«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Намаз оқы және құрбан шал

Намаз оқы және құрбан шал
ашық дереккөз
Намаз оқы және құрбан шал
[caption id="attachment_27344" align="alignnone" width="300"]Данияр Жұмабаев, ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілі,  облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы: Данияр Жұмабаев, ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілі,
облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы:[/caption]

– Данияр Әлимұхамедұлы, қасиетті Құрбан айт мерекесі құтты болсын! – Көпшіліктің арасында ниеті болғанмен, құрбан шалудың тәртібін білмей шатасатындар бар. Ниеттенген кісі Құранда көрсетілгендей құрбан шалу үшін қандай амал жасауы қажет? – Бисмиллаһир рохманир рохим (Алланың атымен бастаймын)! Әр діни мерекенің өз ерекшелігі, өз қуанышы бар. Биылғы Құрбан айтпен барша мұсылман қауымды құттықтаймын. Алла әр шаңыраққа береке, нәсіп, несібесін молынан төге берсін. Ал енді Құрбан шалу жағдайына келетін болсақ, Ханафи мазхабында Құрбан айтта шамасы келгендерге құрбандық шалу уәжіп, амал саналады. Алла тағала Құранда «Кәусар» сүресінде «Намаз оқы және құрбан шал» деп әмір етіп, құрбандық шалудың уәжіп екенін білдірген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Кімде-кім шамасы жетіп құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жоламасын!» деп бұйырған. Ал Құрбандық шалудың шарттары мен амалына тоқталсам, алдымен құрбандық шалатын кісінің мұсылман болуы шарт. Екіншісі, Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы.Үшіншісі, отбасына қажетті негізгі қаражаттан бөлек несібеге ие болу. Ол нысап мөлшері 85 грамм алтын немесе құны осыншама алтынға бағаланатындай теңге. Құрбандық малын шалудың уақыты айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Құрбан айт намазына бара алмай қалған кісі айт намазы басталатын уақыттан бір намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбандық малын шала берсе болады. Құрбандық шаларда міндетті түрде, қандай мақсатпен шалып жатқаныңды айтып, ниет ету керек. «Кімде-кім айт намазынан бұрын Құрбан шалса, қайтадан шалсын» деп, Пайғамбарымыз хадисінде намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа саналмайтынын ескерткен. Малды ғибадат мақсатымен де, тек етін жеу үшін де союға болатындықтан, осы жерде ниетті анықтап алу керек. Құрбандыққа шалынатын қой және ешкі бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы шарт. 6-7 айлық марқа қозы құрбандыққа жарай береді. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Жабайы аңдар, қаз, үйрек, тауық секілді құстар құрбандыққа сойылмайды. – Құрбандыққа шалынған малды қалай үлестірген абзал? – Құранның «Хаж» сүресінде «Құрбанның етін өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» делінеді. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шалған құрбан етін таратқаны турасында Ибн Аббас «Пайғамбарымыз шалған құрбандығының үштен бірін отбасына, үштен бірін кедей көршілерге беріп, өзге үштен бірін садақа ретінде тарататын» деп риуаят етеді. Құрбандық малының етін, терісін, сирағын, басын, сүтін сату – мәкруһ. Малдың аталған бөлшектерін кедейлерге садақаға берген сауап іс. Құрбандық шаларда пышақтың жақсылап қайралғаны, адамдар малды сойылатын жерге қинамай жеткізгені абзал. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздың «Малды жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын да, тезірек бауыздап, малды рахатына қауыштырсын» деген хадисі бар. Құрбандық малы құбылаға қаратып жатқызылып, «Инна салатиуанусукиуамахианауамәмәтилилләһи Раббил-а аламин алә шәрикаләһ» (Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадатым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы – Аллаһ үшін. Оның серігі жоқ») деген «Әнғам» сүресінің 162-аяты оқылады. Одан кейін «Аллаһу әкбар, лә иләһә иллаллаһу, уа Аллаһу акбар, Аллаһу әкбар уалилліһил-хамд» деп тәкбір айтылып, «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздалады. – Құрбан айт намазы туралы түсіндіріп өтсеңіз... – Құрбан айт 24 қыркүйекте, яғни бүгін басталады. Құрбан айт намазы облысымыздың барлық мешіттерінде сағат 7.00-де оқылады. Жамағаттар мешітке 6.30 кезінде барып, мешіттен орын алып, имамдардың тағылымды сөздерін тыңдауға асыққандары жөн. Айт намазынан кейін біздің облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде «Құрбан айт құтты болсын!» атты діни мерекелік іс-шара өтеді. Онда арқан тарту, кір тасын көтеру, асық ату, қол күресі секілді ұлттық спорт ойындары қамтылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады. Сонымен, бірге дүйім жамағатқа мерекелік дастархан жайылады. Қала маңындағы ауылдарға баратын кейбір автобус бағыттарын бір күн бойы тегін жүргізу, жолаушыларды тегін тасу ұйымдастырылады. Сондай-ақ, биыл 250-300 адамға орталық мешітте құрбандық еттері үлестіріледі. – Арапа күнінің ерекшелігі қандай? – Арапа айттың алдындағы күн. Жылына екі айт келетіндіктен, Құрбан айттың алдындағы күнді ғана «Арапа» деп атайды. Себебі, дәл осы күні үлкен қажылық сапарында жүрген барлық қажылар Арафат жазығында қатар тұрып, 6-7 сағат бойы Алладан дұға тілейді. Жан жүрегімен айтылса, қажылар тілегінің ең қабыл болатын сәті осы. Дәл осы сәтте мұсылман елдерінде құрбан айтқа дайындық жүріп жатуы тиіс. Қажылар Арафатта Алладан тілек тілеген, дұға еткен осы күні ауыз бекітудің сауабы өте үлкен. Шын ниетпен ұсталған бұл күнгі ораза үшін Алла тағаланың екі жылғы күнәларыңды кешіремін деген уәдесі бар. Шын ниетпен ұсталса. Пайғамбарымыздың «Қажылық дегеніміз – Арафат» деген хадисі бар. Сондықтан, барлық қажыларымыздың кеше Арафат жазығында тілеген тілектерін қабыл етсін. Меккеге аттанған барша жерлестеріміздің қажылығы қабыл болсын демекпін. Құрбан айт құтты болсын, оқыған айт намаздарыңызды Алла қабыл етсін. Шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын! Әр шаңыраққа Алла ізгіліктің нұрын төге берсін, аумин, Аллаһу әкбар! Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар