Елде болса, ерінге тиеді

Елде болса, ерінге тиеді
ашық дереккөз
Елде болса, ерінге тиеді

Бұл күні Құрт пен ірімшікке сұраныс көп болды

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көптеген түрін өндіретін облысымыздың агроқұрылымдары өздерінің сапалы өнімдерін еліміздің өзге аймақтарына өткереді. Өткен сенбіде Тараз қаласындағы «Достық» алаңында ұйымдастырылған ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне де олар артынып, тартынып жетті. 

17Облыс орталығында биыл алғаш өткізілген ауыл шаруашылық жәрмеңкесін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аралап, тауарлар бағасының төмен болуына назар аударды. Жәрмеңкеде Тараз қаласының кәсіпорындары және Байзақ, Талас, Жуалы, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандарының шаруашылықтары өз өнімдерін ұсынды. Бұл күні Тараз қаласының тұрғындарына жалпы құны 36 миллион теңгені құрайтын 94,5 тонна ауыл шаруашылық тауары жеткізіліп, базар бағасынан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылды. Облыс басшысы картоп өсірумен айналысатын Жуалы ауданындағы «Зылиха» шаруа қожалығының өнімдеріне көңіл аударды. Қожалық төрағасы Керімқұл Бегалиев өз өніміне сұраныс жоғары екенін айтып өтті. Сондай-ақ, Кәрім Нәсбекұлы Байзақ ауданындағы «Лесняк» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Владимир Лесняктің өзінің кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі мәселелеріне ден қойып, Талас ауданындағы «Ақбота» шаруа қожалығының жұмысынан да хабардар болды. Барлық сауда сөрелерін аралап, жәрмеңке жағдайымен танысып шықты. Сондай-ақ, ол тиісті басқармалар мен аудан әкімдеріне мұндай сауда орындарына халыққа ең қажетті қант, ұн, май, картоп өнімдерін көбірек әкеліп, барынша төмен бағамен халыққа ұсынуды ескертті. 

Бұл жәрмеңкеге кәсіпорындар мен шаруашылықтардан 15,5 тонна ет, 6 тонна сүт, 1 тонна кондитерлік, 2 тонна макарон өнімдері, 5 тонна бал, 2 мың дана жұмыртқа, 0,5 тонна кептірілген жемістер, 32 тонна көкөніс-бақша және жеміс-жидек өнімдері әкелінді. Өнімдер бақылаушы тараптың талабымен белгіленген төмен бағамен сатылды. Мәселен, сиыр етінің келісі – 1 мың, қой етінің келісі – 950, жылқы етінің келісі – 1100, қазының келісі – 1 мың, жаяның келісі – 1300, күріш келісі – 170, қант келісі – 160, сары май келісі 800, пияз келісі – 50, картоп келісі – 50, сәбіз келісі – 50 теңгеден сатылды. Сондай-ақ, сиыр сүтінің литрі – 100, шұбат пен қымыздың литрі 350 теңгеден халыққа ұсынылды. Сарысу ауданының еңбеккерлері бұл іс-шараға бір тоннадан қой, жылқы, сиыр етін және 120 литр шұбат әкеліпті. «Біздің ауыл түйені көп өсіреді. Ойсылқара тұқымының пайдасын көп көріп жатырмыз. Осы жәрмеңкеге 60 литр шұбат әкелген едік. «Ә» дегеннен сатылып кетті» деді Сарысу ауданы, Жайылма ауылдық округінің әкімі Әмірәлі Әбенов. Байзақ ауданы да тараздықтардан жиған-тергендерін аянып қалған жоқ. Бір ғана Бәйтерек ауылының өзі жәрмеңкеге 5 тонна көкөніс, 2 тонна макарон, екі жылқы, бір сиырдың етін әкелгендерін айтады. Себебі, бұл ауылдағы Жұманбай Қожамбердиев басқаратын «Нұржан» шаруа қожалығында төрт түлік түгел өсіріліп, көкөніс пен қызылшаның мол өніміне де қол жеткізіліпті. Сондай-ақ, «Сәрсенбай» шаруа қожалығының да табысы көл-көсір. Біз Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Манарбек Тілеповтен, Тараз қаласындағы «Усманова» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Малика Усмановадан, Жуалы ауданындағы «Береке-2» шаруа қожалығының өкілі Досымхан Дүйсебековтен де жәрмеңкеге әкелген тартуларының барысын білдік. - Облыс әкімінің қолдауымен өтіп жатқан бұл жәрмеңке халыққа өте тиімді, пайдалы. Біздің басқарманың белсенділігі бұл жәрмеңке барысында анық байқалады. Мұндағы нарық басқа жерлерге қарағанда 15-20 пайыз төмен. Арнайы бекітілген бағалар тізбегін әр дүңгіршектің маңдайшасына іліп қойдық. Өнім сол бағамен сатылып жатыр. Бұл жәрмеңке ауылдықтардың қалаға көмегі, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бөлімінің басшысы Қайрат Аманов. Жәрмеңкеден біз де екі тарапқа тиімділікті байқадық. Дегенмен, биылдыққа алғашқы жәрмеңке болған соң ба, тараздықтардың мұнда келуі орташа деңгейде болды. Алдағы үш апта бойы бұл жәрмеңке жалғасады. Сол кезде қала тұрғындары белсенді келіп, қысқа қажетті азық-түлік, жеміс-жидектерін, құрт-майларын жинап алуға мүмкіндіктері бар. Ендеше, аптаның әр сенбісіне «Достық» алаңына бір соғып кетуді ұмытпаңыздар, тараздықтар!

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар