Шоң жәрмеңке, оң көзқарас

Шоң жәрмеңке,  оң көзқарас
ашық дереккөз
Шоң жәрмеңке, оң көзқарас
«Атакент-Тараздағы» қазақ-қырғыз сауда-саттығы ойдағыдай өтті Алыстан қарағанға «Атакент-Тараз» сауда орталығының кіреберісіндегі аумағы атшаптырым жерге шағын ауыл қоныстанғандай көрінеді екен. Төр жағына қарай ақшаңқан киіз үйлер тігілген. Күйтабақтан күмбірлете күй төгіліп тұр. Ұлттық киім киген биші қыздарды көзіміз шалып қалды... Ал сауда орындары жақтағы қарбалас ертеңгі сағат ондардың өзінде көбейе түскен. Осы бір көрініске сырттай қарап тұрып, «ертеректегі Қарқаралы баурайындағы Қоянды жәрмеңкесі осындай-ақ болған шығар» дестік іштей. Әрине, бұл салыстырмалы теңеу ғана. Әйтпесе, жәрмеңке өткен жердің аумағы да, саудаланған тауарлардың жалпы салмағы да оған жетпейді. Дегенмен, облыс орталығында тұңғыш рет халықаралық ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылғанына, сонау бір кезеңде үзіліп қалған игі дәстүр қайта жаңғырғандай болғанына қуандық. Біз атақты Қоянды жәрмеңкесін бекерге сөз қылып отырғанымыз жоқ. Қарқаралыға арысы Үндістан, берісі Қытай, Ресей, Батыс сібір өлкелерінен саудагерлер келіп, сауда-саттық жасағаны тарихтан мәлім. Ал «Атакент-Тараз» жәрмеңкесіне көрші Қырғыз республикасының 7 облысының тауар өндірушілерімен қатар, Сыр өңірі мен Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері келді. Саудаланған өнім – ауыл шаруашылығы тауарлары. – Қырғыз елінің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуына байланысты екі мемлекет арасындағы кедендік бақылаулар алынғаны мәлім. Осыған орай туысқан екі ел арасындағы сауда-саттық байланысы арта түсті. Жамбыл өңірі мен қырғыз елінің арасындағы тауар айналымы өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда жеті айда 7 пайызға өсіп, 136 миллион доллардан астам қаржыны құрады. Жалпы, Қырғыз Республикасының ішкі тауар айналымдағы үлесі 55,4 пайыз. Қырғыз елімен шекаралас аймақтар одақ аясында жасасқан келісімдерге сәйкес қарым-қатынасымызды одан әрі нығайта түсетін болады. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған бүгінгі жәрмеңке – біздің әріптестік байланысымыздың жемісі, – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жәрмеңкенің ашылу салтанатында. Жалпы, Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуына байланысты екі ел арасындағы кедендік бақылаулар алынып, облысымыз Қырғыз Үкіметімен бірқатар мәселелер бойынша келісімдер жасасқаны белгілі. Жәрмеңке көршілер арасындағы меморандумға сәйкес өткізілді. Онда жалпы, 200 тоннадан астам ауыл шаруашылығы тауарлары саудаланды. Жәрмеңкеде картопқа деген сұраныс көп болды. Қабы 1700-1800 теңгеден саудаланды. Облыстық жәрмеңкемен салыстырғанда көкөністер мен бақша өнімдерінің бағасында алшақтық жоқ. Бұның сырын Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы және мелиорация министрі Таалайбек Айдаралиев баспасөз конференциясында былай деп түсіндірді: – Нарық заңдылығын білесіздер, тауар бағасын белгілі бір орган белгілемейді. Біздің ішкі нарықта да солай. Бірақ, біз келісімдерге сәйкес ортадағы баға алшақтығы туындамауы үшін тауарларды делдалдардың араласуынсыз тікелей тұтынушыға жеткізуге тырыстық. Алдымен, біз Жамбыл өңіріндегі ішкі нарықтың жағдайын бақылау жасадық. Содан кейін тауар өндірушілерге Тараздағы бағадан 15-20 пайыз төмен бағамен саудалауды ұсындық. Олар келісімін берді. Жаңа көрдіңіздер, Жалал-Абад облысынан келген диқандар өнімдерінің сатылып кеткенін айтуда. Бұл экологиялық таза, сапалы өнімге деген сұраныстың жоғары болатынын көрсетеді. Бізде бау-бақша өнімдерін ұзағырақ сақтауға мүмкіндік бар. Сондықтан, қараша-желтоқсан айларына дейін тараздық тұтынушыларға ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізіп беруге мүмкіндігіміз бар. Баспасөз жиынында Қырғыз Республикасымен Жамбыл өңірі арасындағы сауда-саттық мәселелері талқыланды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қант өндірісі көлемін көбейте түсу әрі импортқа деген тәуелділікті азайту үшін қырғыз тауар өндірушілеріне қант қызылшасы алқаптарын ұлғайтып, өнімді Бішкек жақтағы Қант кентіне тасымалдамай-ақ, Тараз, Меркідегі қант зауытына өткізу туралы ұсыныс жасады. Талас облысының губернаторы да ауыл шаруашылығын әртараптандыру үшін қант қызылшасын өсіру тиімді екенін айтты.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар