Темір жол бекеті бойындағы орталық алаңға орын тепкен қалалық емханаға ат басын бұрушылар көп-ақ. Дертіне ем, дауа іздеген халық осында қайырылып, ақ желеңді абзал жандардың көмегіне жиі жүгініп жатады. Кешенді құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін емхана ғимаратының іші бұрнағыдан да әдемілене түскендей. Бұл да болса сырқат жандардың жайсыздық пен көңілсіздіктен арылуына сеп. Олар мекеме табалдырығын аттап кіргеннен-ақ сырқатты екендіктерін де ұмытып, өздерін сергек те қунақы сезінеді. Келушілерді тіркеу бөлімінде Алла Хан, Гүлшат Адашева секілді емшібикелердің оларды жайдары қарсы алып, қажетті құжаттарын реттеп беріп жатқанын көресіз. Мұнда емделушілерге қызмет көрсетудегі мәдениеттіліктің өзіндік үлгісі қалыптасқан десе де болады. Тиісінше емшаралар қабылдап, өз отбасыларына, еңбек ұжымдарына сырқатынан сауығып, сақайып оралған азаматтардың білікті дәрігерлерге деген айтар алғыстары да шексіз. Бір айта кетерлігі, емхананың балалар мен ересектерге арналған емдеу бөлмелері қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жеткілікті жарақтандырылған. Емхана дәрігерлері қазіргі заманғы озық емдеу тәсілдерін де жетік меңгерген. Қалауынша одан әрі де мұқият тексерілуден өтіп, емделгісі келетіндердің облыстық, республикалық емдеу-сауықтыру мекемелеріне еш кедергісіз жолдама алуларына да мүмкіндіктері бар. Бір сөзбен айтқанда, мұнда емделушілерге барлық қолайлы жағдай жасалған. – Емхана ішіндегі 12 төсектік ересектерге, 5 төсектік балаларға арналған күндізгі емдеу стационарында терапевт, невропотолог, эндокринолог мамандардың нұсқау қағаздары бойынша күндіз де, түнде де дәрігер бақылауын қажет ететін сырқаттар ем қабылдайды. Емделушілер республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тізбеге сай дәрі-дәрмектермен де тегін қамтамасыз етіледі, – дейді дәрігер-терапевт Эльвира Бейсетбаева. Емхана ұжымы дәрігер Меруерт Шоқабаева, емшібикелер Гүлжанат Наршаева, Қымбат Оңғарова, Балжан Әлімқожаева, Бақыт Ысқақова секілді ақ желеңді абзал жандарды орынды мақтаныш етеді.
Ләззат ОРАЗБАЕВА, журналист.
Шу қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді