- Advertisement -

Құр сөзден мән шықпайды

140

- Advertisement -

Өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев салық төлеуден жалтарғандарға шара қолдануды тапсырды

Тасада қалатын 

табыс көзі

Салық төлеуден жалтару – халық қазынасына қол сұғумен пара-пар. Себебі, мемлекет бюджеті кірістен құралады. Салықтар – барлық елде негізгі кірістің көзі. Ал салықтар мен міндетті төлемдердің дер кезінде түсуін қамтамасыз ету аса маңызды. Селекторлық режімде өткен облыс әкімдігінің аппарат жиынында өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев салық төлеуден жалтарғандарға шара қолдануды тапсыруы да сондықтан.
Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Асқар Тынысбековтің айтуынша, сегіз айдың ішінде 40,9 миллиард теңгенің орнына 41,8 миллиард теңге кіріс түскен. Өткен жылмен салыстырғанда жоспар артығымен орындалған. Дегенмен, жергілікті бюджеттің орындалуы бойынша көрсеткіш жоғары болғанымен, республикалық бюджет болжамды межесі 97,4 пайызды құрап отыр. Шу, Қордай, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында республикалық бюджет түсімі төмендеген. Жергілікті бюджеттің орындалу көрсеткіші бірқатар аудандардың болжамды межеден асып түсуінің арқасында жоғары болып тұрған көрінеді. Оның ішінде аудандық бюджет артығымен орындалған. Ал облыстық бюджетті орындауда белгіленген межеге жете алмай отырған аудандар да бар екенін айтады департамент басшысы.

Асқар Станиславович бюджет түсімдерінің орындалу көрсеткіші төмендеуі үшін салықтық түсімдерді жоспарлауда нақтылық қажет дейді. Ол үшін салықтық түсімдерді арттырудың жолын табу керек. Яғни, тасада қалатын табыс көзін анықтап, салықты төлеуден жалтарғандарға шара қолдану қажет. Департамент басшысының сөзіне сүйенсек, қоғамдық көліктер мен шаруа қожалықтар аз салық төлеу үшін табысын жасырудың түрлі амалдарын қолданады екен. Департамент мамандары жүргізген рейд, тексерулерден кейін «жалған кәсіпкерлердің» жайы анықталған көрінеді.
А. Тынысбековтың айтуынша, тексерулер нәтижесінде Тараз қаласындағы №1 автобус паркі табыс көлемін және жұмысшы санын азайтып көрсетіп келгені анықталған. Аз салық төлеп, табысын жасырғандар қатарында дәріханалар мен шаруа қожалықтары, жеке меншік автокөліктің иелері, Тараздағы мейрамханалардың егелері де бар көрінеді. «Мәселен, Жуалы ауданында «Омар» шаруа қожалығы 560 гектар жері бола тұра бір ғана жұмысшысы бар деп көрсеткен. Шу ауданындағы «Мейірім» шаруа қожалығының басшысы Қ.Құсайынов та солай. 929,8 гектар егістік, 973,7 гектар жайылымдық жерді иеленіп отырып, бір ғана жұмыс орнын ашқан», -дейді А. Станиславович.
Салық төлеуден жалтарудың салдары ауыл шаруашылық жерлерін мақсатты пайдалана алмауға келіп тіреледі. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару керектігін айтты. Ол үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу және жер қатынастары басқармаларымен, Жер ресурстарын басқару агенттігінің облыс бойынша аумақтық жер инспекциясымен бірлесе жұмыс жүргізу қажет екенін ескертті. «Аудандарға шығып, шаруа қожалықтардың жай-күйімен таныссаңыздар, кімнің қалай жұмыс істеп отырғаны белгілі болады. Кім табысын жасырып, қандай жер пайдаланылмай жатқаны осылай анықталады. Маған Бетпақдаланы малға, Балқашты суға толтырамын деген құрғақ сөздің қажеті жоқ. Нақты жұмыс, нәтиже керек», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Салықтық түсімнің түрлерін және көлемін арттыру үшін бірлесе жұмыс істеу керектігін айтқан аймақ басшысы аталған басқармалар мен инспекция басшыларының жұмысын қатаң сынға алды.

Шығыс болмай,
кіріс болмайды

Салықтық түсімдер құралған бюджет қаражаты әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсалатыны белгілі. Физикалық заңдылық секілді. Қаржы үнемі айналымда жүреді. Дегенмен, бюджет қазынасы мақсатты жұмсалуы, уақытында игерілуі керек. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Асқар Қырықбаевтың мәлімдеуінше, сегіз айда облыс бюджетінің шығыстары 96,1 пайызға орындалған. 5 миллиард 611,4 миллион теңге игерілмей қалған. Қаражатты игеру көрсеткіші өткен жылдың сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға артқанымен, соның өзі бірқатар шаруаны тындыруға кедергі келтіріп отыр.
Басқарма басшысы игерілмеген қаражаттың 39 пайызы облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, 20 пайызы Тараз қаласы әкімдігіне, 8 пайызы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына, 6 пайызы Сарысу ауданы әкімдігіне, 4 пайызы Меркі, Байзақ аудандары әкімдігіне тиесілі екенін айтады. Игерілмеген қаржының 5 миллиард 611,4 миллион теңгенің 49,3 пайызы «Даму» бюджеттік бағдарламалары бойынша қалыптасқан. Пайыздық көрсеткіші төмен болғанымен, теңгеге шаққанда едәуір қаражат. Игерілмеген қаржы жоспарланған жұмыстың аяқсыз қалғанын көрсетеді. «Жылдың аяқталуына 4 айдан кем мерзім қалып отыр. Жыл соңына дейін 60 миллиард теңгеден астам қаржыны игеруіміз қажет», – дейді Асқар Санатұлы.
Өңір басшысы К.Көкірекбаев салықтық түсімдердің орындалуы және бюджет қаражатының игерілуі бойынша аудан әкімдері мен басқарма басшыларының мәлімдемелерін тыңдап, нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің аппарат басшысы Рахметілдә Рахманбердиев Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген сенбіліктің қорытындысы туралы баяндады. Бірқатар мекеме басшыларының жұмысты үйлестіре алмауының салдарынан уақыт пен жұмысшы күші дұрыс пайдаланылмағаны айтылды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп жүргенде мерейтой шаралары белгіленген күн де жақындап қалды. Әлі атқарылатын шаруа көп. Алда қылышын сүйретіп қыс та келеді. Бірін ойлап, екіншісі назардан тыс қалмасын. Қысқа да, тойға да дайын болуымыз керек. Сонымен қатар, әлеуметтік мәні бар азық-түлік бағаларын бақылаудан шығармауға тиіспіз» деді облыс әкімі.

 

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support