- Advertisement -

Тасқа қашалған тарихты бейнелеген

140

- Advertisement -

Фатима Таразиді әріптестері Әлемдік
деңгейдегі суретші ретінде мойындаған

Бейнелеу өнерінің сырына қаныққан Фатима Таразидің есімі жалпақ жұртқа кеңінен таныс. КСРО суретшілер және Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз Фатиманың графика саласында ойып алар өзіндік орны бар екені анық. Бейнелеу өнерінен бөлек дизайн саласын да дамытып жүрген жамбылдық қылқалам шеберінің қиялынан туған ғажап дүниелер Австрия, Германия, Болгария, Эфиопия, Иемен, Мексика, АҚШ секілді көптеген әлем елдерінде өткен халықаралық көрмелерге қойылып, жоғары бағасын алды.

«Мен сәнді, ұлттық нақыштарға бояуы қанық костюмдер жасаумен айналысамын деп ойлаған жоқпын. Күндердің күні болғанда Шаймұрат есімді архитектор хабарласып, «Сазген» ансамбліне жедел костюм керек» деп тұр. Мен ондаймен шұғылданбаймын, костюмнің дизайнымен шұғылданатын суретшілер бар, соларға шығыңыз десем: «Жоқ, сен қазақ ертегілер тақырыбымен айналысасың, қолыңнан келеді» деп қолқа салды. Содан не керек, бір түнде оншақты эскизді жасап шығардым. Бәрі де содан басталды. Кейіннен «Азия дауысына» қатысқан әншілермен де жұмыс жасадым. Роза Рымбаева, «Дос Мұқасан» тобы, жүргізуші Рабиға Аманжоловаға әзірлеген эскиздерім де көңілімнен шықты. Айман Мұсахожаеваның мемлекеттік симфониялық оркестріне дайындаған эскиздерім де назардан тыс қалған жоқ» дейді суретші өз ойымен бөлісіп.
Литографиялық графиканы біркісідей меңгерген Фатима Таразидың «Манас» сериялы жұмысы тарихтан сыр шертеді. Ысылған қаламның еркін өрісін аңғартатын келісті көріністер, дәл тарихи көріністерді аталмыш туындыдан молынан табасыз.
«Кезінде Тимур Сүлейменов шақырған кезде «Жібек жолы» бағдарламасы бар болатын. Бағыты – архитектуралық, этнографиялық. Сол шақта эскиздерімді көрсету туралы ұсыныс түсті. Ол жерге Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келді. Қасында министрлер бар. Жобамен танысқан Елбасыға Тимур Сүлейменов: «Міне, біздің жас суретшіміз бар» дей бергені сол еді Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ой, Тимур, сенің әдемі сөйлейтініңді білеміз ғой. Бұның авторы кім? Өзі сөйлесін» деді. Мен сөз алған соң безбіреулердің ұлттық киімдерге киіздегі қошқармүйізді оюды жарассын, жараспасын жапсырып жататынын айттым. Негізі киіз бен сырмақтыкі басқаша, киімдікі басқаша болуы тиіс. Әрқайсысының өз орны бар деп өз ойымды жеткізген соң Елбасы: «Міне, әр киімге қошқармүйіз жапсырылған заттарды қонақтарға тарту етіп, сыйлап жатасыңдар, шын мәнінде мынандай екен ғой» деп ризашылығын білдірді» дейді автор Президентпен кездесуін еске алып.
Фатима Тарази 1994 жылы Ұлттық Ұланға киімнің эскизін жасады. Олар маусымдық, мерекелік, күнделікті киетін түрлерге бөлінді. Тіпті, Әнұран шырқалғанда оң қолды жүректің сол жақ тұсына қою туралы ұсынысын да Елбасыға жеткізген болатын. Дегенмен, Фатима Таразидің эскиздері мақұлданбағанымен, әріптестері оның қолынан шыққан төл туындылары ұлттық ерекшеліктерге, бояуларға қанық болғанын ылғи да айтып жүреді.
Бейнелеу өнерінің бегіміне айналған жерлесіміз «Шыңғыс хан», «Турандот» қойылымдарына костюмдер әзірледі. «Мен костюмдердің эскизін жасағанда ұлттық нақышқа баса назар аударамын. Дегенмен, тіптен байырғы қылып та жібермеймін. Өйткені әр эскизімді трансформациялаған дұрыс деп ойлаймын» деп өз ойымен бөліскен жамбылдық суретші «Манас» эпосы туралы жасаған графикалық жұмыстарын жандандыра түсуді де көздейді.
Президент стипендиясының иегері, жерлесіміз Фатима Тарази 1993 жылдан бастап тегін «Тарази» деп өзгертіпті. «Әкім Тарази, Тұңғышбай Әл-Таразилерге еліктеп ауыстырдыңыз ба?» деген сауалымызға кейіпкеріміз: «Жоқ, Әкім ағамен жолыққанымда сіз таза Тараздың өзінде тумағансыз, мен Тараз қаласының азаматшасымын. Нағыз Тарази менмін» деп әзілдескенмін. Ол кісі әзілімді жылы қабылдап, жымиған еді» дейді өткен күндерді сағына еске алып.
Бәрі де өтпелі екенін жан жүрегімен сезінетін суретші, дизайнер Фатима Тарази Елбасының өзі бірнеше рет жылы пікірін білдірген, Ұлттық Ұланға арнайы жасалған эскиздері алдағы уақытта бір мақұлданатынына, мемлекет тарапынан қолдау табатынына іштей иланады. Кім білсін, талай тамаша туындыны жарыққа шығарған жерлесіміздің сенімі де ақталар…

Табиғат АБАИЛДАЕВ, 
«Ақ жол».

Тараз – Алматы – Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support