- Advertisement -

Батыр бабалардың биік рухына тағзым

112

- Advertisement -

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы Астанадағы «Қазақ елі» алаңынан бастау алды

«Қазақ халқы – тамырын жеті қабат жер астына жіберген алып бәйтеректей, өзегін ғасырлар тереңінен тартып, осынау қасиетті Ұлы даласынан табан аудармай, дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халық. Оның тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі Қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды. Халықтың құрылуы бір басқа, халықтың қалыптасуы бір басқа. Бүгінгі қазақ халқы – сонау ескі замандарда-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған қазақ» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сонау 1992 жылы нақты айтқан осы ақиқатты өткен жылы киелі Ұлытауда тарата келіп, Қазақ хандығының 550 жылдығын елдік мереке ретінде атап өту қажеттігін еске салған еді. Содан 2015 жылдың алғашқы айларынан бастап Қазақ хандығының бес жарым ғасырлық кезеңі кең көлемде айтылып, халықтық тарихымыз таразы басында теңселіп, елдігімізді, сол елдің иесі болып саналатынымызды, киелі жерімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлт пен ұлыстардың достығын, татулығын баянды етіп келе жатқанымызды, бұл мереке де бүкіл қазақстандықтарға ортақ екендігін де дәйектедік. Алтын тұғырды биіктету жолындағы ізденісте небір қилы кезеңдердің ақ-қарасы анықталып, Қазақ хандығының орнауы барысында жеткен жетістіктеріміз алты алашқа айтылып, оны ел болып мақұлдап отырғанын еске сала кетсек дейміз. Алтын күздің алғашқы күндері ұлы мереке Арқадағы Астанада, яғни, кеше салтанатты түрде басталды. Тәуелсіздік сарайында алқалы жиын өтіп, ол Назарбаев Университетінде халықаралық деңгейдегі «Мәңгілік Ел» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Заманға сай бой көтерген «Барыс» мұз сарайында айтулы мерекеге арналған театрландырылған қойылым болды. Сонымен, Қазақ хандығының 550 жылдығы халықтық мерекесі басталды.

Кеше Астана қаласының «Қазақ елі» алаңында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы басталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспедиция Қазақстанның барлық аймағын қамтып, төрт бағытта жүзеге асады. Ол: Солтүстік және Орталық, Батыс және Оңтүстік, Шығыс және Оңтүстік Шығыс, Алматы бойымен өтеді. Аталмыш сапарға аттанатын топтың құрамында ғалымдар, журналистер және әр өңірдің азаматтары бар. Экспедиция Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының «Біртектілік және бірлік» бағыты бойынша «МӘҢГІЛІК ЕЛ МҰРАТЫ – ЕЛ БІРЛІГІ» тақырыбында кездесулер, Қазақстан мемлекеттігінің негіздеріне және Қазақ хандығының тарихына арналған «ЖЕР ТАРИХЫ – ЕЛ ТАРИХЫ» бойынша сұхбаттар, «Н.Назарбаевтың қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі» негізінде дәріс-таныстырылымдар өткізіледі. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» тарихи-мәдени экспедициясы үш тұжырымдамалық негізде жүзеге асырылады: оның біріншісі, отансүйгіштік, яғни, халықтың Отанға, туған жерге, біріктіруші ұлттық құндылықтарға деген құрметі мен сүйіспеншілігі; екінші, ғылыми-танымдық, нақтылай түссек, қазақ мемлекеттігі мен тарихи-мәдени мұраларды зерделеу жөнінде ғылыми-танымдық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, үшіншісі, ақпараттық, оның ішінде жетекші республикалық (электронды және баспа) бұқаралық ақпарат құралдары, Қазақстан халқы Ассамблеясы порталы, G-Global алаңы, өзге де Қазақстан халқының бірегейлігі мен бірлігін нығайта түсетін рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау және дәріптеу. Экспедицияның шарықтау шегі Тараз қаласында «Тарих толқынындағы Ұлы Дала» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының көрмесінің ұйымдастырылуына ұласады. Сапарға қатысушылардың жазбаларынан тұратын күнделік түзіледі. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған экспедицияның қорытынды іс-шаралары 2015 жылғы 9 қазанда Тараз қаласында өтеді. Бұл игілікті іс картада айқын бейнеленген.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support