- Advertisement -

«Рахманов ағай» феномені

651

- Advertisement -

белгілі фильмдегі ұстаз бен өмірдегі мұғалімнің арасын не бөліп тұр?

post-3636-0-10724700-1295045563_thumbӘр мектептің «Қожасы» мен «Сұлтандары» бар

Соңғы жылдары мұғалімдер күні жақындағанда «Менің атым – Қожа» фильмі туралы ойланатын әдет тауыппын. Мектептегі ұстаздарымды Рахманов ағаймен салыстырып, өз ойыммен әлек боламын.
«Менің атым – Қожа» фильмін сүйіп тамашаламайтын адам кемде-кем шығар. Кезінде өз бойымыздан тентек Қожаның бейнесіне ұқсастық іздедік бәріміз де. Кинодағы ұстаздарды мектептегі мұғалімдерімізбен салыстырдық та талай мәрте. Шынын айтсақ, балалық шағымызда ұстаз бейнесі біздің санамызға осы фильмдегі Рахманов ағайдың болмыс-бітімі арқылы мықтап енген еді. Бұзық Қожаның өзі оны аса қадірлейді. Көрермен санасында Рахманов тұлғасын биіктете түскен де осы жағдай. Бәрінен бұрын сол ағайдың Сұлтанның теріс жолға түсіп кеткеніне өзін кінәлі санап: «Ұстаз деген оқушының жұлдызын жаға білуі керек. Мен Сұлтанның жұлдызын жаға алмадым» дегені біздің мұғалімге деген құрметімізді ұлғайта түскен… Бірақ, ұстаздың бәрі Рахманов емес екенін кейін түсіндік.
Ауыл мектептерінің де өз «Қожасы» мен «Сұлтаны» бар. Әсіресе, сабақ оқуда «жұлдызы» жанбаған «Сұлтандары» көп. Бүгінде солардың басым көпшілігі – үлкен бір шаруа қожалықтың тізгінін ұстаған басшы, істің көзін тапқан кәсіпкер. Ара-тұра өздері оқыған білім ошағына барып, мектепішілік шараларға демеушілік жасап тұрады. Кезінде «Әй, сен адам болмайсың» деп саусағын безеген мұғалімдерге «біз өзіміз оқымадық, енді балаларымызды дұрыстап оқытыңыздар» дейтін шығар.
Тоғыздан кейін мектепті тастап, сабаққа келмей қойған бір сыныптасым бірде маған: «Он бір жыл оқығанда озғандарың қайсы, тоғызды бітірсем де, шетелдік автокөлік мініп жүрмін» деді қалжыңмен қағытып. Әзілдесе де, сөзінің астарында зіл жатқандай көрінді. Бірақ, ол сабақты тастап, мектептен кеткенде кинодағы Рахманов ағай секілді ешкім «Бұл менің қателігім» деген жоқ еді.

Ұстазым сенің арқаң…

«Апақ-сапақ кешкі уақыт. «Сәбит жоқ, үй-іші іздеп таппай жатыр» деген хабарды естіп, жүрегім зуылдап қоя бермесі бар ма. Үйірсектеген жаман ойдан арылғым келіп «ойпырым-ай, қайда кетті екен» деп қоямын. Жаңа ғана мектепте сыныптастарымен бірге жүрген. Әлде, ҰБТ-дан төмен балл жинағанына намыстанып… Ары қарай ойлағым келмеді.
Сәбитті туыстары ауыл сыртындағы бейіт басынан тауыпты. Бірер ай бұрын ғана жақсы көретін інісі қайтыс болған. Соның топырағы кеппеген жас моласын құшақтап, егіліп жылап жатыр екен. Кім білсін, іштегі шерін соған тарқатқаны шығар.
Мектеп бітіру кешінде де көңілсіз жүрді. Сәбит сабақта озат болды. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын, үнемі күліп, жарқылдап жүретін. Ән айтады, мерекелік кештердің жүрізушісі де сол, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Сонысына қарай мектеп директорынан бастап, пән мұғалімдеріне дейін оны жақсы көретін. Бірақ, тестке келгенде одан гөрі әке-шешісінің қалтасы қалың оқушыға ретін тауып, көмек беруді жөн санаған. Ал Сәбит үлгерімі нашар сыныптасы жүзден жоғары балл жинап, өзі одан төмен нәтиже көрсеткеніне қынжылып жүрді. Енді ше, осылай қолдау көрсетілгендер әр аудан, әр өңірде бар. Ертең солар мемлекеттік гранттың иегері атанады. Ал мұның әке-шешесінің оқудың ақысын төлеп оқытуға шамасы жете қояр ма екен?!»
Бұл әңгімені ауылдағы бір әпкем айтып берген. Содан бері де біраз жыл өтті. Біраз жайт та өзгерді. Қазір сол Сәбитті ара-тұра көріп қалам. Теледидардан. Республикалық телеарналардың бірінде журналист болып жұмыс істейді. Ауылға бір барғанында сол баяғы мектеп директорына сәлем беріп, «сіздер берген білімнің арқасында осындай дәрежеге жеттік» деп рахметін айтып кетіпті… Міне, азамат!

Озаттардан озып тұр

Тестілеуден төмен балл алғандар көрсеткіші үшін әлі ұялып жүр. Қайтсін енді, үйден шықса, алдынан «ҰБТ-дан қанша балл алдың?» деген сауал қоса шығады. Ал «қолдаудың» арқасында жүзден аса балл жинағандар шын мәнінде, қабілетті, білімді жастарға мұрнын шүйіріп қарайтын болған. Өйткені, олар озаттардан да озып тұр ғой.
«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген. Биыл тестілеу өткізуде талап қанша жерден қатал болды десек те, амалын тапқандар, айласын асырыпты. Аты-жөнін атамауды өтінген бір ата-ана осыны айтты. Биылғы ҰБТ-да он үш мыңдай түлек шекті деңгейге жете алмады. Бірақ, бұл солардың бәрі өмірден өз орнын таба алмайды деген сөз емес қой. Оларды да өз жолы, өз бақыты күтіп тұр алда. Тек, әйтеуір, өзінің неге бейімі бар, қай мамандықты таңдаса, үдеден шығып, жұмыс істей алатынын ойлау керек.

Түйін: Рахманов ағай жайлы бекер сөз қозғаған жоқпыз. Ондай ұстаз көркем фильмде ғана емес, өмірде де болған. Шәкіртінің сүрінгенін сөз қылмай, «бұл менің қателігім» деп қарайтын мұғалімдер қазір де жүрген шығар ортамызда. Жазушы Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлардағы» Жақыпбегі секілді педагогтардың да бары анық. Бірақ, біз оларды шыншылдығы үшін, алдымен ар-намысты ойлайтыны үшін санатқа қоспайтын болғанбыз. Одан гөрі қандай қиянға салса да, «жолын» табатын мамандарға құрметпен қарайды көбісі. Қазір солардың дәурені жүріп тұр. Әрине, бұл келеңсіздіктердің бәрі мұғалімнің кесірінен болып жатыр деген сөз емес. Бала тәрбиесіне алдымен ата-ана жауапты. Ұстаздың да ықпалы көп. Достарының да. Абайша айтсақ, бір адам жаман болса, оған замандасының бәрі кінәлі.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support