Лаки Кесоглу өнер көрсетті

Лаки Кесоглу  өнер көрсетті
ашық дереккөз
Лаки Кесоглу өнер көрсетті

Тараз қалалық Мәдениет үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «20 жыл бір отбасы бірлігі» атты грек этносының республикалық мәдени күндері өтті. Іс-шара аясында қолданбалы қолөнері жәрмеңкесі мен мерекелік концерт ұйымдастырылды. – Этномәдени бірлестік өкілдері өз ұлтының салт-дәстүрін сақтап, дамытуға үлес қосуы керек. Бұл өзге де этникалық топтарға әсер етеді деп ойлаймын. Себебі, әр халықтың өзіндік салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы бар. Біз оған құрметпен қарауға тиіспіз. Мемлекет саясатында осыған басымдық берілген», – деді облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов іс-шараның ашылу салтанатында. Мәдени күндер аясында ұйымдастырылған концертте Қазақстанның халық әртісі Лаки Кесоглу сөз сөйлеп, әннен шашу шашты. Сонымен қатар, концерттік бағдарламада республикамыздың бірнеше облысынан келген грек вокалды би ұжымы, Алматы облысының «Македония» ансамблі, Алматы қаласынан келген Ольга Кефалиди мен аккордионшы Евгений Чумати, Теміртау қаласының «Аннексий» би ансамблі, Тараз қаласының әншісі Яннис Кайсиди, қаратаулық Константин Попандопуло өнер көрсетті. Өзге де этномәдени бірлестік өкілдері әртүрлі тілде ән салып, ұлттық билерін биледі. Шара соңында Е.Манжуов В.Капасакалис пен П.Попандопулоға облыс әкімінің Құрмет грамотасын тапсырып, өзге де белсенділерді алғыс хаттармен марапаттады. «Гректер ұлтаралық бірліктің нығаюы және әр халық арасындағы достық қарым-қатынастың сақталуы үшін ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Біз осындай бейбіт елде тұрып жатқанымызға шүкірлік етеміз. Қазақстан – бәріміздің ортақ Отанымыз», – дейді «Филия» Қазақ-грек қоғамы ассоцациясының президенті П. Федориди.

Кенжебай Өмірбеков, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің БАҚ-пен жұмыс менеджері.

Ұқсас жаңалықтар