«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Экспорттық тауардан табыс артады

Экспорттық тауардан табыс артады
ашық дереккөз
Экспорттық тауардан табыс артады

9 Әнуар Әймен,

экономика ғылымдарының докторы, профессор.

Ұлттық банктің бағам саясатының өлшеміне өзгеріс енгізуі мәжбүрлі қадам болды. Негізгі сауда серіктестері валютасы мен қара алтын бағасының төмендеуінен жуырда валюта бағамы 5 пайызға төмендеді. Енді ұлттық теңгенің жағдайы не болмақ? Қазір көпшілікті осы сауал толғандырып отыр. Негізі ішкі валюта нарығы мен әлемдік экономика жағдайында айырбастау бағамы жоғарылап немесе төмендеп, өзгеріс болып тұрады. Биржалық сауда кезіндегі валютаға деген сұраныстар мен ұсыныстардың әсерінен кәрзеңке құнының өзгергеніндей, шетелдік валюталардың (АҚШ доллары, евро және ресейлік рубль) кросс-бағамдарындағы өзара өзгерістердің есебінен теңгенің әрбір валютаға қатысты бағамындағы тербелісі орнығады. Сондықтан, айырбастау бағамында сатып алу, сату құнының өзгеріп отыруы заңдылық. Бұл қадам еліміздің сыртқы экономикалық қызметі үшін маңызды шетелдік валютаға қатысты ұлттық валюта бағамын тиімді басқаруға мүмкіндік береді және сыртқы факторларға әсер ететін қазақстандық экономиканың беріктігін жоғарылатады. Bloomberg агенттігі сарапшыларының пікірінше, теңгенің еркін айналымға жіберілуінен кейін тағы да ондаған әлемдік, сонымен бірге бұрынғы кеңестік одақ елдерінде ұлттық валюта бағамдарының төмендеуі күтілуде. Ресейлік рубль мен қытайлық юанның әлсіреуі бұған негізгі себеп болады. Қазіргі жағдай теңге бағамының мұнай бағасының айналымына қатысты екенін көрсетеді. Бұл өзгермелі теңге ішкі экономикаға мұнай нарығының құбылмалылығының енуіне жол береді деген сөз. Яғни, бұрынғыдай отандық өндірістердің өнімдеріне, сұраныстардың артуына мұнай бағасының өсуі әсер етпейді. Қазақстандық төлем теңгерімінің ағымдағы операциялары шикізат қорларының әлемдік бағасына тәуелді екені жақсы белгілі. Бағаның мұндай (10 доллар және одан жоғары) құбылмалылығы шетелдік валютаны сату-сатып алу бойынша қалыпты нарықтық әсер тудырады. Ішкі тұтыну жағдайы, экономиканың барлық басқа да салалары үшін шығарылатын тауарлардың бағасында құбылмалылық ұлғаяды. Өйткені оның өнімдеріне деген сұраныс бағам қарқындылығына тәуелді. Жаңа экономикалық саясат қазақстандық өнім өндірушілер үшін тиімді болмақ. Теңгенің валюталық бағамын мәжбүрлі төмендету экспортшылардың табыстары мен кірістерінің артуына жол ашады. Ал өнім өндіруде импорттық қоспаларды пайдаланушылардың табысы төмендеуі мүмкін. Осылайша ішкі нарықтың субъектілері үшін шаруашылықты жүргізуде әркелкі жағдайлар қалыптасады. Қандай да бір қадам жасарда, кез келген адамның алды-артын бажайлап, ойланары анық. Жаңа теңге-несие саясатын енгізуде де Үкімет елдің ішкі ахуалын сөзсіз бағамдады. Сөйтіп, теңгенің еркін айналымға жіберілуінің тиімді-тиімсіз жақтары таразыланып, шешім қабылданды. Жаңа экономикалық саясат отандық өнім өндірушілерге экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Экспорттық тауарлардан түсетін табыстың мөлшері артады. Сонымен қатар, шетелдік инвестицияларды тарту, экономиканы жаңғыртуға жол ашады. «Арзан» теңге экспортталатын қазақстандық тауарларды бәсекеге қабілетті етеді. Бұл отандық кәсіпорындарға тың серпін береді. Ол үшін Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, тиімді несиелер алуға мүмкіндік беруі керек.

Ұқсас жаңалықтар