Тарихи-мәдени экспедиция жамбыл жерінде
Үстіміздегі жылғы 11 қыркүйекте Астана қаласының «Қазақ елі» алаңынан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» республикалық тарихи –мәдени экспедициясы басталған болатын.
Ол еліміздің барлық аймағын қамтитын төрт бағытта сапарын жалғастырып, 9 қазанда Тараз қаласына аялдауы тиіс. Құрамында ғалымдар, тарихшылар, журналистер және өзгелер енетін экспедиция Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының «Біртектілік және бірлік» бағыты бойынша «Мәңгілік ел мұраты – ел бірлігі» тақырыбында кездесулер, Қазақстан мемлекеттігінің негіздеріне және Қазақ хандығының тарихына арналған «Жер тарихы-ел тарихы» тақырыбы бойынша сұхбаттар өткізіп, өздері жүріп өткен өңірдің тарихы бойынша күнделік жазбалар жүргізуде.
Экспедицияның Шығыс және Оңтүстік шығыс бағыты (Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары) бойынша шыққан тобы Жамбыл облысына табан тіреді. Алматылық қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жаманкөзов бастаған қордайлықтар ыстық ықыласпен қарсы алып, қонақжайлық танытты. Облыс шекарасына таяу маңдағы Кенен ауылында ақын мұражайының алдында салтанатты жиын өтті. Аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты. Осы жерде экспедицияны бастап келген Алматы облысы әкімі аппаратының «Достық үйі» қоғамдық келісім коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Жанат Садеков сөз сөйлеп, экспедицияның символы – бірегей күнделік кітапты біздің облыстың Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас инспекторы Зүбайра Сембинаға тапсырды. Эстафетаны қабылдап алған Зүбайра Жарқынқызы тарихи-мәдени экспедицияның маңызына тоқталды. Бұл тарихымызды түгендеудің, жас ұрпаққа мемлекеттігіміздің қалыптасу кезеңдерін насихаттаудың сәтті қадамы екенін атап өтті. Бұл тарихи-мәдени экспедиция үш түрлі тұжырымдамалық: бірінші – отансүйгіштік, екінші – ғылыми-танымдық және үшінші – ақпараттық негізде жүзеге асырылатынын түсіндірді. Экспедиция тарихи орындарда болады, жергілікті халықпен кездесіп Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің мәні туралы әңгімелесулер өткізіп, құнды деректер жинайды, күнделік жазбалар жүргізеді. Әуелде айтқанымыздай, Астана қаласынан бастау алған бұл күнделік жазбалар эстафетасы үш облыстан өтіп, 25 қыркүйекте алматылықтардың қолына тиген екен. Экспедиция мүшесі, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бөлім редакторы Мәди Алжанбай өздерінің жүріп өткен жерлері туралы сөз етті. – Алғашқы парақтары Павлодар облысында жазыла бастаған бұл эстафета кітапты шығысқазақстандықтардан шекаралық Алакөл ауданында қабылдап алғалы бері облыс орталығы Талдықорған қаласы, Сарқанд, Қаратал, Қарасай аудандарын алып өттік, – деді ол. Қордайлықтар атынан сөз алған Ұлы Отан соғысының ардагері Керімқұл Қосақов ұлы дата Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған шараның ұлтымыздың тарихын тереңнен танып білуге қосатын үлесі зор екенін айтты. Аудан әкімінің орынбасары Б. Жаманкөзов экспедицияның дүбірлі той өтетін облыс орталығына апара жатқан кәде қоржынына аудандық мұражайдың қорынан ХІІ ғасырға тән қыш құмыраны қосты. Бұдан соң қонақтар Кенен Әзірбаевтың мұражай үйін аралап көрді. Оларға мұражай қызметкерлері ондағы әрбір экспонаттың тарихы жайлы айтып берді. Ақынның немересі Мұрат Көркемжанұлы Кененовтің де айтары аз болмады. Соңында осындағы мәжіліс залында жергілікті тұрғындармен кездесу өтті. Экспедиция мүшелері қазақ халқының терең қатпарлы тарихына қатысты маңызды деректерді ортаға салды. Тараз қалалық мемлекеттік мұрағатының мұрағатшысы, тарихшы Сатыбалды Досымбеков, ТарМПИ-дың «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының кандидаты Бақытжан Жүрсінбаев біздің облысымыздағы Қазақ хандығының туы тігілген тарихи орындарды анықтауға негіз болған айрықша белгілер туралы айтты, сұрақтарға жауап берді. Ауыл тұғындары Чәйтбек Сегізбаев, Ниетжан Нүпбаев сынды қариялар өлке тарихын тану бойынша өз ойларымен бөлісті.
* * * Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты құрылған «Ұлы Дала Елі» атты республикалық тарихи-мәдени экспедициясы 11 қыркүйекте Астана, Ақтау, Павлодар қалаларынан бастау алғаны белгілі. Бұл экспедициялар Меркіде бас қосып, мереке қарсаңында Таразға келеді. Оның басты мақсаты – Қазақстан халқының тарихи-мәдени және рухани мұрасын оқып-үйрену мен насихаттау негізінде қазақстандықтардың бірегейлігі мен ұлттық бірлігін нығайту. Сондай-ақ, «Қазақстан энциклопедиясы» кең көлемді интернет жобасын құрудың ақпараттық ресурстық базасын қалыптастыру. 1 қазан күні аталған экспедицияның бір тобы қасиетті Мойынқұм жеріне келіп жетті. Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы хатшылығының бас инспекторы Зубайра Сембина бастаған экспедиция мүшелерін мойынқұмдықтар құшақ жая қарсы алды. Аудандағы майталман малшы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы музей алдында қонақтар 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының «Біртектілік және бірлік» бағыты бойынша «Мәңгілік ел мұраты – ел бірлігі» тақырыбында өткен кездесуге қатысты. Аудан әкімі Бақытжан Нүркенов жиналған жұртшылықты Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесімен құттықтап, экспедиция мүшелерінің жұмысына сәттілік тіледі. Ал Зубайра Жарқынқызы іс-шараның мақсаты жайлы айтып берді. Экспедицияның символы саналатын – бірегей күнделік кітабын жиналған жұртшылыққа көрсетті. Тағы бір экспедиция мүшесі Сатыбалды Досымбеков Қазақ хандығына байланысты мәліметтерге тоқтала келіп, өз тілегін білдірсе, мойынқұмдық құсбегі Жапар Сатылғанов бір қолына бүркітін алып, жырдан шашу шашты. Қонақтар Жаз-Ата музейін аралап, ауданның тыныс-тіршілігі, өткен жолдарына қанықты. Көне жәдігерлерге қызыға қарап, оның тарихымен танысты. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында ауданның бір топ зиялы қауым өкілдерімен Қазақстан мемлекеттігінің негіздеріне және Қазақ хандығының тарихына арналған «Жер тарихы – ел тарихы» тақырыбында кездесу өткізді. Содан соң «Ұлы дала елі» тарихи-мәдени экспедиция мүшелері аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Есеевтің басшылығымен аудан аумағындағы «Қозыбасы», «Хан тағы», «Хан қорасы», «Керей сайы» тәрізді тарихи орындармен танысу үшін Хантауын бетке алып жүріп кетті. Соңыра Шу ауданында болып, тарихи орындарды аралады.
Қордай, Мойынқұм аудандары.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді