Шағын несие шапағаты

Шағын несие шапағаты
ашық дереккөз
Шағын несие шапағаты

«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы кәсіптің нәсібін көрем деген азаматтарға үлкен демеу беруде. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша 4 бағытта жұмыс атқарылуда. Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды, табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу. Бұл – бір. Екіншісі, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу. Бұл үшін кәсіпкерлерге шағын несие беріліп, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға көмек көрсетіледі. Кәсіпкерлік негіздері оқытылады. Мұның бәрі ауыл кәсіпкерлері үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған зор мүмкіндік. Бағдарламаны іске асырудағы үшінші бағыт – еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру. Бұл үшін мемлекет тұрғындарды экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық даму орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдеседі. Ал төртіншісі, әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру. Міне, осылайша мемлекеттің қамқорлығын тиімді пайдалана отырып, шаруаны өрге домалатудың зор мүмкіндігі туып отыр. «Әрекет түбі – берекет» демекші, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты кәсіп ашып, күнкөрісін жақсартамын дегендерді демеп, қаржылай қолдауды көздейді. Мәселен, Ынтымақ ауылдық округінің тұрғыны Жандос Смайылов осы бір мүмкіндікті қалт жібермеді. Іскер азамат шағын несие алып, бүгінде мал шаруашылығына мықтап бет бұрып, тындырымды еңбек етіп жүр. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы Абайдың сөзін кәсіпкер Жандос жете түсінген сыңайлы. Енді міне, шалғай ауылдың өзінде-ақ кәсібін өрге домалатып, ауылдың өркендеуіне өз үлесін қосуда. – Бағдарламаның екінші бағыты бойынша «ҚазАгроФинанс» акционерлік қоғамы арқылы алты пайыз жеңілдікпен үш миллион теңге шағын несие алдым. Өте ыңғайлы. Алған қаржыға жеті жылқы, бес сауын сиыр және бес бас бұқа сатып алдым. Алдағы уақытта шаруашылықтың өрісін кеңейтіп, қосымша жұмысшы алу жоспарымда бар» – дейді ісін өрге домалатқан жеке кәсіпкер. Мұндай шағын несие 6 пайыздық мөлшермен 5 жылға беріледі. Ал Жандостың тәуекелі өзгелерге үлгі боларлық. Негізінен Жандос Смайылов шаруашылыққа әу бастан-ақ бет бұрған азамат. Бірақ, қолындағы мал басын көбейтіп, шаруасының ауқымын кеңейтуге қаржы жағы қолбайлау болып келген. Ал алған несиесіне етті, сүтті мал таңдап сатып алады. Алайда, айта кету керек, бұл коммерциялық мақсатқа берілмейді.

Мұхтар Манекеев, журналист.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар