- Advertisement -

қаһарлы қыс келіп, қапы қалып жүрмеңіз!

104

- Advertisement -

облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қапы қалмау үшін жұмысты  ширатуды тапсырды

Тұрғындар жайы назардан түспесін

«Күн райының күрт өзгеруінен алдағы қыстың қандай боларын болжауға болады. Сондықтан, қысқа дайындықты ширата түсу керек. Тұрғындар қыстан қысылмай шығатындай жағдай жасау – біздің міндетіміз. Әлеуметтік нысандардың отын-сумен қамтамасыз етілуі ғана емес, қарапайым жұртшылықтың жайын да назарда ұстауға тиіспіз. Тұрғындар қатты отынды қайдан алады, бағасы қандай? Тасымалдаушылар көпшілік сұранысын өтей алады ма? Осы мәселелерді де қадағалап отыруымыз керек», –деді аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев қысқа дайындық жұмыстарының барысы қаралған әкімдік мәжілісінде.
Облыс әкімінің сөзінің жаны бар. Желпінетін жаз емес, ауылдағы қараша үйлер мен қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер қоңыр салқын тартқан. Сарыала күз қамшы салдырмаған жүйріктей саржеліп өте шығады. Күздің аумалы-төкпелі мінезі шаруаға қысқа қамдану керектігін ұқтырғандай. Ауа райын болжайтын есепшілердің «Қоңыр күз тез өтсе, қатал қысты күтіңіз» деген сөзін естен шығармаған жұртшылықтың күйбеңі бұл күні көбейе түскен. Өйткені қыс қамсыздықты кешірмейді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаевтың мәлімдеуінше, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала нысандары 98 пайыз қысқа дайын екен. Жалпы, биыл нысандарды қысқа дайындауға бюджеттен 10 миллиард 216 миллион теңге бөлініпті.

Облыс бойынша 389 қазандықтың 386-сы, 334,3 шақырым жылу жүйелерінің 326,4 шақырымы, 263,5 шақырым газбен қамту желілері 100 пайыз, 2735,15 шақырым электр энергия желілерінің 2724,05 шақырымы, су және кәріз желілерінің 92,2 пайызы жаңғыртылып, тиісті жұмыстар жүргізілген. Дегенмен, Тараз қаласындағы магистралдық жылу жүйелерінің 70 пайызға жуығының тозығы жеткені, аудандарда иесіз қалған электр желілерінің жайы және тұтынылған электр энергиясы мен табиғи газға дебиторлық қарыздардың өсуі секілді шешімін таппай тұрған мәселелер де бар көрінеді. 

Басқарма басшысы әбден ескірген иесіз электр желілері қысқы-күзгі жылыту маусымдарында апатты жағдайлар туғызуы мүмкін екенін айтады. Ал электр энергиясы үшін дебиторлық берешек сомасы 545 миллион теңгеге жетіпті. Тұтынылған табиғи газға деген қарыздың көлемі тұрғындар мен мекемелердің берешек сомасын қосқанда 783 миллион теңгені құрайды екен.

Шулықтар табиғи газдың тиімділігін түсінбей жүр ме?

Ерік Әубәкірұлы облыстағы газ құбырының ұзындығы 3981 шақырымды құрайтынын айтады. Оның 363 шақырымы – жоғары қысымды, 1190 шақырымы – орта қысымды, 2428 шақырымы – төменгі қысымды. Жыл соңына дейін әлі 6 елді мекенді газдандыру жоспарлануда. Бұл жоспар орындалса, өңіріміздегі газбен қамтылған елді мекендер саны 148-ді құрайды екен.
Көңіл қуантарлық-ақ көрсеткіш. Егер елді мекендерді газдандыру жұмысы осы қарқынмен жүрсе, облыстағы 379 ауылды толықтай табиғи газбен қамтамасыз ететін күн де алыс болмас еді. «Газдандырылған елді мекендер саны – 148 деген мәлімет қайдан шығып отыр. Бұл есепке сүйенсек, аудан орталықтарынан шалғай жатқан ауылдар да газдандырылған болып шықпай ма? Бір ғана Шу ауданын алайық. 4,2 миллиард теңге қаражат бөліп, Қордай ауданындағы газ магистралінен құбыр тартып, ауданға жеткіздік. Енді соны ары қарай тұрғын үйлерге тарту жұмысы жүрмей отыр. Сонда біз сонша қаржыны желге шашқанымыз ба?! Неге көпшілікке түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді. Аудан тұрғындарына табиғи газдың тиімділігін айту керек қой. Қатты отын, тамызық сатып алғаннан гөрі, үйіне газ кіргізіп алудың отбасылық бюджетті үнемдейтінін неге түсіндірмейсіздер?» – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев.
Аймақ басшысы құрғақ сан, қағаз жүзіндегі есепті өңір жағдайына қарай жүргізу керектігін қатаң ескертті. Мына қарқынмен облыстағы елді мекендерді газдандыру мәселесі 2030 жылға дейін шешімін таппайтынын айтты. Жұмыс жүйелі жүруі үшін нақты жоспар жасауды тапсырды. «Бір ғана мысал келтірейін, соңғы жылдарда өңірімізде 30-40 жылда салынбаған емдеу мекемелері бой көтерді. Ана мен бала денсаулығын сақтау мәселесіне келгенде, негізгі түйткілдер шешімін тапты. Қалалық және облыстық балалар ауруханасын салдық. Облыстық перинаталдық орталық таяу күндерде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қан орталығы, қалалық аурухана, аудандарда емхана, медпункттер салынуда. Осы жұмыстардың барлығын бас-аяғы 3-4 жылдың ішінде жүзеге асырдық. Газдандыру мәселесіне де осындай қарқын керек», – деді Кәрім Нәсбекұлы.
Елді мекендерді газдандыру – әлеуметтік мәні бар мәселе. Бұл бір жағынан тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізсе, екінші жағынан үнемді. Облыс әкімі Талас ауданынан Байзақ ауданына Амангелді газ құбыры өтетінін, жол бойындағы мектептердің газдандырылмағанын тілге тиек етті. Ешкім осыны айтып, мәселе көтеріп, ұсыныс жасап жатпағанына қынжылыс білдірді. «Осындай жиында атқарылған жұмыстардың есебін ғана баяндамай, алдағы мәселелерді де жоспарлап, талқыға салуымыз керек», – деді аймақ басшысы.
Әкімдік мәжілісінде Жамбыл ГРЭС пен ЖЭС-тің басшыларынан қысқа дайындық мәселелері бойынша есептері тыңдалды. Облыс әкімі Жамбыл ГРЭС-інде қазіргі кезде қанша блок жұмыс істеп тұрғанын, қысқы мерзімде 5 блоктык жүйеге көшкенде жұмысшы күші қарастырылған-қарастырылмағанын, мазут қоры қанша екенін сұрады. Мекеме басшысының мәлімдеуінше, ГРЭС қазір екі блоктық жүйеде жұмыс істеп тұр екен. Қыста 5 блокты іске қосуға дайын. Бір блок күрделі жөндеуге қойылыпты, 3 мың тонна мазут қоры бар көрінеді. Кәрім Нәсбекұлы қатты аязда 3 мың тонна мазуттың үш күнге ғана жететінін, қазір баға қолжетімді кезде қорды толықтыру қажет екенін ескертті. Облыс әкімі Сарысу, Талас аудандары мен Тараз қаласының әкімдерінің қысқа дайындық жұмыстарының барысы туралы сұрады.
Әні-міне дегенше, жылу беру маусымы да таяп қалды. Бірақ, Жаңатас және Тараз қалаларында әлі де бірнеше көпқабатты тұрғын үй қысқа толық дайын емес екен. «Жаңатаста 83 көпқабатты тұрғын үйдің 81-і дайын. Екеуінде дайындық жұмыстары қазан айында аяқталады», – дейді Сарысу ауданының әкімі Бейбітбек Жайлыбаев. Ал Таразда 33 көпқабатты тұрғын үйде жөндеу жұмыстары әлі жүргізілуде.

 

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support