«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өткеніміз өнегеге толы

Өткеніміз өнегеге толы
ашық дереккөз
Өткеніміз өнегеге толы

Мұны ТарМПИ оқытушылары мен  студенттерінің қойылымы дәлелдей түсті

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай іс-шаралар легі Тараз  қаласында толассыз жалғасуда. Жылдың басты мерекесіне арналған ауқымды шараның бірін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы  ұйымдастырды. Қазақтың ұлттық киімдерін киген оқытушылар мен студенттер институттың бас ғимаратының алдына жиналды. Бұл жиынға облыс әкімінің орынбасары  Ерқанат Манжуов арнайы  қатысты.

Тарихқа тағзым ретінде ұйымдастырылған шарада ТарМПИ-дың ректоры Дария Қожамжарова сөз сөйлеп, аз күннен соң Таразда өтетін тарихи тоймен көпшілікті құттықтады. Сондай-ақ, ол Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына тамшыдай үлес қосуға ұмтылған өзі басқаратын оқу орнының оқытушылары мен студенттеріне алғысын білдірді. Студент Сәбит Мұхамедияровтың орындауындағы Махамбеттің толғауы жиналғандарға асқақ рух сыйлады. 

Бұдан соң ер қанаты атқа мініп, қазақ хандары мен батырларының тұлғасын сомдаған студенттер бастаған топ Төле би көшесімен (бас ғимарат пен филология факультетінің ғимараты орналасқан аралыққа дейін) шеру жасап жүріп өтті. ТарМПИ-дың №1 оқу ғимаратының алаңында оқытушылар мен студенттердің қатысуымен «Тарихқа тағзым» атты Ұлы дала өркениетінен театрландырылған көрініс қойылды. Қойылымның сценариін облыстық драма театрдың труппа меңгерушісі Сәнтөре Пірман мен аталған институттың шығармашылық дамыту орталығының басшысы Мырзабек Ешмаханов жазыпты. Көрініс Тұмар-ананың ұрпақтарына тілеген тілегімен басталды. «Еліңді қорамсақтан садақ тартып қорға! Даланы сақта! Бір-біріңді сақта! Ұлы дала ұрпаққа аманат! Ел мен жер аманат! Бәрі өтеді, елдік пен ерлік қалады» деген Тұмар-ана аманатына бүгінгі ұрпақтардың көңілі толқып, жүрегі тебіренді. Майқы би, Кетбұға, Асан қайғының тектілігі де көрініске арқау болды. Әсіресе, Керей мен Жәнібек хандардың Есенбұғадан жер сұрап, Қазақ хандығын құруға талпынған тұсын студенттер шынайы бейнелей білді. Өз дәуірінде барша қазаққа жанашыр болған Абылай ханның асқақ болмысы да қойылым барысында көпшілік назарына ұсынылды. Одан бөлек «Біржан мен Сараның» айтысынан үзінді қойылып, қазақтың қазыналы айтыс өнеріне де көпшілік куә болды. Абай Құнанбаевтың даналығы, қалың елі қазағына «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген өсиеті бүгінгі ұрпақтардың да жүрегіне жетіп, толқытты. Ұлы Отан соғысынан көрсетілген көріністер де шынайылығымен баурады. Бауыржандай батырдың үні де рухты жаныды. Бір сөзбен айтқанда, қойылым қазақтың кешегісі мен бүгінгі күнін толық қамтыды. «Көк тудың желбірегені» әні жүрекке жетіп, асқақ сезімге бөледі. Терең тарихтан сыр тартқан қойылым Тәуелсіз елдің жасампаз бейнесін де көз алдымызға келтірді. Кешегі алапат айқас, шайқастардың нәтижесінде бүгінгі бақытты күннің келгенін әр жүрек сезініп, түйсінді. Бұл жерде кәсіби әртіс жоқ. Бірақ, әр рөлге жауаптылардың көңілінде отаншылдық, патриоттық сезім бар. Қойылымның өн бойынан асқақ рух, айбын байқалып тұрды. Достық, татулық лебі де есті. Мұны қойылым соңында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Қаржаубай Бекболатов айтып өтті. Қойылым соңында Дария Пернешқызы шараға атсалысқан барлық оқытушылар мен студенттерге алғысын білдірді.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар