- Advertisement -

Қазақтың алғашқы қажылары

380

- Advertisement -

ta+uapҚазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының жүргізген санағына сүйенсек, еліміздің аумағында 10,5 миллион мұсылман өмір сүреді әрі олар 25 ұлттың өкілдерінен тұрады. Бұл есепке ден қоя отырып, республикамыздың тұрғылықты халқының 75 пайыздан астамы ислам дінін ұстанатындар болып келетініне көзіміз жетеді. Осыны барлай келе, жер бетіндегі ең ықпалды діндердің бірінен саналатын исламдық дәстүрдің біздің елімізде де мықты негізі қаланғанын әрі бұл бағыттың барған сайын нығайып келе жатқанын байқаймыз.
Еліміз егемендік алғалы бұл тылсымның терең сырына үңіле бастағандар да қара көрсетті. Белгілі жазушы Қалмұқан Исабай «Қажыға барған қазақтар» деген кітап шығарды. Сол сияқты, зерттеуші-журналист Бейбіт Сапаралиннің тапқан деректері де біршама құнды мәліметтер береді. Енді осы аталған еңбектерге сүйене отырып, негізгі ойларымызды өрбітудің орайы келіп тұр.
Б.Сапаралиннің дәлелдеуі бойынша, ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбаевтың қажылық сапары 1874 жылы жүзеге асады. Жүріп өткен жолын ойша топшыласақ, Семейден шыққан керуен Ресейдің Челябинск қаласы арқылы Транссібір теміржолы бойымен Қара теңіз жағалауындағы портқа жетеді. Ол жерден кемеге отырып Бейрутқа, Шам (Дамаск) қаласына барады. Одан әрі Амманды басып өтіп, Мәдинаға жеткен сияқты. Зерттеушінің мәлімдеуінше, Құнанбай қажылыққа келуші қазақтарға арнап қонақ үй (тәкие) салуды ойластырады.
Осы арада көнекөз қарттар арқылы ескіден жеткен естелікке көңіл бөлейік. Құнанбайдың осы тарихи сапары кезінде мынадай оқиға болғанын дәлелдейтін деректер кездеседі: Меккеге дүниенің түкпір-түкпірінен жиналған мұсылмандар арасында адал еңбегімен ас-ауқатын айырып, аздаған сауда жасау әрекетімен ақы-пұл таба алатындай пысықтығы бар бір татар жігіті болады. Аспан айналып жерге түскендей Араб елінің аптап ыстығында шөлден қаталаған хақ жолындағы қандастарына сол жігіт күн сайын күншілік жерден екі құмыраны толтыра зәмзәм суын тасиды. Әрине, ақысын алады, «Судың да сұрауы барын» ескереді. Жүріс-тұрысы ширақ, өзі пысық, сөзі өткір жігіттің үлкен-кішіге өтімі де өте мықты болып шығады. Тіпті, қаланың әкіміне әдейі ізденіп жүріп, кезігеді. Там-тұмдап жинаған қаржысын төгіп, Меккеден арнайы қазақтар үшін жер телімін сатып алады. Ақылдаса келе, алынған жерді төртке бөліп, кілең бақуатты, бай-бағылан кісілердің еншісіне береді. Кіші жүзден Мырқыбай, орта жүзден Құнанбай, ұлы жүзден Қасымбек қажылар алған, ал жердің қалған бөлігі қырғыз манабы Шаданға тиеді…
Енді есімі өз уақытында дүйім елге танымал болған, ауыл-аймағына малды, бақуатты, жоқ-жітіктің қамқоры, қайыры мол азамат ретінде танылған Қасымбек қажы Бақтиярұлы жайлы қолда бар деректерден мәлімет берейік. Ол 1836 жылы Көкірек ауылында (Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында) дүниеге келген. 96 жасында 1932 жылы сол туған жерінде қайтыс болады. Бұл кезең «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген залым Голощекиннің билік құрған, айнала анталаған ашаршылық жылдары еді. Қажы атаның жаназасын шығарарда немересі Біргебай мен келіні Мағатай бір ешкіні зорға тауып сояды, бір пұт тарыға кебіндік ақ мата алып, арулап жерлейді. Дүние шіркін кімге опа берген, заманында бес мың жылқы бітіп, аймақтың ірі байы, қазақтан шыққан алғашқы қажылардың бірі болған Қасымбек Бақтиярұлы өмірден осылай өтеді.
Кеңестер дәуірі келгенде артына мал қалдырмаса да, бірнеше ұрпақ өсірген Қасымбек қажының қыстауы, мал-жаны су ішкен шеген құдығы әлі күнге дейін оның атын өшірмей, ел арасында ауызға алынып тұрады. Осы арада оның Сыздық деген баласы туралы арнайы тоқталып өткен артық болмас. Ол бүкіл оңтүстік өңіріне аты жайылған аса қадірлі кісі болыпты. Өнегесін айналасына өрістетіп, арнайы бәйге аттарын баптаған. Көптеген көкпаршылар мен жауырыны жер иіскемеген палуандар ұстаған. Ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптеп, қазақы ғұрыптың қасиетін сақтауға, қамқоршысы болуға күшін салған. Осындай ұлтжанды азамат ел ардақтыларының басына қара бұлт түсірген нәубат жылдары жалған жаламен ұсталып, 1931 жылы 3 ақпанда қазақтың Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты зиялы ұлдарымен қатар Алматының жанындағы Жаңалық атты мекенде атылып кеткен. Кейін, 1989 жылы 16 желтоқсанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Сыздық Қасымбекұлын ақтау туралы жарлық шығарды.
Ал Қасымбектің өз кіндігінен тараған 5 ұл, 2 қызынан өсіп-өнген үрім-бұтағы бүгінде бір қауым елге айналды. Бәрі де заманға лайықты ер жетіп, оқыған-тоқыған азаматтар атанды. Соның бірі – қажы атаның бесінші ұрпағы саналатын Нұргүл Құлтайқызы қазір облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасында жауапты қызметте.
Негізінде Қасымбек қария Меккеге екі рет барған екен. Екінші жолы сапар шеккенде қасында болған әкесінің інісі Бердиярдың баласы Бименде Араб жұртында қайтыс болады, шаһид жолымен өмірден озады. Одан өрбіген ұрпақтар да ел ішінде өмір сүріп жатыр.
Қасымбек қажы бүкіл өмірін Мойынқұм ауданының қазіргі Биназар ауылында өткізген. Ұрпақтары да осы жерде тұрып жатыр. Осы ауылдың орталығында үлкен мешіт үйі бой көтерген. Қасымбек мешіті аталатын қасиетті үйді қажы атаның тікелей шөпшегі Лиза Мешітбайқызы салдырды.
Екі әке мен төрт шешенің ортасында өскен Лиза жасынан науқасшаң болып бойжетті. Денсаулығының төмендігіне қарамастан мектепті, арнайы медициналық оқу орнын бітірді. Өзі туған ауылда еңбек етті, ерге шықты. Бірнеше ұл-қыз тәрбиеледі.
Жастайынан діни жолға мықтап ден қойған Лизаның бойында көріпкелдік, емшілік қасиеттер ертеден бары айнала төңірегіне белгілі еді. Табиғат дарытқан қабілетті дәрігер қыз көпке дейін жасырын ұстады. Қоғамның қолдауына ие болмайтынын білді. Бірақ, бойға біткен ерекше талантты бәрібір жауып қоя алмады. Түрлі ауруларды емдеді, көріпкелдіктің қыр-сырына үңілді. Үзбей іздену, тазалыққа, жақсылыққа құлшыныс Лизаны ақыры ел-жұртқа белгілі емші, алдағы өмірді болжағанда айтқаны айнымай келетін көріпкел дәрежесіне жеткізді.
Ғажап қасиеттерін ел мойындаған Лиза кейінірек Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан мемлекет наградасын алды. Мәскеудегі психолог-дәрігерлердің халықаралық орталығының шешімімен «Дүниежүзілік дәрежедегі емші» деген сертификат және «Нострадамус атындағы» алтын медальмен марапатталды. Медицина мен діннің ілімін қатар игере жүріп, өзінде бар қасиеттерін отандастарына, тіпті, шетелден келетін ауру-сырқаулы кісілерге дарытып отырған Лиза Мешітбайқызы да ата жолымен Мекке мен Мәдинаға барып, қажы атанды. Осы сапардан кейін оған үлкен ой түсіп, ақыры Қасымбек атасы атындағы зәулім мешіт, оған қоса медресе соқтырып берді. Жыл сайын Қадір түнін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Қасымбек кажының үрім-бұтағы осы мешітте өткізуді әдетке айналдырып келеді.
Осы материалды дайындау барысында Қасымбек қажының шөбере келіні Ырза Тайлақбайқызы Иманбекованың көмегіне көп сүйендік. Көкірегі ояу, көзі ашық жан жас кезінен үлкен кісілерден, әсіресе, өзінің енесінен естіген есті әңгімелерді қағазға түсіріп, үзбей жинастырып жүреді екен. Қазақтың қыздар педагогикалық институтын тәмамдаған Ырза 37 жыл бойы Көктерек ауылындағы орта мектепте жас жеткіншектерге география пәнінен сабақ беріп келген. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озық қызметкері». Қазір зейнеткер, Алматы қаласында тұрады.

Дүйсенбек АЙБЕКОВ,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support