Жамбыл ауданының Ақбастау ауылдық округінің аумағындағы Жұмасейіт Нұрбаев жетекшілік ететін «Байелі болыс» шаруа қожалығы егін және мал шаруашылығымен айналысады.
Агроқұрылым қарамағында 400 гектар жер бар. Оның бір бөлігінде пияз, картоп және бау-бақша өнімдері өсіріледі. Он бес гектар көп жылдық шөбі бар. Одан жыл сайын иелігіндегі мың бас жылқыға 400 тоннаға жуық сабақты мал азығын әзірлейді. Мұнда етті және сүтті көп беруімен ерекшеленетін асыл тұқымды қазақтың «жабы» жылқысы өсіріледі. Олар ыстыққа, суыққа төзімді. Қыстай өз аяғымен жайылып шығады. Басқа тұқымдарға қарағанда етті көп береді. Қожалық бұрын жыл сайын 150 бас жылқы семіртіп, оларды сойып, сауда нүктелеріне 50 тонна ет жөнелтетін. Бұған қоса бие сауып, қымыз өндірумен шұғылданады. Биыл 22 тонна шипалы сусын өндіріп, өткерген. Шаруа жуырда заманауи үлгідегі, қол жұмыстары автоматтандырылған 50 бас жылқыны семіртуге арналған бордақылау алаңын іске қосты. Мұның өзі оларға малды жыл-он екі ай үздіксіз семіртуге мүмкіндік береді. Бордақылау алаңында бір айдан астам уақыт бағылатын әр жылқыға жоңышқа, табиғи шөппен қоса 8 килограмнан жем беріледі. Олар семірген кезде 350-380 килограмға дейін салмақ тартады. Алаңда жылына 250-ге дейін жылқы бордақыланады. Мұның өзі жылына 100 тонна ет өндіруге мүмкіндік береді. Сапасы жоғары, бағасы қолжетімді қожалық өніміне нарықта сұраныс жоғары.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».
Суретте: жаңа мал бордақылау алаңы.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді