«...Сарыарқаның төсінен Мен – жөнелдім, Сен – келдің. Өзімнен туған жас бала сақал мұрты ағарып, Өзіме жат болғанша Ат үстінде дәурен кешіп ем, Мен – жеңілдім, Сен – жеңдің.
Түйенің қомында жүрген бір, аттың жалында Ойда жатқан ойрат дейтін ел едік Қараорман жұртым қайда деп, Еңіреген ерім барында, Қай қазақтан кем едік?! Тектіңменен тең едік! Күндердің күні болғанда күніміз кімге түсер демедік... Асқар бір тауды жайладым, Желіге бие байладым. Топырақты – өлім, торқалы – тойы болмаса, Басы қосылмас алтыбақан алауыз қазақты, Алдыма салып айдадым!
Қараорман қалмақ дегенде, Ұлдарым хан ұлындай иілді, Құлым бір ұлдай киінді. Қалмақ күйгенге – күйініп, Қалмақ сүйгенге – сүйінді!
Күндердің күні болғанда, Күнім мұндай болар демедім. Ерімді басыма көтеріп, Езімнің өзін елім ғой деп еледім; Ойпаң жерге он отау, Қыраң жерге қырық шатыр тіктіріп, Қонағын күткен мен едім.
Май жемеген қонағым, Қан жемеген барағым. Етекте жатқан елдерге еңселі белден қарадым, Жүз кісіге жараған, – Он кісіге тартқан табағым!
Көз ұшында – құланым, Ел ішінде – бұланым!
Құдайым мол ғып береді екен – бергенде, Кіндіктен өрген ұлдарым шетінен ұлан боп; Көкалалы көп жылқыны көргенде, Көзімнің алды тұман боп!..
Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінген мен едім, Күдеріге бау тағып, Ақ кіреуке киген мен едім. Қай қазақтан кем едім?! Осынау Сарыарқаның беліне, Ойраттан тігерге тұяқ қалдырмай, Қасқайып тұрған сеніменен де тең едім!
Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінген бұл ойрат, Жерсіз қалар деп пе едім?! Қалдан Серен қонған кең қойнау Елсіз қалар деп пе едім?! Еркін жайлаған ен жайлау, Малсыз қалар деп пе едім?! Қалың қалмақ қансырап, Халсіз қалар деп пе едім?! Етіне қол, Бетіне жел тимеген аруым, Айдалада аңырап, Жарсыз қалар деп пе едім?!
Сол дәуренімді көрер көзге аз қылып, Балақтағы битім шығып тағыма, Мені сайтан азғырып Басы түкті кәуір түртіп шабыма; Бай болмағаны – бай болып, Жайламаған сай қалмай; Би болмағаны – би болып, Сөйлемеген сөз қалмай; Хан болмағаны – хан болып, Қанамаған ел қалмай; Қанғырған жұрттың ер үстінде кеппей тақымы, – Ойрат жұрты ойран болды-ау, ақыры!
Тәңірі берген несібеден артық ап, Ойхой да, ойрат, оңбадым, Қазақтың малын тартып ап, Бай-дағы, бағлан болмадым, Қу басыммен әуре болып сорладым!
Қалмақ жатса қиналып, (Жылайын ба, күлем бе): Ханордада тексіз бен бетсіз жиналып, Думан той, әне, – бұл елде!
Тексізді қайтем, Құдай-ау, Бір ұрты – қан да, бір ұрты – май; Жабыдан айғыр салған соң, Жауға мінер ат тумай, Жаманнан қатын алған соң, Топқа кірер ұл тумай, – Алдыңда тұрмын сүмірейіп! Ата-жұртта Алла кешпес күнә бар;
Қаңғырып келген қалмақтың Басын енді сен алмасаң – кім алар?!
Төбеде жасын тұр ойнап, Қара өртке түсіп орманы; Қазақпенен құйрық-бауыр асасып, Құда болған бұл ойрат Анттан аттап – сорлады!
Айрандай ұйыған бұл-ойрат, Апырм-ай қалай іріді? Қаны бұзылған – хан болып, Ханның есіл-дерті – ел емес – Шауып алар мал болып, Балығым – басынан шіріді!
Көкірегіне түсіп қарақұрт, Өне бойын улады Көзі жатқа аларып, Көлінде қуы шулады.
Сенде арман бар ма, уа, қазақ, Дамылдаса – жауын жығып дамылдар, Буыршынның бұта шайнар азуы, Бидайықтың көл жайқаған жалғызы – Абылайдайын ханың бар?!
Ханың сенің – Абылай! Қара құл емес, төре еді. Бұтының астына қарамай, Көкжиектен арғыны көреді. Ер – екеу болса жалғанда, Егізіңнің сыңары, Екеуіңнің бірі еді. Алаштың үш жүзінің баласының Атының басын бір кезеңге тіреді!
Жанталаста жан берісіп, жан алған, Көрдім жаугер жұртыңды. Алаш дейтін анаңнан, Адамзатта заты бөлек арыстандай ұл туды!
...Қайда барам, қарғам?! Кеуде – шер ғой толған; Батысымда – Орман, Шығысымда – Қорған?!
Сен – жасыннан түскен жарқылсың, Мен – тұлмын! Сен – алтынсың, Мен – пұлмын! Сен – отсың да, Мен – күлмін! Сен – сұлтансың, Мен – құлмын!!!
Енді, міне... Көшкен жұрттың күресінінде қалмақпын, Күнә бар баста, кінә бар. Қаңғырып келген қалмақтың, Басын енді сен алмасаң – кім алар?!»
Қарағанды қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Өнердің әдеби мұрасы мәңгілік
- 23 қараша, 2024
Бүлдіршіндер ертегілер еліне саяхаттады
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді