- Advertisement -

Щеткин шатасты, «Астана» ұтылды

65

- Advertisement -

Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңінің алғашқы кездесуінде «Астана» Лиссабонда «Бенфикаға» жол берді

Қазақ жанкүйерлері асыға тосқан футболдан Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңі де басталды. «С» тобында бақ сынайтын елордалық «Астана» футбол клубы алғашқы тур аясында Португалияға қонаққа барып, ел астанасы Лиссабонда орналасқан «Эштадиу да Луш» стадионында жергілікті «Бенфикаға» 0:2 есебімен есе жіберді.
Төреші ысқырығы естіле салысымен топтық кезеңнің дебютантын қыспаққа алуға ұмтылған алаң иелері қос қаптал арқылы шабуылдарын өрістетті. Айып алаңының сыртынан соққы да бағыттап көрді. Алайда Ненад Эрич өз қақпасын қатаң бақылауда ұстап, алғашқы кезеңде сенімді ойнай білді. Ойынның бірінші жартысында Николас Гайтан мен Костас Митроглу қарқынды шабуылдар ұйымдастырғанымен, соншалықты қауіпті сәттер ұйымдастырды деп айта алмаймыз. Қайта екінші кезең басталған кезде Жуниор Кабананганың орнына алаңға шыққан Алексей Щеткин матчтың 47-минутында қауіпті соққы жасады. «Бенфиканың» айып алаңында еркін ойқастап, әуедегі допты ырқына көндіріп, қос бірдей қорғаушының арасынан жалт бұрылып үлгерген Щеткиннің соққысы апандай қақпаға емес, алақандай бағанаға тимегенде, «Астана» футбол клубы топтық кезеңдегі алғашқы голын тойлар еді. Өкінішті…
«Астана» футболшылары бұдан кейін де шабуылдар ұйымдастырып көрді. Алайда дәл Щеткиндегідей мүмкіндік болған жоқ. Дәл осы Алексей Щеткин бірер маусым бұрын «Тараз» футбол клубында ойнағанын да айта кеткен жөн. Мұнан соң фаворит статусына ие «Бенфика» ойыншылары қарқындарын үдетті. Олардың жылдам шабуылдарына «Астана» ойыншылары үлгере алмады. Алдымен кездесудің 51-минутында жасыл алаңда жасындай жарқыраған Николас Гайтан қорғаушылардың арасынан лезде сытылып шықты да допты сол аяғымен Эрич қорғаған қақпаның сол жақ бұрышына шегедей қадады. Есеп 1:0 болған соң біздің футболшылар одан бетер сасқалақтай түсті. Нәтижесінде матчтың 62-минутында алаң иелері сапынан Костас Митроглу мергендігімен танылып, есепті еселеді. Бұл жерде Костас Митроглу пас қабылдау сәтінде ойыннан тыс қалғанын төрешілер байқамады. «С» тобындағы екінші ойында «Атлетико» сырт алаңда «Галатасарайды» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Бірдей есеппен жеңіске жеткен «Атлетико» мен «Бенфика» топ тізгінін қолға алса, «Астана» мен «Галатасарай» командалары 3-4-орындарға орналасты. Енді «Астана» екінші тур аясында «Астана-Арена» стадионында «Галатасарайды» 30 қыркүйек күні қабылдайды.

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support