған қазақ саңлақтары Польша құрама командасына қарсылас атанды. Қазақстандықтар сапынан алғаш бозкілемге шыққан жеңіл салмақтағы Марат Нигматуллаев өзінің шеберлігіне дүйім жұртты тәнті етіп, Марек Ваврзкивичті ойнақшып жүріп жеңе білді. Мараттың жеңісті жорығын 66 келі салмақтағы Бағдәулет Сәбитов сәтімен жалғастырды. Бартоломей Гарбачикті алып та, шалып та жыққан Сәбитов сенімді түрде айқын басымдылық танытты. Есеп 2:0-ге жеткен соң бозкілемге беттеген 74 келі салмақтағы үмітіміз Ринат Махмұтов Филипп Пузырге жол берді. Жамбас әдісін сәтті қолдана білген поляк спортшысы жартылай жеңіс және жамбас ұпайларына ие болып, командасының қоржынына алғашқы ұпайды салды. Кезек 82 келі салмақ дәрежесіндегі балуандарға да келіп жетті. Ел намысын қорғаған Мақсат Мәзібаев Радослав Козчинскийге қарсы сында алдымен бүк ұпайын түгендеп алды да, кейіннен бойынан асыра лақтырып, күмәнсіз таза жеңісін тойлады. Бұдан соң 90 келідегі Бекзат Ахметбеков Микола Трзешнивскийден ойламаған жерден ұтылып қалды. Есеп 3:2. Есесіне келесі кездесуде қазақ жанкүйерлері командалық есепте алғашқы жеңісті тойлауға мүмкіндік алды. 100 келі салмақ дәрежесінде бозкілемге шыққан Сыр өңірінің баһадүрі Нұрым Сәлімгерей Петр Саректі екі мәрте жартылай жеңіс ұпайын иеленіп, айқын басымдылық танытты. Нұрым екі ұпайды да қарымта шабуылда иеленгенін айта кету керек. Түйе балуандар бәсекесі басталғанда залдағы шудан құлақ тұнды. Ілкі сәтке сілтідей тынған зал ішіндегі жанкүйерлердің «Алға, Бейбіт!» деген дауысы дүрліге шыққанда, жерлесіміз барын салғаны анық. Дегенмен, бір жетілік жаттығудан денсаулығына байланысты тыс қалған Бейбіт Ыстыбаев Якуб Зарзечныйға қарсы сақтанып күрессе де, сенімді жеңіске қол жеткізді. Алғашқы іріктеу сынын Ресей-Түркия кездесуі түйіндеді. Кездесу 6:1 есебімен ресейліктердің пайдасына шешілді. Жартылай финалдың бірінші жұбында Грузия мен Өзбекстан құрмалары кездесті. Қап тауынан келген жігіттер моңғол балуандарының жойқын күшіне тойтарыс береміз деп шаршап қалса керек, оңтүстіктегі көршілерімізден 5:2 есебімен ұтылып қалды. Екінші жартылай финалда Ресей құрамасымен күш сынасқан қазақстандық балуандар 6:1 есебімен солтүстіктегі Құдайы көршілеріміздің мысын басып, үйде кім қожайын екенін байқатты. Жерлестеріміз сапынан тек 74 келі салмақтағы Айдос Ғалымов қана қарсыласы Сергей Николаевқа есе жіберіп алды. Қалған балуандарымыздың ішінде Бейбіт Ыстыбаевтың орнына шыққан алыбымыз Айбек Нұғымаров қана сылбыр күресті. Дегенмен, жеңіс тойын тойлады. Үшінші орын үшін өткен белдесуде Грузия өрендері ресейліктерді 6:1 есебімен ойсырата ұтты. Ресей құрамасының сапынан тек түйе балуан Сергей Ширияев қана қарсыласынан басым түсті. Иә, біз күткен ақтық сын да келіп жетті. Тұңғыш рет қос құрамның да спортшыларын сынға салып отыруға мүмкіндік берілген соң кейбір қосалқы құрамдағы спортшылар негізгі құрамда өнер көрсетті. Жалпы ақтық сынның алғашқы төрт белдесуін жерлестеріміз таза жеңіспен аяқтады. Айдос Сейпілұлы, Ғалымжан Әбдірахманов, Айдос Ғалымов, Сұңғат Закарияев сынды баһадүрлеріміз керемет шеберліктерін көрсетіп, ұлттық құраманың командалық есептегі жеңісін ресми түрде рәсімдеген соң 90 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Асыл Бәрменов Илхом Журоевтан жеңіліс тапты. Илхом шын мәнінде өзінің мықты екенін дәлелдей білді. Бұдан соң бозкілемге беттеген 100 келідегі саңлағымыз Мұхит Тұрсынов Авазхон Тоймурадовтың жауырынын жылдам жер иіскетіп, сабасына түсірді. Жалпы, айтулы аламанда екі мәрте бозкілемде шеберлік байқасқан Мұхит Тұрсыновқа қол соқпасқа амалың қалмайды. Қос белдесуде де қарсыластарын бұйым көрмеген Мұхиттай болсын, қазақ балуандары! Соңғы түйенің жүгі ауыр екені әлімсақтан аян. Дегенмен, тойдың көркі түйе балуанымен болған соң, Мухсин Хисомиддиновқа қарсы шыққан алыбымыз Айбек Нұғымаров турнирдің нүктесін әдемілеп қояр деп ойлағанбыз. Олай болмады. Екі мәрте жартылай жеңіс ұпайын иеленіп, Айбекті ұршықтай үйірген өзбек балуанының жеңісі көңілімізге аздап кірбің түсірді. Әйткенмен, командамыздың ұлы тойға жасаған тартуы сол кірбіңді лезде жуып-шайып кетті. Соңынан көрермендер арасында автокөлік ойнатылып, шетелдік темір тұлпарды Тараз қаласының жасөспірімі Еркебұлан Рахматулла ұтып алды. Осылайша «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры, Қазақстан Республикасы қазақ күресі федерациясы, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының ұйымдастыруымен, «Нұр Отан» партиясы, облыс әкімдігі және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен байрақты бәсекеде бағымыз жанды! Бұдан асқан тарту бола ма? Жүлдеге қол жеткізген командаларды облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев және өзге белді тұлғалар марапаттады. Додада топ жарған Қазақстан ұлттық құрамасы – 9 400 000, 2-орын иеленген Өзбекстан – 5 640 000, 3-орынға табан тіреген Грузия құрамасы – 3 760 000 теңгеге иелік етті. Осымен екінші мәрте ұлттық құрамамыз Еуразия барысында шын мықтының кім екенін байқатса, тұңғыш рет Өзбекстан спортшылары күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал, Грузия командасы екінші жыл қатарынан үздік үштіктен көрінді.

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар