Әжемнің сыйы (қаз-қалпында)

Әжемнің сыйы (қаз-қалпында)
ашық дереккөз
Әжемнің сыйы (қаз-қалпында)

Әжетайым ауылдан қалаға ай аралат­пай жатып-ақ артынып-тартынып жетеді. Салғаннан мені қалқалай етегіне орап, бар дәмді, тәттісін аузыма тоса­тыны қызық. Менің қарным аш дей ме екен, әлде... 

– Көкжасық етке қараған қалалықтардың күні құрысын да. Шыр бітпей, сыйдиып жүре бере ме сол. Қан таратып, бой жазсын – бірер күнге ауылға жіберіп алсаңдар қайтеді мыналарды, – деп бізді нұсқап, сол екі арада баласы мен келінін біраз ықтырып та алады. – Сүйегімді сықырлатып қашанғы жүрер дейсіңдер мені. Қайран әжемнің мен дегенде шығарға жаны бөлек қой. Басы қайқиған ала қоржынының ішінде не жоқ деңіз. Шиттің майына қуырылған бауырсақ пен бәліштің исі бұрқырап, құрт, ірімшігі көзіңнің жауын алады, тіпті. Қыл аяғы қаймаққа дейін бар. Қоржынын маған билетіп-төстетіп, «қалағаныңды алып же, күнім» деп мейірлене күлімсіреп отыратыны ше. Мен болсам балқаймаққа бауырсақ бұлғап жеп мәре-сәремін. Неге екенін, әжем менен бірер жас үлкендігі бар Бәтесті онша жақтырмайды. Оған мен секілді мейірі түсіп, өбектей де қоймайды. Қоржынынан қолына түскенін алып беріп, мезірет жасаумен шектеледі.

Бұл жолы да әжемді Бәтес екеуіміз алдынан шығып қарсы алдық. Алайда, әжеміздің сөмкесінде бәліштен өзге ештеме жоғы көңілімізді жабырқатып тастады. Бәтес «Бәліштен өзге ештеңе әкелмедіңіз бе?» деп әжемнің бетіне айтып та салды. Оның бұл сөзі әжемнің көңіліне жақпады білем: – Әкелдім. Алайда оны сұрамсақ, тәрбиесіз балаға бермеймін. Сыйлықты Айдос секілді тәрбиелі, әлемдегі ең әдепті бала ғана алады, – деп әжем менің қолымды алға созуымды өтінді. Сөйтті де алақаныма он теңгелік жап-жаңа он бақыр салды да берді. Бәрін қосқанда жүз теңге болады! Міне, енді қалшиған күйім алақанымдағы жарқырап жатқан он теңгеліктерге масаттана қарап тұрмын. Оған Бәтес те көзінің қиығын салып үлгерген. Ештеңе демеді, бірақ. Тек жанарынан қызғаныш оты жылт етіп білінді. Әжем әдеттегідей мені айналып-толғанып мауқын басқан соң барып, көңілі жайланып шәй ішуге кеткен. Бәтесекең ашу-ызасын әрең деп іркіп, ішінен тынып тұр екен. Әжемнің көзі тайысымен бар күшімен алақанымның астынан бір салып қалды. Сол сол-ақ, әлгі бір жарқырауық теңгелер алақанымнан секіріп шығып, шөп арасына шашылды да кетті. Бақыра жылап отыра қалдым. Менің жылаған дауысымды естіп әке-шешем, әжем сол заматта жетті. Мәселенің байыбын ұғып, бәрі де еңкейісіп, шөп арасына шашылып түскен он теңгеліктерді жабыла іздей бастады. Ақыры, он теңгеліктердің біреуінен басқасы түгел табылып жиналды. «Көрдіңдер ме, Бәтеске бір теңге де бермегенім дұрыс болған екен! Ол, міне, «маған болмаса, оған да жоқ» деп ойлайтын нағыз қызғаншақтың өзі болып шықты. Айтпақшы, «зұлым» қыздың өзі қайда қазір!» деді әжем қатты налып. Сөйтсек, осындайдың боларын біліп, Бәтес анадай жердегі алма ағашының басына өрмелеп шығып алған екен. Әжем екеуімізге тілін шығарып, мазақтап, мәз-мәйрам. Көршінің баласы оны ағаштан түсіру үшін рогаткамен атқылап, «көмектеспек» болды. Алайда әжем оған бұлай істеуге мұрсат бермеді. Не деп болады? Таспен атқылау кезінде Бәтестің бір жағына ауып кетіп құлауы, аяғын сындырып алуы әбден мүмкін ғой. Әжем тіпті әлгі бір «сұрмергеннің» қолынан рогаткасын алып қоймақшы да болды. Бұған ызаланған көршінің баласы рогаткасымен әжемнің өзін алыстан көздеп атуға кірісті. – Жетпегені осы еді! – деді әжем әкем мен шешеме қарап. – Мына «зұлым» қызға бола рогатка оғына тап келдім, міне. Жо-оқ, бұдан кейін мұнда аяғымды да баспаспын. Ең жақсысы, маған әлемде жоқ әдепті бала – Айдосжанымды өздерің әкеліп тұрыңдар. Бәтеске ерегескенде, оған енді әр барғанында сыйлық беретін боламын. – Жақсы. Мен тап солай істейтін боламын. Алайда, апа-ау, Айдосты бекерге мақтайсыз! Әрине, Бәтес дұрыс істемеді. Айдос та әлемдегі ең жақсы бала қатарынан емес. Әпкесінің қолында ешқандай да теңге жоғын біліп, ақшасымен бөліссе, әлемдегі ең жақсы бала, міне, сол! Осындай әрекетімен ол әпкесін мұндай жағдайға жеткізбес те еді, – деді әкесі де қарап қалмай. Өзінің алма ағашы бұтағындағы «ершігінде» отырып Бәтес мынадай сөздерді айтты: – Ал әлемдегі ең жақсы әже, Айдосқа ғана емес, алаламай, балаларының бәріне бірдей бірдеңе сыйлауға тиіс. Айдос өзінің ақылсыздығы ма, қулығы ма – үндемей отырып–ақ сыйлықтың бәрін алды. Әжем бұдан әрі бақ ішінде қалуды жөн көрмеді. Ересектердің бәрі де үйге түскі шайларын ішуді жалғастыруға кірді. Ал Бәтес болса ағаш басында қалып қойды. – Жерге түс, – дедім оған жақындап барып. – Cаған екі он теңгелік берейін. Ол ағаш басынан түсіп, мен ұсынған ақшаны ықыласпен қабыл алды. Мен де көтеріңкі көңіл күйде балконда шәй ішіп отырған ересектер алдына барып: –Қалай болғанда да әжем дұрыс айтыпты. Мен әлемдегі ең жақсы баламын – жаңа әзірде ғана Бәтеске екі он теңгелік бақыр сыйладым! – деп мақтандым. Әжем мені мұндай мақтаншақ болар деп күтпеген еді. Маған таңырқай қарап, ақырын күрсінді де қойды. Шешемнің де мұнымды жаратпағанын суық райлы көзқарасынан аңдадым. Ал әкем бірден: –Жоқ, әлемдегі ең жақсы бала қандай да бір жақсылықты болсын үндемей істейді, жақсылық жасағанын еш міндетсінбейді де, – деп салды. Бірдеңені бүлдіргенімді білдім. Сосынғы жерде... әпкеме қайта жүгіріп барып, оған он теңгеліктің тағы да біреуін бердім. Алайда, бұл туралы ересектерге ләм-мим деп тіс жармадым. Сонымен Бәтесте үш он теңгелік болды, ол төртінші монетаны менің қолымды қағып қалған жерінен өзі тауып алған екен. Ол осы ақшасының бәріне балмұздақ сатып алып жеп, әбден тойды сол күні. Алайда кешкілікте оның іші бүріп, ыстығы көтеріліп ауырып, бір жеті бойы төсекке таңылып жатты. ...Одан бері көп жылдар өтті ғой. Дегенмен әкемнің сол кезде айтқан сөзі жадымнан өшкен емес. Ең жақсы бала болу қолымнан келмеген де шығар. Бұл, шынында да өте қиын іс. Алайда, ең жақсы болуға әркезде де талпынумен болдым. Осының өзіне де қанағат.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар