- Advertisement -

қорамыз малға, қамбамыз астыққа толы

137

- Advertisement -

бәсекеге қабілетті  өнімге жол ашық

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардағы жаппай жекешелендірудің салдарынан талай іргелі шаруашылықтар талан-таражға түсіп, тарап кеткен еді. Қайсыбір ұжымшарлардың қыруар техникасы, МТС-тегі станоктарына дейін пай үлесіне таратылып, тіпті, гараждың ғимаратын бұзып есік, терезесі, шатырының ағашы, кірпіштеріне дейін бөліске түскен-ді. Сол кезде біз сондай талапайдан ұжымшардың дүниесін түгел сақтап қалдық. Қазір соның игілігін көріп отырмыз. Серіктестіктің машина-трактор паркінің ауласында сонау кеңестік кезеңдегі трактор, комбайн, шөп шапқыш, соқа-саймандар әлі де бар. Қиын күндерде де басқалар сияқты жұртқа үлестіріп, болмаса Қытайға асырып жібермей, сары майдай сақтаған техниканы қажетінше іске пайдаланып келеміз. Тракторға, комбайндарға әлдебір тетік қажет бола қалса, механизаторларымыз ешқайда шапқылап жатпастан керегін осы арадан табады. Токарьлық, слесарлық, дәнекерлеу, электрлік және аккумулятор цехтары бұрынғыша жұмыс істеп тұр.
Осыған қарап, бұл шаруашылықты ескіден айырылмай келе жатыр екен деп ойлау қате. Біздің серіктестік өңірде алғашқылардың бірі болып жерді жыртпай тұқым себетін нөлдік технологияны енгізген агроқұрылым саналады. Бұл үшін шаруашылық өз қаражаты есебінен 12 миллион теңгеге әмбебап тұқым сепкіш «Кузбасс» агрегатын сатып алды. Одан кейін де «Полессе», «Есіл» комбайндарын алып, техниканы жаңаладық. Бүгінде тамшылатып суару технологиясымен жеміс және сәндік ағаштар бағын өсіріп отырмыз.
Мұны айтып отырған себебім, «Бір жаманның артында екі жақсы бар» демекші, қандай күрделі жағдайда да әліптің артын бағып сауатты әрекет ету керек. Теңгенің еркін айналымға жіберілуінен азық-түлік тауарлары қымбаттайды деп қорқудың реті жоқ. Қайта бұл біз сияқты астық, ет, сүт, көкөніс өндіруші ауыл кәсіпкерлері үшін өте қолайлы ахуал туғызып отыр. Биылдың өзінде еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы, Қырғызстанмен арадағы кедендік бақылаудың алынғаны, жалпы экономикалық мәні зор, елеулі оқиғалардың қай-қайсысы да отандық тауар өндірушілердің мүддесіне сай дер едім.
Бір ғана астықты алсақ, Қазақстанның қатты бидайы әлемдік нарықта жоғары бағаланатыны белгілі. Енді жаңа теңге-несие саясатының арқасында қазақ бидайының және одан жасалатын өнімдердің құны қандай нарықта да тиімді бағаға саудаланатын болады. Астықпен қатар, елімізде өндірілетін ет, сүт, бау-бақша өнімдерінің сапасын арттыра отырып, экспортқа шығару мүмкіндіктері кеңейді.
Біз биыл 1100 гектар күздік бидай мен осынша аумақтағы алқапқа сепкен арпадан гектарына жиырма центнерден жоғары өнім алдық. Қамбамыз астыққа толды. Енді жарнасына қарай жұртқа пай үлестерін береміз. Бидайды өз диірменімізде тартып, өз наубайханамызда нан өнімдерін пісіріп, тұтынушыларға ұсынамыз. Қажетіне қарай шекара асырып, саудалау да ойымызда бар. Бүгінгі аумалы-төкпелі ахуал өтпелі кезең деп санаймын. Әлі-ақ бәрі қалпына келеді. Бұдан да ауыр күндерді бастан өткердік емес пе?! Дағдарыстардан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында қиналмай өттік. Бұл жолы да солай болары анық.

Серік Ермеков,
«Сұлутөр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support