Зульфия тағы да топ жарды

Зульфия  тағы да топ жарды
ашық дереккөз
Зульфия тағы да топ жарды

Ресейдің Сочи қаласында өткен бүкіләлемдік IWAS ойындарында жамбылдық спортшы Зульфия Габидуллина жүзу спорты бойынша топ жарып, алтын жүлдені мойнына тақты. Ол ұлттық құрама ұзақ күткен алтын медальді 150 метрге комплекті жүзу әдісі бойынша иеленді. Нәтижесі 3,50 минут. Әлемнің алты дүркін рекордшысы, Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өткен паралимпиадалық ойын­дарының қатысушысы Зульфияның кезекті жеңісі Қазақстанның паралимпиадалық құрама­сының дайындықты шын­дап пысықтап жатқанын аңғарта түссе керек. Сочи төрінде аяқталған додада еркін стильдегі жүзу бойынша 400 метрлік қашықтықта топқа түсіп жатқан Наталья Звягинцева қола жүлдеге қол жеткізсе, ерлер арасындағы аламанда Михаил Еременко да үшінші орынға иелік етті. Бұдан бөлек жеңіл атлетика додасында бақ сынап жатқан үш бірдей қазақстандық спортшы да жүлдеге қол созды. Руфат Хабибуллин, Болат Бейбарыс, Виталий Марченко сынды өрендер ел үмітін ақтап, үздік үштіктің қатарынан көріне білді. Жалпы бұл додаға әлемнің 35 елінен 800-ден астам спортшы қатысып, бәсеке көркін қыздырды. Байрақты бәсекеге аттанған қазақ спортшылары мүмкіндігі шектеулі болса да, шеберліктері шексіз екендіктерін кезекті мәрте дәлелдей алды. Ал біз жамбылдық спортшы Зульфия Габидуллинадан келесі жылы өтетін паралимпиадалық ойындарда үлкен жеңістер күтеміз. Зулфия өз кезегінде биік белестерді бағындыру үшін талмай тер төгіп жүр...

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар