«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жуалының картобы

Жуалының  картобы
ашық дереккөз
Жуалының картобы

Бұрынғы даңқын жаңғыртпақ

Кеңестік кезеңде Жуалының дәмі тіл үйіретін ақ картобының атағы елімізге кеңінен белгілі болатын. Жуалылықтар оны қайта жаңғыртуға күш салуда. Ауданда жыл сайын алқап көлемі ұлғайып, картоп өсіруге бет түзеген шаруашылықтардың қатары артуда. Солардың қатарында «Зылиха», «Жаңаталап» шаруа қожалықтары және «Ақсамат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Биыл бағалы түйнек аудан көлемінде 2150 гектарға егілді. Қазірге дейін оның 1540 гектар егістігінің өнімі жиналды. Орташа өнім гектарына 220-250 центнерден айналуда. Ал агротехникалық шараларын мұқият жүргізген шаруашылықтарда өнімділік жоғары. Мәселен, «Медет» және «Жаңаталап» шаруа қожалықтары әр гектардан 250-290 центнерден өнім жинауда. Ауданда өнімділігі мен егіс көлемі бойынша «Зылиха» шаруа қожалығы алдыңғы орында. Биыл қожалық 150 гектарға картоп егіп, жақсы өнімге қол жеткізді. Мұнда техниканың барлығы жаңартылған. 1500 тонналық қоймаға тұқымдық картоп жиналуда. Тұқымы жақсы алқаптың өнімі де жоғары. Шаруашылық көктемде Қарағанды облысынан 380 тонна «Лотона» мен «Невский» тұқымын әкеліп екті. Қазір сол алқаптардан 300-350 центнерден өнім жинауда. Аудан диқандары азық-түлік бағасын тұрақтандыруға өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда картоп өсірушілер өз өнімдерін Тараз, Алматы және Астана қалаларында ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкелерге шығарып, өнімдерін 42-45 теңгеден саудалауда. Аудан орталығындағы орталық базарда да картоп бағасының тұрақтылығы сақталып отыр. Өткен аптада Тараз қаласында өткен жәрмеңкеге 15-20 тонна картоп шығарылып, арзан бағамен сатылды. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рахымғазы Куниязов ауданда жиын-терін жұмыстары қазан айының ортасында аяқталады деп отыр.

Мейірбек Мәтенов, журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар