Сүт өндірісі дамып, ет экспорты артады

110

10Нұржан НҰРЖІГІТОВ,
облыс әкімдігі
ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары – «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға, әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстан мейлінше жедел шығудың жолын көрсеткен маңызды құжат. Жаһандық сын-қатерлерге қарсы жауапты Ұлт жоспарынан табасыз.
Жалпы, кез-келген мемлекеттің алға қойған мақсат-межесі мен стратегиялық жоспары болатыны белгілі. Алайда, дағдарыс кезінде барлық бағдарлама тығырықтан шығар жолды нұсқай алмайтынын көріп жүрміз. Бағдарламаның таяу жылдарда күтілетін әлемдік қаржылық-экономикалық өзгерістердің болжамына қарай түзілгені маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалдық реформасы – осындай үдеден шыққан құжат.
Қазіргі әлем елдерінде қалыптасқан қаржылық жағдайға қарап, көп нәрсені түсінгендей боласың. Теңгенің еркін айналымға жіберіліп, Қазақстан жаңа экономикалық саясатқа көшуге мәжбүр болғаны таяуда ғана. Ал мемлекетіміз дағдарысқа қарсы шараларды бұдан ертерек қолға алған. Елбасының 100 шешімі – соның дәлелі.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін Ұлт жоспарында көзделген мақсатты тапсырмаларды тарқата айтайық. Серпінді индустрияландыру мен экономикалық өсім. Бес институционалдық реформаның бұл бағыты назардан ешқашан түспеген. Қазіргі жағдайда аса қарқынды жұмысты талап етеді. Мемлекеттегі әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығы да осы бағыттың дамуына тікелей байланысты.
Мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуды қолға алғалы ішкі нарықтағы баға реттеле бастады. Біріншіден, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туды. Екіншіден, базарларда отандық өнімдер көбейе бастады. Бұл өз кезегінде халықтың сапалы өнімді таңдауына жол ашып, өмір сүру салтын өзгертті. Жұрттың экологиялық таза өнімді тұтынуға ынтасы арта бастады. Әсіресе, азық-түлік өнімдерінің сапасына баса назар аударатын болды. Көпшіліктің сұранысы артқан сайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер сапалы өнім өндіруге ұмтылды.
Табиғи таза қазақстандық азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс шетелдік тұтынушылар тарапынан да өсе бастады. Бүгінде Қазақстан астық экспорттаушы елдердің ішінде алдыңғы орындарға шығуы – соның дәлелі. Сондай-ақ, мемлекетімізде ет экспорты да артып келеді.
Ұлт жоспарының үшінші бағытында индустрия және экономика салаларында көптеген мақсатты тапсырмалар көрсетілген. Экономиканы әртараптандыруда басымдық өңдеу өнеркәсібіне беріледі. Әсіресе, ауыл шаруашылығына.
Мысалы, 60-қадамда сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту бойынша алдағы үш жылда атқарылатын міндеттер нақтыланған.
Бұл бағытта облыста бүгінгі күнде біршама тірліктер атқарылуда. Жанұялық үлгідегі шағын 50, 100 және 200 басқа арналған 12 тауарлы сүт фермасын құру жоспарланып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы, облыста 2014 жылы өндірілген 287,7 мың тонна сүттің 88,9 мың тоннасы қайта өңделді. Қайта өңдеу үлесі 45 пайызды құрады. Қазіргі уақытта облыста қуаттылығы жылына 300 мың тоннаны құрайтын 17 сүт өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Бүгінде Т. Рысқұлов ауданында «Құлбарақ» шаруа қожалығы – 50, «Ырыс» бағдарламасы бойынша Меркі ауданында «Яйла-бек» шаруа қожалығы – 100, Жамбыл ауданында «Аян» шаруа қожалығы 100 басқа арналған тауарлы сүт фермасын іске қосып, «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне күнделікті өндірген тауарлы сүтін келісімді бағамен өткізуде.
Облыста орналасқан сүтті қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы арқылы 18 салқындатқыш танкері алынды. Оның 8-і «Меркі ірімшік зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Меркі, Шу, Т. Рысқұлов аудандарына орнатып, сүт жинақтауда. 10-ы «Көкжиек-2030» ЖШС-на лизинг жүйесі бойынша беріліп, кәсіпорындар бүгінгі күні сапалы сүт жинауға қол жеткізуде.
Елбасы «100 нақты қадамның» 61-қадамында ет өндірісі мен өңдеуді дамыту қажеттігін айқындап, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне нақты міндеттер жүктеп отыр. Биыл облыс бойынша ет экспортын 700 тоннаға жеткізу тапсырмасын орындау үшін біршама жұмыстар қолға алынуда. Бүгінгі күні өңірде 21 мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 3 мал бордақылау алаңы – бірінші деңгейлі. 3000 басқа арналған.
Биыл Байзақ ауданында «Дулат» шаруа қожалығы – 1500, «Тажибаев» шаруа қожалығы – 1000, Т.Рысқұлов ауданында «Барменқұлов» жеке кәсіпкерлік нысаны – 80, Жамбыл ауданында «Жиделі» шаруа қожалығы – 120, Меркі ауданында «Меркі мал шаруашылығы кешені» ЖШС – 3000, «АгроСтанФарм» малайзиялық кәсіпкерлермен бірлесіп, 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салуды қолға алып, 12 000 бас асыл тұқымды МІҚ малын табында өсіріп, жылдық қуаттылығы 1 400 тонналық ет өндірісінің кешен құрылысын бастауда. Мойынқұм ауданында «Мойынқұм Агро» ЖШС 10 мың бас МІҚ малына арналған асыл тұқымды репродуктор құруды және 5 мың басқа арналған МІҚ малын бордақылау алаңын салуды қолға алуда. Сонымен қатар, тауық етін өндіру бойынша облыста 3 ірі жоба жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы осылай Елбасының 100 нақты тапсырмасынан түзілген Ұлт жоспарымен толығып отыр. 100 қадам – дамуға бастайтын 100 нақты бағыт. Елбасының 100 шешімі – 100 тапсырма. Оны орындау арқылы бес институционалдық реформаны жүзеге асырамыз. Ұлт көшбасшысының Ұлт жоспары іске асқанда Қазақ елі өсіп, өркендеп, тұрақтылық пен тұтастық орнығып, Мәңгілік елге айналады. «Нұрлы жол» бағдарламасы мен бес жасампаздық реформаның тарихи маңызының өзі осы.

Comments are closed.