доха додасының дүбірі таяп келеді

62

Бокстан Катарда өтетін әлем чемпионатында 77 елдің
260 саңлақ боксшылары чемпиондық атаққа таласады

Бокстан Катар елінің Доха қаласында жалауы желбірейтін әлем біріншілігіне 77 елдің «сен тұр, мен атайын» боксшылары қатысып, өзара кім мықтыны айқындайды. Әлемдік додаға елімізден сегіз боксшы аттанатынын газетіміздің өткен санында жазған болатынбыз. Иә, енді қазақ жанкүйерлерінің назары Доха рингіне ауады. Көңілде күдік пен үміт арпалысы басталатын сәт те жақындап келеді. Бұған дейін бүкіләлемдік бокс сериясы және AIBA Pro boxing жобасы арқылы үш бірдей былғары қолғап шеберіміз Олимпиада жолдамасын қалтаға салған болса, енді санаулы күндерден кейін бірнеше саңлағымыз лицензия санын ұлғайтуды көздейді. 

77 елден 260 боксшы сынға түсетін байрақты бәсекеде Олимпиада жолдамасы қалай үлестіріледі? Бірден айта кетейік, 49, 52, 81 келі салмақ дәрежесіндегі оғландар тек финалға шыққан жағдайда ғана Олимпиада лицензиясына иелік етеді. Бұл жерде 49 келі салмақта Біржан Жақыптың лицензияны күні бұрын иеленгенін бәріміз білеміз. Ал 52 келідегі жерлесіміз Олжас Сәттібаев пен 81 келідегі үмітіміз Әділбек Ниязымбетов әлемдік сында жасындай жарқырарына сеніміміз мол. 91 келі және аса ауыр салмақтағы жігіттер Олимпиадаға барғысы келсе, әлем чемпионы атанулары тиіс. Дегенмен, 91 келідегі өреніміз Василий Левит Олимпиада жолдамасын бүкіләлемдік бокс сериясы арқылы қалтаға салғанын пайымдасақ, аса ауыр салмақтағы Иван Дычконың міндетті түрде топ жару қажеттігін түсінеміз. Сонымен қатар, 56, 60, 64, 69, 75 келі салмақ дәрежесіндегі жігіттер жартылай финалда жеңілген күннің өзінде жеңілістің кермек дәмін татқан екінші боксшымен жұдырықтасып, Рио Олимпиадасының лицензиясына таласады.
Жарыс кестесіне тоқталар болсақ, 6-9 қазан аралығында іріктеу кездесулері, 10 қазанда ширек финал, 11-12 қазанда жартылай финал айқастары өтеді. Финалдық жекпе-жектер 14-15 қазанға жоспарланған. Естеріңізге сала кетейік, әлем біріншілігінде бақ сынайтын 52 келі салмақ дәрежесіндегі жамбылдық боксшы Олжас Сәттібаевтың салмағында 25 боксшы топқа түседі. Сайыпқыран боксшыларымызға тек қана сәттілік тілейміз!

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Comments are closed.