«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бейнелеу өнерінің бегімі

Бейнелеу өнерінің бегімі
ашық дереккөз
Бейнелеу өнерінің бегімі

Толғанай Бидешованың бояулары

Бүгінде халық арасындағы таланттылардың бір парасы ауылды жерлерде өмір сүріп жатыр десек қателеспейміз. Олар облыс орталығынан шалғайдағы елді мекендерде күн кешіп жатқаннан соң өздерін танытуға мүмкіндіктері де аз. Сондай дарынды жандардың бірі Т.Рысқұлов ауданы Құмарық ауылының тұрғыны Толғанай Бидешова екенін көпшілік біле бермейді.

Анадан зерек туған Толғанай кішкентайынан бейнелеу өнерінің қыр-сырына қанығып өседі. Содан ба мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршін кезінен сурет сабағына деген ынтасы өзгелерден оқ бойы озық еді. Сол шақта-ақ қолына қалам алып, балаң қиялынан туындаған бейнелерді қағаз бетінде шиырлап өзінің қабілетін байқата білген. Қарымын шыңдап, осынау ғажайып өнерге біржолата бет бұра бастайды. Алайда, өмір өзен кім-кімді болмасын өз арнасымен ағызып әкетуге бейіл ғой. Толғанай да тағдыр соқпағынан сырт қалмады. Бала күнінен армандаған суретшілік өнер жолына қанша талпынғанымен, оның жолы басқа бағытқа бұрылды. Қазір ол ауылындағы Болтай Батыр атындағы мектепте мейірбике қызметін атқарады. Оқушылардың дендерінің саулықтарына жауапты мейірбике екі ұл, бір қыздың анасы. Отбасы-ошақ қасының қым-қуыт тіршілігімен, жұмыстың ауыр жауапкершілігімен аласұрып жүретін Толғанайдың суретшілік өнерден біршама алшақтап кеткені де жасырын емес. Десек те талант тасада тұншығып жатпайтыны сияқты, ол қолы қалт еткенде қылқаламын жанына серік етіп, ақ қағазға сырын ақтаруды әдетіне айналдырып үлгерген. Күндіз-түні кірпік қақпай, шығармашылықпен айналысуға уақыты болмаса да бос кезін тиімді пайдалануды жөн деп білетін ол ауылда жатып-ақ әдемі суреттер салып жүр. Бейнелеу өнеріне деген бейімділігі оның әрбір картинасынан да қылаң беріп тұрады. Мұны біз Толғанайдың қолымызға тиген бірнеше шығармасынан аңғара алдық. Оның картиналарынан аңқып тұрған қазақилықтың жұпарымен кең тыныстап, бояу арқылы берілген ұлттық болмысымыздың парығын пайымдай аласыз. Толғанай кәсіби суретші болмаса да табиғи таланты оны бұл өнермен өзектес етіп тұрады. Содан да шығар, ол да қиялымен түрлі бейнелерді келістіріп, ол дүниелерін қағаз бетіне түсіру үшін үнемі ізденіс үстінде жүреді. Сондай ізденістің нәтижелі жемісі деп оның «Қазақ аруы», «Дала көрінісі», «Бойжеткен» секілді шығармаларын атар едік. Міне, осындай әдемі шығармаларымен көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген құмарықтық әуесқой суретшінің өнері шынайылығымен ерекшеленеді.Толғанайдың тек бояу арқылы ғана емес түрлі-түсті моншақтармен де кестелі сурет тоқуға машықтанғаны да көңілге қуаныш сыйлайды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар