Ағаны көріп іні өсер
Ол кезде Әбділда Аманкелді сегіз жылдық мектебінде оқып жүрген. Ағалары да, достары да кілең «сен тұр, мен атайын» деп мақтануға болатын азаматтар бүгінде. Негізі «Ауылына қарап, азаматын таны» деген рас сөз. Аманкелді ауылының атағы ылғи да азаматтарының атақ-даңқымен шығып жатады. Оның басында, әрине, өткен ғасырдың елуінші жылдары ат төбеліндей ауылдан шоқ жұлдыздай боп жарқырап шыққан 11 Социалистік Еңбек Ерінің есімдері тұрады. Айтайын дегенім, сол кезде Аманкелді ауылындағы Аманкелді атындағы сегіз жылдық мектеп – оқушылардың білім ұясы ғана емес, сонымен бірге мәдениет пен өнердің де ошағы болатын. Ауылдағы мәдени, әдеби тәрбиелік мәні бар іс-шаралардың бәрі мектеп сахнасынан бастау алатын. Бүгінде Қазақ ұлттық университетінің профессоры, белгілі филолог-ғалым Жанғара аға Дәдебаев, мысалы, сол кезде осы мектепте сабақ беретін. Сірә, Жамбыл педагогикалық училищесін жаңа бітіріп келген бозбала кезі-ау деймін. Кейін ғой Алматыға, үлкен оқу орнына аттанып кеткені. Міне, сол Жақаң ауылдағы тағы бір дарынды ағамыз Есалы Қырықбаев екеуі інілерін өнер мен білімге баулу үшін шығармашылық жұмыстардың да бел ортасында жүретін. Әлі есімде, бір жолы Есалы аға мектеп мұғалімдері мен оқушыларын ұйымдастырып «Құрманғазы» деген атпен дәулескер күйшінің талас-тартысқа түскен тағдыры жайлы спектакль қойды. Құрманғазыны Жанғара аға ойнаса, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әбділда оқушы болғанына қарамастан көпшілік рөлдердің біріне ие болды. Бұл мәдени жаңалық шағын ауыл үшін үлкен оқиғаға айналды. Тіпті, аудан басшылары да көпке дейін үлгі етіп, партия конференцияларында үлкен мінберлерден айтып жүрді. Міне, сондай қоғамдық белсенді өмір Әбділданың жазу, сызуға деген жолын ашты. Қазір ойлап отырсам, Әбділда бастаған біздің алдымыздағы мықтылар, тіпті спорттық жарыстардың да ұйытқысы болыпты. Олар мектептің спорт алаңында жүгіріп, секіріп, бел темірге тартылып, футбол, волейбол ойнап дегендей аудандық спартакиадаға дайындалып жатқанда, біз – төменгі сыныптың оқушылары «шіркін, біз қашан осы ағаларымыздай болар екенбіз» деп қызыға қарап тұрушы ек. Әбділда қағылез, шымыр жігіт болып өсті. Оның бұлай өсіп, жетілуіне атбегі атасы Сәрсенбінің тәрбиесі де әсер еткен шығар. Ал әкесі Төстікбай – өңірге белгілі шабандоз болатын. Сол ер көкеміздің ажалы да ұлы-жіңгір көкпар үстінде болды. Әбділданың жекпе-жекке келгенде қасқайып қарсы тұра қалатыны осы ата көргенінен болар. Бірақ Әбекең өсе келе бой қайратымен бірге ой қайраты жағынан да қатарларынан кем соқпайтынын танытып, Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Журналист мамандығы үшін Алматыдағы, ол кезде астанамыз ғой, білдей малдәрігерлік-зоотехникалық институтының зоотехниктер дайындайтын факультетін, яғни болашақта бас зоотехник немесе совхоз директоры деген қызмет сыйлайтын оқуын да «құрбандыққа» шалды. Институт пен университет арасындағы үзілісті де құр жібермей, аудандық мәдениет бөлімінде қызмет етіп, халық театры әртістерінің сапында өнер ұштады. Аты алашқа мәлім жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» және «Құдағи келіпті» деген комедияларында Бекен шал мен Шәріп шопырдың бейнесін шебер сомдағаны әлі есте. «Ағаны көріп іні өсер» деген, біз, бәлкім, Әбекеңнің өнерге, жазуға деген құштарлығына, сыпайы жүріс-тұрысына, үлкен-кішінің аман-есендігін сұрап тұратын кішіпейілділігіне, тіпті, сәнді киімдерді таңдап, талғап киетін сыпайылығына еліктеп өстік-ау деймін. Ал Әбділданың қатарлары, Есболған, Тайбектер Алматыдан келгенде ауыл көшелері мамыр мерекесі келгендей құлпырып кететін. Шаш қою «бақытына» сегізінші кластан кейін ғана ие болған біздерге олардың алматылық сән-салтанаты қол жетпестей арман болатын. Өзінен кейінгі жастарды «кіші» екен деп кемсітпейтін мінезі бізді Әбділдаға үйірсек етті. Кейін ол қатысқан мектеп жиындарына біз де бас сұғатын болдық. Сонда ол кішкентай балаларды айналсоқтап, әңгімеге тартып, жылы сөзімен демеп, «бұл жақсы оқиды» деген сияқты сөздерін аямайтын. Ол сөз, әрине, біразға дейін көңілімізді көтеріп тастайтын. Ағамыздан осындай жақсы сөзді тағы да естісек екен деп талаптанатынбыз.
Ағадан ақыл, атадан нақыл
Студент Әбділданың жазғы демалысқа келгенін көбіне аудандық газет арқылы білетінмін. Өйткені газетке «Ә. Сәрсенбиев, ҚазГУ-дің студенті» деп қол қойылған мақала шықса, оның жазғы демалысқа келіп, аудандық газетте өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенінің белгісі болатын. Ол кезде аудандық газет аптасына үш рет шығады. Сол үш рет шығатын газеттің бәрінде Әбділданың мақаласы жүреді. Біреуі очерк, біреуі репортаж, енді біреуі суреттеме. Қатты қызығамыз, біздің де Алматыға барып оқуға түсіп, біздің де осылайша мақала жазғымыз келіп кетеді. Бір күні Әбділда ауылға келді. Ауылда артезиан құдығы бар. Оның тәтті суын көрші ауылдардың тұрғындары, тіпті, аудан орталығындағы басшылар да арнайы алдырып ішетін. Кешкілік балалар соның басына жиналады. Су таситын машина бөшкесіне тәтті суды толтырып алып, ертемен малды ауылдағы ағайындарға аттану үшін қам-қарекет жасап жатады. Мәшиненің шопыры Жетпіс Аманов деген төртпақтау келген қарулы жігіт. Ол менің болашақ кейіпкерім. Бірақ ол менің мақалама арқау болғанынан бейхабар. Жаңа жазып жүрген ауыл тілшілері үшін мұндай жағдайлар кешірімді. Мен болсам су тасушы шопыр туралы жазған мақаламды Әбділдаға жасқана ұсынып, газетке басуға жарай ма, жоқ па, соны білгім келеді. Әбекең болса оқушы дәптеріндегі мақаланы өзі жазғандай қуанып, ауданға ала кетеді де, екі-үш күннен кейін жарқ еткізеді. Осы күні маған «Жазу өнеріндегі ұстазыңыз кім?» деген сұрақ жиі қойылып жатады. Мен оларға көбінесе «Ұстазым – кітап» деп жауап берем. Бірақ сол жауаптың тасасында Әбділда сияқы әз ағалар қалып қояды. Бүгін осы эссені жазып отырып журналист, жазушы болып өсу жолымда осындай ағаның болғанына разылығымды білдіргім келеді.
Аға еңбекпен көркем, бала біліммен көркем
Кейін бала кезден армандаған оқуыма мен де түстім. Бірақ «іштей» оқуға миым жетсе де, қаражатым жетпей қалды. Апамның жалғыз қара қасқа сиырының құны – 500 рубль (арғы-бергі жолдың, пәтердің және күнделікті тамағымның ақысы да соның ішінде) – ҚазГУ-дегі оқуға түсіретін ағалардың жұмырына жұқ болмады ма, әйтеуір конкурс деген «қамалдан» өте алмадым. Сосын сол бағаларыммен журналистика факультетінің сырттай оқытатын бөліміне түстім. Бұл кезде Әбділдә ағамыз журфактың үшінші ме, төртінші ме курсында оқиды. Белсенді студент. Ал мен оқуды жаңа бастағам. Қазақ тілі мен әдебиетіне, тарихына қатыстының бәрін оқып, бәріне үлгеріп жатырмын. Бірақ «фотодело» деген сабақ аяғымды шала берді. Оны оқытып, үйрететін оқытушымыз Ю. Редкиннің тілін түсінбегендіктен біліп тұрған нәрсемді айта алмай қиналамын. Әйтпесе, суретке түсіруді кім білмейді дейсіз. Сөйтіп қиналып жүргенімде Әбділдә көкем кездесіп қалды. Жағдай сұрады қашанғыдай елгезек, бауырмал әдетімен. Мен мәселенің неге тіреліп тұрғанын айтып едім, «Уайымдама, дүкенге барып, бір шөлмек арақ әкеле ғой» деді. Мен аға тапсырмасын асыра орындап, тіпті екі шөлмек «Экстра» алып келдім. Әбекең сол кезде моды боп кеткен кенеп дорбадағы «ащы суды» алды да, Редкинге тартты. Содан не керек, жанымды қинаған Редкин ағай келесі күні «зачет» деген бағасын ыржиып отырып қойды да берді. Кейін Әбекеңмен облыстық газетте бірге қызметтес болдым. Бас редакторымыз Арғынбай Бекбосын аға мықты журналистерді бағалай білетін білімді басшы. Бір күні бас редактор Әбекеңді шақырып алып, сөйлесіпті. Жеке шығармашылық жұмысының жоспарын сұрапты. Не жазғысы келіп жүргенін біліпті. Мұны кешкілік сыраханада тұрып естідік. «Тюльпан» сыраханасының үстеліндегі сап түзеген саптыаяқтардағы тобылғы торы сыраны сіміріп тұрып-ақ жұмыс барысын әңгімелеп, кішігірім «жиналыс» өткізіп жіберетін әдетіміз болатын. Арада көп уақыт өтпей облыстық газетте «Тасбауырлар» деген мақала жарқ ете қалды. Авторы – Әбділда Сәрсенбиев. Арғынбай ағаның бір ерекше қасиеті – жақсы мақаланың тақырыбын суретшіге салдырып, айшықтап беруге тапсырма беретін. Мақала мазмұны да ғажап, тіпті, тосын деуге болады. Ата-анасын қарттар үйіне өткізіп кеткен «жүгермектер» жайлы жазылған. Арғынбай аға мақаланы мақтап, Әбділданың мәртебесін көтеріп тастады. Бұл мақала кейін республикалық «Лениншіл жас» газетіне «Балаларым келер ме екен?» деген тақырыппен жарияланып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқырмандардың ойына арқау болып, үлкен пікірталас туғызды. Бірақ Әбекең мұнымен де тоқтамай, «Тоқсан сәби, тоқсан тағдыр» деген мақаласын бұрқ еткізді. Оның тақырыбы да сай-сүйекті сырқырататын тастанды балалар тағдыры туралы еді. Бұл да оқырмандар талқысына сеп болды. «Әбекең енді не жазар екен?» деп жүргенімізде «Көршіңізбен қалайсыз?» деген тағы бір мәселені көтеріп, таңғалдырды. Бас редакторымыз тағы да разы. Әбекең мұның бәрін өнеркәсіп бөлімінде қызмет етіп жүрсе де өзінің жеке шығармашылық жоспары ретінде жазды, ал «Қолда бардың қадірі болмағаны ма?» деген өзекті тақырыбына сол кездегі сала басшылары арнайы семинар-кеңес өткізген болатын. Ол кезде Химпром өндірістік бірлестігі мен Суперфосфат зауытынан мал азығындық фосфат өндірілетін. Сол сирек өнімді өз совхоздарымыз бен колхоздарымыз тұтынбайды екен де, айдаладағы шетел фермерлері таласа-тармаса сатып алады екен. Міне, қаламы қарымды журналист осы өзекті мәселені дер кезінде көтеріп, облыс басшыларының назарына ұсынды. Нәтижесі, әрине, жаман болған жоқ. Әбділда ағамыз жан-дүниесімен ғана емес, әріптестері арасында еңбегімен де көркем, еңбегімен де сыйлы еді. Айтайын дегенім, Әбекеңнің сол кезде-ақ көзі ауыратын. Ауруы асқына келе қара көзілдірік киетін болды. Бірақ көзінің ауырғанын пайдаланып газет кезекшілігінен қашпады. Қайта қос жанары шырақтай журналистерден қалыспай газет оқып, оқырманға қатесіз, сапалы өнім ұсынуға бір кісідей атсалысып жүрді. Бұл да Әбекеңнің азаматтығының, қайсар мінезінің бір қыры болатын. Бірақ тіктеп келген қатер дегенін жасамай қойсын ба, кейін көз ауруы күшейе түскен кезде Әбекеңнің жазу-сызуы мен оқуы аздау қызметке ауысуына тура келді. Облыстық тіл басқармасы, темір жол саласы дейсіз бе, әйтеуір, Әбекең қай жерде жүрсе де сол баяғы адал, ақ көңіл, майда мінезінен танған жоқ. Тіл жанашыры ретінде тоқсаныншы жылдары жер-су, ауыл-аймақ атауларының қазақшалануына да көп үлес қосты. Қазақстан темір жолының Жамбыл бөлімшесінің тарихын түгендеп, шежірешісіне айналды. Ол еңбектерін жеке кітап етіп бастырып шығарды. Бүгінде Әбекең бірнеше публицистикалық кітаптардың авторы. Темір – түбі тозар, адам – өмірден озар, ал сөз – қасиеті сөз өнері ұрпақтар игілігіне айналып артта қалар. Өйткені әуелі пайда болған сөз мәңгілік, өйткені кейінгі ұрпақ іздеген жоғын кітаптағы сөзден табады. Табады да мұны жазған кім болды екен деп мұқабасының сыртына қарайды. Ал онда Әбділда Сәрсенбиев деп жазулы тұрады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді