- Advertisement -

Ауыр атлеттердің «жеңіл» жеңісі

87

- Advertisement -

Азия біріншілігінде жасындай жарқыраған
зілтеміршілеріміз әзірге үш алтын, үш қолаға қол жеткізді

Ауыр атлетикадан Таиландта жалауы желбіреген Азия чемпионатында қазақ спортшылары толайым табыстарға қол жеткізіп жатыр. Алдымен 77 келі салмақ дәрежесіндегі оғланымыз Айдар Қазов қоссайыстың қорытындысы бойынша 350 келі салмақты еңсеріп, құрлықта өзінің теңдессіз екенін дәлелдей білді. Бұдан кейін зілтемірге беттеген 85 келі салмақ дәрежесіндегі саңлағымыз Ермек Өміртай да өзіне тиесілі мүмкіндіктерді қалт жібермей, қарсыластарын тасада қалдырып кетті. Жұлқа көтеру мен серпе көтеруде 364 келі салмақты ырқына бағындырған ол қарсыластарынан оқ бойы озық болып, көк байрағымызды екінші мәрте көкте желбіретті.

Қазақ зілтеміршілерінің жеңісті жорығы мұнымен толастаған жоқ. Бұдан соң зілтемірге екі дүркін олимпиада чемпионы, ел мақтанышы Илья Ильиннің шәкірті Рүстем Сыбай беттеді. 94 келі салмақта бақ сынаған тау тұлғалы толағаймыз әр мүмкіндігін сәтімен пайдаланып, сары құрлықта өзінің мықтылығына шүбә келтірмеді. Серпе көтеруде 167 келіні бойынан асырған ол жұлқа көтеруде 216 келіні ырқына көндірді (жалпы қорытынды – 383 келі).
Иә, Таиландта өтіп жатқан ауыр атлеттердің байрақты бәсекесінде спортшы жігіттеріміз қарсыластарын бұйым көрмей жеңіл жеңістерге жетіп жатса, бұрымды аруларымыз да жүлдегерлердің қатарын толықтыруда. Азия чемпионатына үлкен дайындықпен аттанған аруларымыз Фаина Сыбанбаева, Әсем Садықова, Майра Файзуллаева секілді спортшыларымыз өз салмақ дәрежелері бойынша қоржынымызға үш қола жүлдені салды. Дода жалғасуда.

 

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support