- Advertisement -

Қуанышбек қарияның электр қондырғысы

104

- Advertisement -

Табиғат күштеріне тәуелді емес, шикізатты да қажет етпейді

Адамның мүмкіндігінде шек жоқ. Тараздық 67 жастағы Қуанышбек Әлишерұлының ойлап тапқан қондырғысына қарап, қызығушылық болса, қай кезде болсын, таңдай қақтырарлықтай талай тірлікті атқаруға болатынына көз жеткізгендей болдық. 

Еліміздегі электр энергиясының 80 пайыздан астамы жылу электр стансалары арқылы өндіріледі. Ал онда жанатын негізгі отын түрі – көмір. Оның қоршаған ортаға тигізер зияны бесенеден белгілі. Әрі қазба байлықтарының қоры да түгесілер күн туары сөзсіз. Сондықтан, «Жасыл экономикаға» көшудің тиімді тұстары көп. Осы себептен елімізде ғана емес, бүкіл әлемде жел, күн, су энергияларын пайдаланатын, балама әрі жаңартылмалы қуатқа деген үлкен бетбұрыс жасалып келеді.

Дегенмен, электр қуатын алатын мұндай қондырғылардың да барлығы дерлік табиғат құбылыстарына тәуелді. Жел тұрып, күннің көзін бұлт торласа немесе су сарқылса, оның құны көк тиын.
Ал Қуанышбек Әлишерұлы ойлап тапқан электр қуатын өндіретін қондырғы табиғат күшіне тәуелді емес. Қандай да бір шикізатты да қажет етпейді.
«Кез-келген зауыттар мен кәсіпорындар электр двигательдерімен жұмыс істейтіні белгілі. Сол кезде двигатель сыртында пайда болған ток – ток фука немесе құйынды ток деп аталады. Ол ток айналасына зардабын тигізбес үшін бір ұшы жерге тұйықталады. Мен міне, осы құйынды токты кәдеге асырдым. Ол үшін қарапайым велосипед дөңгелегін, аккумуляторларды, мыс орамдарды (катушка), магниттерді, тағы да бірнеше құралдарды пайдаландым. Америкадан, Ресей мен Германиядан да кейбір бөлшектерді алдырдым. Сөйтіп, қолдан құйынды ток шығаратын қондырғы жасадым. Мұнда, негізі, кемінде 9 орам пайдаланған жөн. Әзірге мен екеуін ғана қойып отырмын. Осы екі орамнан 12.68 вольтқа дейін электр энергиясын аламын. Егер орамдар санын көбейтсек, бұл көрсеткіш еселеп ұлғая түседі. Транзистор, резистор, диодтар арқылы жұмсалған ток қайта қалпына келіп отырады. Бұл жерде екі энергия көзін, бірінші – электр қуатын, екінші – кинетикалық айналмалы энергияны аламыз. Бұл құрылғымен қазірдің өзінде автокөліктердің аккумуляторын зарядтауға болады. Дамыта түссек, жайлау, қыстаудағы үйлерді электр жарығымен қамтамасыз етіп, тұрмыста, өндірісте ешбір шикізат көзінсіз, табиғат күштерінсіз (жел, күн, су) электр қуатын ала аламыз» – дейді автор.
Ал мұндай қондырғының идеясы қайдан келді, деген сауалымызға Қуанышбек Әлишеров:
– Мен интернеттен американдық физик Джон Бединидің кітабының аудармасын оқып шықтым. Сондықтан, бұл идея менікі деп айта алмаймын. Өзімді өнертапқышпын деп те есептемеймін. Бедини кітабында қондырғының жұмыс істеу принциптерімен таныстырған. Оның бұл туындысына 18 жыл бойы тыйым салынып, енді ғана әлемге әйгілеуге рұқсат беріліпті. Қондырғының принциптерімен толық танысып шыққан соң, неге тәжірибе жасап көрмеске деген ой келді. Алдымен физиканың бәрін қайталап шықтым. Күмәнданған мәселелерімді арнайы мамандарды шақыртып, сұрадым. Жасап жатқан қондырғымды, сызбаларымды көрсеттім. Бір қызығы, мұнда тіпті физика заңдылығына қарсы келетін сәттер де бар. Сондықтан, мамандардың өзі бұл идеяның жүзеге асатынына күмәнмен қарады, – дейді.
Автор қондырғыны жасап шығаруға бір жылдай уақытын сарп еткен. Ал шығыны әзірге жарты миллионға жуықтаған. Тараздық өнертапқыш жұмысын әлі де жетілдіре түссем дейді. Ол үшін қажетті қаражат мөлшері – 4,5 миллион теңгедей екен. Сонда қондырғының өндіретін қуат көлемі арта түсіп, тұрмыста, өнеркәсіпте кеңінен қолдануға мүмкіндік тумақ. Ойы жүзеге асса, автор «ЕХРО-2017» көрмесіне қатысуға да ниетті.
Ауқымды жобалар арқылы әлем халқы энергияның қолжетімді әрі жаңартылатын нұсқасына көшіп жатыр. Болашақта әлемнің кез-келген нүктелерінде балама әрі жаңартылатын қуат көзі дамып, технологияның неше атасы дүниеге келетіні, солар арқылы энергетика да қарапайым халыққа қолжетімді бола түсетіні айтпаса да түсінікті. Ендеше, Қазақстан да осындай күнге, жаңартылмалы энергияға ауыса алатын жағдайға дайын болуы тиіс. Ол үшін бұл саланың дамуына үлес қосқысы келетін Қуанышбек Әлишерұлы секілді ізденістегі авторларға қолдау көрсеткен аса маңызды.

 

Эльвира 
ЖАРЫЛҚАСЫНОВА,
«Ақ жол».

Суретті түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support