- Advertisement -

АУЫЗБІРШІЛІК керек мұндайда

113

- Advertisement -

 8Мақсат Әнуарбеков, 

кәсіпкер.

Еліміздің жаңа экономикалық саясатқа көшуі ел арасында түрлі пікір туғызғаны анық. Елдің экономикалық хал-ахуалының төмендеп, күнкөріс деңгейі күрт төмендейді екен деген қауесеттің желдей ескені де бар. Алайда, байқап қарасаңыз, біз қай өзгерісті болса да үре түрегеліп қабылдап, оның жақсы жағын байқамауға тырысатын секілдіміз. Оған дәлел, ел тәуелсіздігін алғаннан бергі қабылданған реформалар мен түрлі бағдарламалар. Олардың ішінде ел түбегейлі қарсылық танытып, алайда, бүгінде соның жемісін көріп отырған талай тың жобалар бар.
Әлбетте, мемлекетіміз бет түзеген бұл жолғы өзгерістің ауқымы ерекше. Бұны ел болып ес түзеуімізге беріліп отырған үлкен мүмкіндік деп қабылдаған жөн деп білем. Қашаннан «төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген нақылды ұстана өмір сүретін біздің дана халқымыз жаһандық көштің шаңына жұтылып кетпей, сол көшті бастаушы елдер қатарында сап түзеуге талпынады және сол талап үдесінен шығады деген сенімдемін.
Түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы беріліп жатқан мол мүмкіндікті пайдалана отырып еңсе түзеу, халықаралық сапа стандарттарына сай жұмыс істеп, кез-келген елдің кәсіпкерлерімен иық тіресе еңбек ете алатын жағдай жасау керектігі бұрыннан-ақ айтылып келеді. Әрине, Елбасының күн ілгеріні болжай алатын саяси сауаттылығының арқасында халыққа осы бағытта атқарылуы тиіс жұмыстар талай рет түсіндіріліп, айтылды да.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдаулары мен берген түрлі сұхбаттарына зер салып қарасаңыз, ел экономикасының еркін нарыққа бір-ақ сәтте еніп, сол жағдайда жұмыс істеуге бейімделетіні және жұртшылықтың соған әрқашан дайын болуы керектігі айтылған. Әлбетте, мұндай жағдайда әліптің артын бағып отыра беру – кешірілмес қадам. Ол кезде кеткен қателіктің есесін қайтарып, орнын толтыру өте ауырға соғатыны анық. Заман қаншалықты қарқынды дамып жатса, біздің кәсіпкерлеріміз бен жалпы жұртшылық соншалықты шапшаң қимылдап, Үкіметке иек артып отыра беруді қойып, нақты әрекетке көшу қажет.
Мен тәуелсіздік алған алғашқы қиын-қыстау замандарда қандай істі қолға алған жағдайда өз кәсібіңді ашып, нәсібіңді арттыруға болатыны жайлы көп іздендім. Байқасам, біздің халық жаңашылдыққа аса құштар емес екен. Одан да жылдар бойы көп сүрлеуден өткен кәсібін дөңгелетіп, «өлместің күнін» көріп отыра беруді құп көреді. Бұрын-соңды болмаған жаңаша істі бастап, тәуекелге бел шешу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық, әрине. Ойға алған шаруаң іске асып жатса, қанеки? Ол есебің тура шықпай, бүкіл ісің құрдымға кетсе, қалай болады? Мұндай сан түрлі сауал алғашқыда маған да бір сәт тыныштық бермейтін. Дейтұрғанмен, мен тәуекелге барып, дархан даламыздың баурайында өсетін түрлі дәрілік шөптерді жинап, өңдеп, оны денсаулықты жақсарту мен емдік шараларда қолдану мақсатында пайдалану үшін арнайы жобаны қолға алдым. Әлбетте, елімізде ғана емес, бүгінде ол өнімдер бірқатар шетелдерде де кең сұранысқа ие. Айтпағым, тәуекелге бар-барма, бірақ, бір орында тұралап қалуға әсте болмайды. Әсіресе, бүгінгідей елдігіміз сыналар тұста. Ауызбіршіліктің алмайтын асуы жоқ екенін ескеріп, бір кісідей жұмылып жұмыс қылсақ, бұл қиындықтан шығарымыз сөзсіз.

Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support