Ұлы даланың «темір тұлпарлы» шабандоздары

Ұлы даланың «темір тұлпарлы» шабандоздары
ашық дереккөз
Ұлы даланың «темір тұлпарлы» шабандоздары

Қазақ даласын 50 күнде аралап өткен мотобайкерлер Таразға жетті

Тарихи сабақтастық деген сірә, осы. Сәрсенбі күні алдымен Қытайдың Сиянь қаласынан шыққан түйелі керуен, одан кейін Алматыдан бастау алған мотобайкерлер шеруі Тараз қаласына келді. Алғашқысы көне тарихты, Ұлы Жібек жолындағы көш керуенін жаңғырта келсе, мотошеру қазіргі заманның үнін, бүгінгі ұрпақтың лебізін жеткізгендей. Байкерлер шеруін елдікті танытудың, туған жерге, өткенге құрмет көрсетудің өзгеше формасы деуге де болады.

IMG_0466Қазақтың жазиралы даласын 50 күн бойы аралап, өңірлерге Қазақ хандығының 550 жылдық тойын насихаттап жүрген мотобайкерлерді Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров және жамбылдық патриот жастар күтіп алды. Әлемге әйгілі саяхатшы, ел патриоты Дмитрий Петрухин бастаған мотоқозғалыс қатысушыларының келуіне орай «Тараз-Арена» спорт кешенінде «Ұлы Дала ұрпақтары» атты жастар акциясы ұйымдастырылды. «Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи қалаға бүгін еліміздің әр өңірінен және шетелдерден қонақтар келуде. Бұны біздің мемлекетіміздің бай тарихын әлемге танытуға берілген тағы бір мүмкіндік деп білу керек. Қазақ елінің мәдениеті мен тарихын жаңғыртуда саяхатшы Дмитрий Петрухиннің қосып жүрген үлесі көп», - деді Нұржан Сәбитұлы салтанатты шарада. Қазақстандық мотобайкер, «Қазақстан географиялық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дмитрий Петрухин әлемге танымал саяхатшы. Ол – дүниежүзінің 150 елін темір тұлпарымен саяхаттап, мемлекеттік рәміздерімізді насихаттап, елімізде өткен айтулы саяси және спорттық шараларды дәріптеп жүрген ел париоты. Осы жолғы шеруін олар Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырған. «Мотоқозғалыстың құрамындағы 16 адам еліміздің әр облысының өкілдері. Елу күндей жолда жүрдік. Ыстыққа да шыдадық. Суыққа да төздік. Міне, енді бүгінгідей тарихи күнде Тараз жеріне табан тіредік», - дейді Дмитрий Иванович. Мотобайкерлер тараздықтарға өз тартуын ала келіпті. Астана қаласында мотоқозғалыс өкілдеріне табыс етілген Қазақ хандығының 550 жылдық патриоттық белгісі бейнеленген туды Дмитрий Петрухин акцияда Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровке тапсырды. Соңында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында байкерлермен кездесу өткізілді.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар