«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ТЕҢГЕНІҢ ЕРКІН БАҒАМЫ ШАРУАҒА ДА ТИІМДІ

ТЕҢГЕНІҢ ЕРКІН БАҒАМЫ ШАРУАҒА ДА ТИІМДІ
ашық дереккөз
ТЕҢГЕНІҢ ЕРКІН БАҒАМЫ ШАРУАҒА ДА ТИІМДІ

кәсіпкерлер отандық ет және сүт өнімдеріне деген сұраныс артатынына сенімді

Елбасы ұдайы еліміздің агроөнеркәсіп кешенін өркендетуді сол арқылы сала мамандарына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірілген өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру керектігін айтып келеді. Бұл мәселеге бес халықтық реформаның 61-қадамында да ерекше көңіл бөлінді. 2016 жылы еттің экспорттық көлемін 60 000 тоннаға жеткізу туралы нақты міндеттеме де қойып отыр. Бірер айдан кейін біз күткен жыл да келеді. Ал тапсырма орындала ма?

Ет экспорты көлемін еселеу үшін ірі қара өсірушілердің қатарын көбейту керек. «Бизнестің жол картасы – 2020», «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» және «Ырыс» мемлекеттік бағдарламаларын қабылдаудағы негізгі мақсат осы. Шаруаларды ынталандыру әрі өз кәсіптерін кеңейтуге мүмкіндік беру. Бұл мүмкіндікті кім қалай пайдалануда? Ол өнім көлемін арттыруға қаншалықты серпін берді? Алдымен осы сауалдарға жауап іздеп көрейік. Облыста «2011-2015 жылдарға арналған ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыру аясында бордақылау алаңдарын салу, репродукторлық және фермерлік шаруашылықтарды құру бағытында біршама жұмыстар атқарылып келеді. Ал өңірде репродуктор-шаруашылықтар құрумен, оның ішінде шетелдік селекциядағы асыл тұқымды ірі қара малдарын әкелуде Қордай ауданының агроқұрылымдары алда тұр деуге де болады. Мәселен, 2012 жылы ауданның үш шаруашылығы 816 етті «Герефорд», «Ангус» және «Лимузин» асыл тұқымды сиырларын әкелсе, бір жылдан кейін олардың санын 221-ге, былтыр 222-ге көбейтті. Сөйтіп, үш жылда шетелдерден жалпы сомасы 906,8 миллион теңгеге әкелінген асыл тұқымды мүйізді ірі қараның саны 1259-ды құрады. Бүгінде бұзаулаған сиырларды төлімен қоса есептегенде 3282-ге жетіп, екі еседен аса артып отыр. Репродуктор-шаруашылықтардың саны да көбейе түсті. Байқап қарасаңыз, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған елдерден асыл тұқымды малды әкеліп жерсіндіруге қордайлықтар 2012 жылдан бастап кіріскен. Сол жылы Ирландиядан «Қақпатас-Қордай» ЖШС (төрағасы Д. Қошалиев) – 289, «Әли» шаруа қожалығы (Б. Наурызбаев) – 81, ал Канададан «Байнұр» шаруа қожалығы (А. Әшімова) 408 ірі қара әкелген. Әр тұқымынан құнажындар және екі-үш бұқасымен қоса сатып алды. Бұл шаруаға репродукторлар негізінен шаруашылықтардың өз қаражаты есебінен жалпы сомасы 629,8 миллион теңге қаржы жұмсады. Кейін малдың санына қарай тиісті субсидиясын алды. Сол жылы «Қақпатас-Қордай» ЖШС-на 41 миллион 160 мың теңге, «Әли» шаруа қожалығына 12 миллион теңге, «Байнұр» шаруа қожалығына 89 миллион 452 мың теңге субсидия төленді. Бүгінде ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын 18 агроқұрылым бар. Олар төрт түліктің ішінде түйеден басқасын таңдап өсіруде. Мәселен, «Байнұр» шаруа қожалығы жоғарыда айтқан канадалық «Ангустан» бұрын «Алатау» сүтті-етті сиырлар және «Еділбай» тұқымды қойлар өсіруді қолға алған. Ал «Медет» шаруа қожалығы қоймен қоса қазақтың «жабы» тұқымды жылқысын да өсіріп, бағуда. «Жабы» жоғары өнімділігімен (жүз аналықтан 95-97 құлын) және сүттілігімен (сауын маусымында 2000-2300 литр қымыз) ерекшеленеді. Жылқының етті тұқымы саналады. «Бөрілі» шаруа қожалығы қойдың «Еділбай», «Аружан» шаруа қожалығы қазақы қылшық жүнді тұқымын көбейтуде. Асыл тұқымды шаруашылықтардың ішінде «Қақпатас-Қордай» серіктестігі «Алатау» етті-сүтті сиыр тұқымын өсірумен айналысады. Аудандағы сонау кеңестік кезеңнен бері сүт өндірісін тоқтатпай, сол арқылы өнім өндіріп отырған бірден-бір ірі шаруашылық та осы. Ондағы барлық мың жарымдай ірі қараның 500-ге жуығы сиыр (үш жүзден астамы ұдайы сауында), 150-і – бордақыда тұрған өгізшелер. Серіктестіктің малшылары ирландиялық «Ангусты» өңірде бірінші болып жерсіндіріп, қазір оның «мінезіне» бой үйретіп, артықшылықтарына көз жеткізе бастады. «Ангустар» ерекше күйді қажет етпейді, жемшөп талғамайды, кез-келген жерде жайыла да береді. Төлдері ірі болады әрі тез өсіп жетіледі. Бұзаулаған сиырлар жазғы жайылымға төлімен бірге жіберілді. Өзге буаз малдар орталықтағы базда бөлек күтімге қойылады. Тек, сүттің өзінен қыруар пайда көріп отырған серіктестік сауынды сиырлар санын 600 басқа дейін арттыру үшін былтырдан бері ферма баздарын кеңейтіп, қайта жарақтандыру жұмыстарын жүргізуде. Швейцариялық технологиямен еуростандарт үлгісінде жұмыс істейтін жаңа базда малға азық тарату, қораны тазарту, сүт сауу тәрізді жұмыстың бәрі автоматтандырылатын болады. Сиырлар алаңға байлаусыз жіберіледі. Азық жейтін жері бөлек, жататын орны бөлек, асты құрғақ болады. Қораларға пластикалық терезелер қойылып, баздың ішіндегі температура желдету арқылы автоматты түрде реттеліп отырады. Құрылыс жұмыстары құрал-жабдықтарымен қоса есептегенде 2 миллион долларды құрайтын жаңа жоба осы күзде іске қосылмақ. Сүт пен етті көп өндіріп, нарыққа шығаруды көздейтін серіктестіктің басшысы Дүйсехан Қошалиев Қырғызстанмен арадағы кедендік бақылаудың алынуы және теңгенің еркін айналымға жіберілуі отандық кәсіпкерлер үшін тиімді екенін айтады. Ауданда асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың бірі – «Медет» шаруа қожалығы да (төрағасы Кенжебай Тілеубердиев) 1500 басқа арналған ірі қара бордақылау кешенін 3000 басқа кеңейту жұмыстарын жүргізіпті. Өз қаражаты есебінен 400 миллион теңгеге салынған кешеннің үсті қабырғалары қалың, едені бетондалған, үсті шатырланған. Баздағы жұмыс жайымен биылғы жазда облысқа келген іссапары кезінде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков арнайы барып танысқан болатын. Жалпы шаруа қожалықта мыңға тарта ірі қара болса, 400 бұқа бордақыда тұр. Өткен жылы шаруашылық 612 тонна ет өндіріп, сатқан. Енді бордақылау алаңының кеңейтілуімен етке дайындалатын мал саны еселеп артады деп күтілуде. Шетелден мал алып өсіруде Канадамен «құдандалы» болған «Байнұр» шаруа қожалығында алғашқы әкелінген 408 «Ангустың» барлығы бұзаулапты. Сөйтіп өз төлімен екі есеге жуық көбейген сиыр бүгінде Аңырақай даласының қатал табиғатына да бейімделіп қалған. Алға ауылдық округіндегі «Әли» шаруа қожалығында да шетелден сатып алынған «Лимузиндер» бұзаулап жатқан көрінеді. Сондай-ақ, шаруа қожалық ірі қараның отандық «Сементал» тұқымын көбейту мақсатында Қостанай облысынан он бұқа мен отыз тана әкеліпті. Шаруалар шетелдік селекциядағы асыл тұқымды малды әкелуге жұмсалған қыруар қаржының қайтарымы болатынына сенеді. Олардың қазір жаппай бұзаулап жатқанын айттық. Ұрғашы бұзаулар мал басын көбейтуге қойылады да, өгізшелер семіртіліп етке өткізілуде. Жан-жақты жүргізілген малдәрігерлік тексерулер әкелінген малдың індеттен аман екенін көрсетіп отыр. Ауданда өткізілген егінжай күні семинар-кеңестерінде облыстың барлық аудандарынан келген агроқұрылым басшылары мен мамандарына шетелден әкелінген мал көрмесі тегін көрсетілген жоқ-ты. Семіргенде әрқайсысы 600-750 килограмм салмаққа дейін тартатын ірі қара тұқымы кімді болса да қызықтырғандай. Сондықтан да жыл өткен сайын асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысушылар саны өсе түскен. Мәселен, былтыр «Афион-Қордай» ЖШС Канададан 414 етті «Герефорд» және «Ангус» тұқымды ірі қара cатып алды. Оған шаруашылықтың өз қаражатынан 329,7 миллион теңге жұмсалды. Кейіннен оның әр басына 118 мың теңгеден мемлекеттен субсидия төленді. Сондай-ақ, «Әли» шаруа қожалығы да Канададан 340 ірі қара әкелді. Олардың да жұмсаған қаражаттарының орны субсидиямен жабылды. Ет бағытындағы ірі қара малының экспорттық потенциалын «Сыбаға» бағдарламасы есебінен арттыруға ден қоюшылар қатары да жылдан-жылға артып келеді. Егер бағдарлама іске қосылған 2011 жылы ауданның он бір шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкері жалпы сомасы 75,5 миллион теңгеге 685 асыл тұқымды мал сатып алған болса, бір жылдан кейін сегіз шаруа қожалық 102 миллион теңгеге 710 ірі қара сатып алды. Сөйтіп, екі жылда ауданда «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 178,0 миллион теңгеге 1395 бас мүйізді ірі қара сатып алынды. Бүгінде олардың қатарына «Дәурен–ай» шаруа қожалығы қосылып отыр. Бұған дейін де мал семіртіп сатуда тәжірибесі мол Жайық Манасбаевтың басқаруындағы ұжым «Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан жеті пайыздық өсіммен үш жылға 30 миллион теңге несие алып, 1000 басқа арналған бордақылау кешенінің инвестициялық жобасын іске асырды. 2012 жылы Павлодар облысынан 130 қазақтың ақ бас сиыры мен «Сементал» асыл тұқымды ірі қара құнажынын сатып алды. Бүгінде олар бұзаулап көбейіп, ірі қара саны 300-ден асты. Биыл Қостанай облысындағы «Әулиекөл» шаруашылығынан жүз бас сиыр сатып алыпты. Бордақылау кешенінде семіртуге қойылған 450 бұқа өткен айдан бастап сойылып, етке өткізілуде. «Дәурен-ай» шаруа қожалығы мал бордақылау кешенінің өндірістік инфрақұрылымын дамыту бойынша (жалпы жоба құны 15 миллион теңгені құрайды) бес жүз метрлік жол құрылысын жүргізді. Сондай-ақ, биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша «Байнұр» шаруа қожалығының да мың бас ірі қара бордақылау кешеніне 35 шақырымдық электр желісін тарту, отыз шақырым жолға құмшағал төсеу, 15 шақырым су құбырын жүргізу және Отар ауылында бір шақырымдық теміржол тұйығын салу көзделген жоба жүргізілуде. Ауданда «Еламан», «Серік», «Болашақ», «Бөрілі», «Бауырбек», «Мажыра», «Әділет» шаруа қожалықтары да «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасымен берілген несиеге асыл тұқымды ірі қара мал сатып алып өсіріп, көбейтіп отыр. Қазіргі таңда аудан агроқұрылымдарындағы 8 мал бордақылау алаңдарында барлығы 2536 ірі қара семіртілуде. Оның ішінде шет елдерден әкелінген мал төлдері де аз емес. Мал – ертеңгі табыс көзі, көл-көсір пайда. «Өсірсең малдың асыл, ірісін – артады несібе ырысың» деген осы емес пе?! Мемлекет мал шаруашылығын дамытушы кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуде. Қазақта «Сүті аз сиырдан ешкі артық», «Арзанның жілігі татымайды» деген сөз бар. Сол айтпақшы, өсімсіз малдың санын арттыра бергеннен, қымбат та болса кейін еселеп қайтарым беретін еті де, сүті де мол асыл тұқымдысын өсіру қай тұрғыдан да тиімді екеніне қордайлық шаруалардың көзі жеткен.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар