Қазақстан Азия даму банкімен ынтымақтастықты дамыта бермек
- author «Ақ жол»
- 5 мамыр, 2014
- 370
Астанада Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің биылғы жылғы 47-ші мәжілісі өтіп жатқаны белгілі. Мұндай халықаралық үлкен жиын 2013 жылы дәл осы уақытта Үндістанның астанасы Дели қаласында өткен болатын. Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің Қазақстандағы 47-ші мәжілісінің ресми түрде ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі. Қазақстан басшысы өз сөзінде мәжілісті өткізуге біздің елімізді таңдап, зор сенім білдіргендері үшін Азия даму банкінің барлық мүше-мемлекеттеріне алғыс сезімін білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылы Қазақстанның Азия даму банкімен (АДБ) серіктестік қарым-қатынас орнатқанына 20 жыл толатындығын да атап көрсетті.
Осы жылдар ішінде Банк біздің елімізге 3,5 миллиард доллар инвестиция салды. Өткен жылдан бастап Қазақстан Банктің доноры атанды. Біздің еліміз Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасына белсенді қатысады. Осы жұмыстың шеңберінде Банкпен бірлесе отырып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін қайта құру мақсатындағы маңызды жоба іс жүзіне асырылады, деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті біздің еліміздің және АДБ-ның бірлескен қызметі жалпы азиялық өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталғандығын атап көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев 47-ші мәжілістің «Жаңа Жібек жолы: Азияны өзгерістегі әлеммен ұштастыру» атты негізгі тақырыбы біздің еліміздің тарихымен ерекше үндесетіндігіне назар аударды. Бүгін біз Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың жаңа дәуірінің басталғанына куә болып отырмыз. Оның Азияны дамыту жолында жаңа дәуір болатындығына сенімдімін. Оның бірқатар алғышарттары бар. Бұл – Қытай, Үндістан, Жапония, Корея және басқа да бірқатар мемлекеттерді біріктіретін ең серпінді түрде дамушы өңір. Бұл ең ірі тұтынушылық сұраныстың негізін қалыптастыратын әлемнің адамдар ең көп қоныстанған өңірі болып табылады. Сарапшылардың пікірі бойынша, 2050 жылға таман әлемдік сауданың, инвестицияның және ІЖӨ-нің жартысынан астамы Азияда шоғырланатын болады. Бұл үрдістерге өндірістік қуаттардың өсуі, ірі агломерациялардың құрылуы, урбанизация қарқынының артуы ерекше қолдау көрсететін болады. Мұндай сценарий өңірдің жаңадан өркендеу кезеңінің және «Азия ғасырының» басталғандығын паш етеді, деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті өңір экономикасын дағдарыстан кейін қалпына келтіру өте өзекті міндет болып отырғандығын атап өтті. Дамушы рыногы бар көптеген елдер үшін кедейшілікті төмендету, шағын және орта бизнес, жекеменшік секторды одан әрі дамыту үшін елеулі құрылымдық өзгерістер жасауға тура келеді. ***
Такехико Накао, Азия даму банкі президенті: Қазақстанды қолдауға қашанда дайынбыз Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші мәжілісі аясында сондай-ақ, Азия даму банкі президенті Такехико Накао арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Қазақстандықтармен қатар, шетел журналистері де қатысқан брифингте Такехико Накао Азия даму банкі мен Қазақстан ынтымақтастығына қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді. – Сіз Қазақстанның жаңа Жібек жолын құру туралы бастамасын қалай бағалайсыз? – Әрбір мемлекет өз деңгейінде, аймақтық деңгейде, өзінің жеке күн тәртібін бекітеді. Орташа мерзімді кезеңде аймақтық ынтымақтастықты және интеграцияны алға жылжытуды мақсат етіп отырмыз. Менің айтайын дегенім, Қазақстан және Қытай тарапынан болатын бастамалар, мысалы – «Жібек жолын ұйымдастыру», мұның барлығы құптарлық. Өйткені, бұл біздің банкіміздің мүше мемлекеттерінің күшін біріктіруге мүмкіндік береді. Біз аталған мемлекеттердің күшін біріктіру үшін Қытай мен Орталық Азия арасында өзара іс-қимылды қолдаймыз. Орталық Азияның мақсаты – Оңтүстік Азиямен бірігу. Біз бұл идеяны жүзеге асырамыз. Мен Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан аймақтарындағы интеграцияны айтып отырмын. Осының нәтижесінде біз Оңтүстік пен Азияның орталық бөлігін біріктіреміз. Орталық Азия елдерімен Қытай арасында Жібек жолын құру туралы идея айтылды. Біз елдердің өзара іс-қимылды жақсарту бойынша шараларын қолдаймыз. – Әлемде Еуроодақ бар, енді еуразиялық экономикалық аймақ пайда болмақ, ал транстынық мұхиты әріптестігі болуы да мүмкін. Сіздің ойыңызша мұндай бірлестіктер, елдердің экономикалық және саяси қарым-қатынасының дамуына жол ашуы мүмкін бе? – Интеграцияға қатысты бастамалар өте көп. Ол Кеден одағы, Еуропа одағы және басқалар. Мен аталған бастамалар бірігу жағынан да, өзара іс-әрекетті жақсарту жағынан да өте пайдалы деп білемін. Бұдан бұрын біз осындай идеяларды айтқан кезде аймақтық ынтымақтастықты мақсат ететінбіз. Қазірде ғаламдық ықпалдастыққа иек артуға болады. Яғни кейбір бірлестіктер мен одақтар керісінше, сауда бойынша дивергенттік ықпал етуі мүмкін. Одақ сауда қарым-қатынастарын орнатуға жол ашатыны белгілі. Сондықтан мен одақтар, бірлестіктер арқылы сауда мүмкіндіктерін ашу, сондай-ақ, осы идеялар негізінде алға жылжитын құрылымдық реформалардың маңыздылығын айрықша атап өткім келеді. – Кез келген даму институты жаңа елдермен әріптестіктен бастап, ынтымақтастықтың қатаң шарттарын қоятыны белгілі. Және сенімнің артуына байланысты қаржыландыру шарттары жеңілдей бастайды. Ал, АДБ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық шарттары 20 жыл ішінде қалай өзгерді? – Биыл біз Қазақстанмен өзара іс-қимылдың 20 жылдығын атап өтеміз. Біз Қазақстанға 3,5 млрд. доллар қарыз бердік және әлеуетті арттыру үшін техникалық көмек көрсеттік. Қазіргі уақытта Қазақстан жоғары деңгейдегі орта кірісі бар ел болғандықтан, біздің қаржыландыру мүмкіндіктеріміз 50 базалық баптарға өсті. Қазір пайыздық мөлшер осы уақытқа дейінгімен салыстырғанда ондай жоғары емес. Орташа мөлшер 9,5 пайыз деңгейінде. Ал, экономикаға келетін болсақ, Қазақстан бұл жерде керемет табыстарға жетті. Яғни, жан басына шаққанда 600 доллардан бірнеше мың долларға дейін өсті. Тамаша жетістік. Әрине, бұл көрсеткішке АДБ да ықпал етті, дегенмен, бұл сандар елдің даму қажеттілігіне де қатысты. Біз Қазақстанды алдағы уақытта да қолдауға дайынбыз.
P.S. Кеше Астанада өтіп жатқан АДБ Басқарушылар кеңесінің 47-ші жыл сайынғы отырысының барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Азия даму банкінің президенті Такехико Накао мен Премьер-Министр Кәрім Мәсімов еліміздің экономикасын одан әрі дамытуға қаржы құю туралы жаңа келісімге қол қойды. Келісім даму саласындағы серіктестікке жаңа серпін бермек.
Бұл жаңа келісім Қазақстан Республикасы мен АДБ арасындағы 20 жылдық нәтижелі ынтымақтастықтың негізінде жасалып, экономиканы диверсификациялауға, даму тұрақтылығы мен инклюзивтік өсімге бағытталып отыр, деді Азия даму банкінің басшысы қол қою рәсімінен кейін.
Ақпарат көзі: «Егемен Қазақстан».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді