Атан жілік, апайтөс алыптар

Атан жілік,  апайтөс алыптар
ашық дереккөз
Атан жілік, апайтөс алыптар

«Еуразия барысы» турниріне қатысатын кейбір командалардың құрамы анықталды

Ағымдағы жылдың қазан айының тоғызыншы жұлдызында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай қазақ күресінен үшінші мәрте халықаралық «Еуразия барысы» турнирі өткізіледі. Бұған дейін екі мәрте ұйымдастырылған мегажобаға биыл да кіл мықты командалар қатысып, бәсеке көркін қыздырады. Екі мәрте 5 салмақ дәрежесі бойынша «сен тұр, мен атайынды» анықтаған командалар биыл 7 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Ағымдағы жылғы доданың басты ерекшелігі де осы. Атан жілік, апайтөс алыптар енді 55, 66, 74, 82, 100 және 100 келіден жоғары салмақтарда өз өнерлерін көрсетеді деп күтілуде. Қазақ күресін әлемге танытатын аламанға қатысуға ниетті кейбір командалардың құрамы анықталып та қойды. Айталық, бұған дейін екі мәрте ақтық сынға шығып, бір рет топ жарған Моңғолия командасының сапында 55 келіде Сумия Батгал, 66 келіде Хэрлэн Ганболд, 74 келіде Ганбаатар Одбаяр, 82 келіде Монхбат Дагвадорж, 90 келіде Ган Тувшинжаргал, 100 келіде Бунддорж Жанчивдорж, аса ауыр салмақта 130 келілік Алтангерел Даваням топқа түспек. Сонымен қатар, Ресей, Түркия, Польша командаларының құрамы белгілі болды. Сегіз мемлекеттің серкелері арасында өтетін айтулы аламанның бас демеушісі «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ болса, ресми демеуші «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ екенін айта кетейік. Халықаралық деңгейде өтетін доданың жалпы жүлде қоры 18 800 000 теңгені құрайды. Жеңімпаз атанған командаларға келесі реттегідей ақшалай сыйақылар табысталады:1-орын – 9 400 000 теңге, 2-орын – 5 640 000 теңге 3-орын – 3 760 000 теңге деп белгіленді. Билет бағасы 500-5000 теңге аралығында. Билетті Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайының кассасынан сатып алуға болады. Естеріңізге сала кетейік, бұл турнирдің түйе балуандар сынында жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев ел намысын қорғайды.

 Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар