- Advertisement -

Атажұртымыз – «Алтын адамдар» мекені

1 228

- Advertisement -

скачанные-файлыҚазірге дейін қазақ даласынан бес «Алтын адам» табылды. Соның төртеуі «Назарбаев орталығы» мұражайының экспозициялық залында орналасқан. Олар: Алматы облысы Есік қорғанынан табылған Алтын адам (б.з.д. VI-IV ғасырлар), Батыс Қазақстан облысы Аралтөбе қорғанынан табылған Сармат көсемі (ІІІ-ІІ б.д.д.), Шығыс Қазақстан облысы Берел қорғанынан табылған Сақ көсемі тұлпарының қаңқасы, алтын бұйымдар (б.з.д. IV-ІІІ ғасырлар), Пазырық қызы мен Алтай көсемінің қаңқасы (б.з.д. VI-V ғасырлар). Ал бесіншісі (б.з.д. VI-V ғасырлар) Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың ауылынан 5 шақырым жерден табылды.
Қазақ археологтарының ХХ ғасырдың екінші жартысындағы жаңалық­тарының арқасында бүкіл әлем 1-ші мыңжылдықта Орталық Азияда ғаламат өзгерістер жүргеніне көз жеткізді. Соның арқасында Еуразиялық ерекше өркениет пен мәдениеттердің негізі салынды. Сақ замандарындағы ең ірі археологиялық ескерткіштердің бірі – Есік қорғаны (б.э.д. V ғасыр). Оны Кемел Ақышевтің жетекшілігімен бір топ ғалымдар 1969 жылы Алматыдан 50 шақырым шығысқа қарай жатқан қашықтықтан ашты. Қорғанға сақ жауынгері мерекелік, салтанатты киіммен жерленген. Жерленген адамның киіміндегі алтын бұйымдардың өңделуіне қарап сақ шеберлері металл өңдеудің барлық техникалық әдістерін жетік меңгергеніне көз жеткізуге болады. Мәселен: мүсіндік құю, горельефтік, барельефтік және бейнелеу қалыбы, бедерлеу мен нақыштау тағы басқалар.
Сақ жауынгерінің киімін безендіріп тұрған жалпы саны 4 мыңнан астам бұйымның 165-і алтыннан. Безендіру тәсілі үйреншікті сақ-сібірдің аң стилінде жасалған. Жерленген адамның бас киімінің конус пішіндес болуы сақтың тиграхауд тайпасына жататындығын білдіреді. Жерлеу рәсімінің салтанаты және оған кигізілген киімнің байлыққа малшынып жатуы марқұмның қоғамда биік мәртебе иеленгендігін білдіреді. Ең бастысы, жерленген адамның сақ көсемі екендігін оны күнтектес Құдай тұлғасында етіп бейнелеуімен айғақталып тұр. Абырой-атағы жұртшылыққа жете таныс шебер К.Алтынбековтің жаңғыртуымен Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» бүгінде мұражайдың «Ежелгі әлем» залына ерекше әр беріп тұр.
Тарих ғылымдарының кандидаты Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен 1999 жылы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Берел ауылының маңынан б.э.д IV-III ғасырларда өмір сүрген сақ көсемінің қорғаны табылды. Қабірге адаммен бірге мумияланған жирен түсті 13 ат қоса жерленген. Төрт аттың басына ағаштан жасалып, былғарымен қапталған, сырты алтынмен көмкерілген таутекенің мүйізі кигізілген. Бабаларымыз ерте замандарда адаммен бірге жерленген ат иесін о дүниеге алып барады деп түсінген. К.Алтынбековтің экспедиция жетекшісі З.Самашевпен кеңесе отырып, Берел жылқысына жасаған мүсіні бүгінде мұражайға келушілердің көзайымына айналған. Қайталай кетейік, сақ көсемінің жылқысы да алтынға малшынып тұр. Бір сөзбен айтқанда, Берел қорғанынан табылған Еуразия номадтарының өркениетін айғақтайтын осы мол мұра әлемдік деңгейдегі ғаламат жаңалық.
Б.з.д. VI-V ғасырларда өмір сүрген Пазырық қызы мен Алтай көсемінің қаңқасы (жаңғыртушы Н.Жайлаубаева) Алтай өлкесінің Пазырық қорғанынан табылды. Таң-тамаша қылатыны, Пазырық қызының бас киімінде алтыннан жасалған арқар, бұғы, құс бейнеленсе, Алтай көсемінің бас киімінде бұғыны жұтып жатқан айдаһар сомдалған. Бұл, яғни көсемге тән күш пен қуатты білдіріп тұр. Жоғарыда аталған жәдігерлер қазақ жерінде өмір сүрген ежелгі тайпалардың тек озық өркениет иесі болғанын айғақтап қана қоймайды, сонымен бірге мәңгі мұздықтардың арқасында мыңдаған жылдықтардан асып, бүгінгі күнге дейін бұзылмай жеткен алтын бұйымдарға, былғары, киіз, ағаш, сүйектен жасалған заттарға қарап олардың төлтума мәдениеттерімен де жіті танысуға мүмкіндік туғызды. Сондай-ақ, қорғандарда мумиялап жерлеген жылқы малының асқазанында жақсы сақталған өсімдік қалдықтары сол замандардағы флораның қандай болғанынан айғақтап бере алады.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support