«Қазақстан-Тараз» телеарнасында тағы бір ток-шоу көрерменге жол тартты
«Қазақстан-Тараз» телеарнасының көтерер жүгі қашанда ауқымды. Жаңашылдық жолын іздеп, тынымсыз тер төгіп жүрген телеарна ұжымы жақында «Тараз төрінде» атты тағы бір жаңа бағдарламаның тұсауын кесті. Жоба авторы –Мейрамбек Төлепберген. Режиссері – ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Қазақстан» ұлттық арнасының режиссері Ботагөз Исмайл. Жаңа бағдарламаның жүргізушісі – ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ақын Ғайни Әлімбекқызы.
Ток-шоудың тұсаукесер түсірілімі Тараз қаласындағы «Түрксіб» мейрамханасының үлкен залында өтті. Бағдарламаның алғашқы қонағы ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, мемлекеттік «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенғарақызы болды. Жобаның мақсаты – кейіпкердің жан дүниесін, ерекшелігін, күйініші мен сүйінішін, сағынышқа толы өткен күндерін еске салып, бүкіл болмысын көрерменге шынайы жеткізу. Жаңа бағдарламаға облысымызда тұратын ақын-жазушылар, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Шолақ және Шырын Мамасерікова, Үміт Битенова, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, Халық әртісі Мәкен Рахымжанова, ТарМУ-дың профессор-доценттері Тәуекел Жаңақұлов, Зиба Құламановалардың қатысып отыруы да жобаны жан-жақты түрлендіріп, мазмұнын байыта түсті. Сондай-ақ, Ринат Нұрақбаев басқаратын «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау орталығының мүшелері-жастардың бағдарлама қонағын гүл шоқтарымен қарсы алған сәті де үлкенге ізеттілік көрінісіндей болды. Түсірілім барысында Ханбибі Есенғарақызы мәтінін өзі жазған «Нұрикамал» әнінің (әнін жазған өзінің өмірлік серігі Тұрдықұл Ізтаев) шығу тарихын айтып, ән эфирде орындалды. Жалпақ жұртқа Жұбаныш Жексеннің орындауында әйгілі болған «Нұрикамалды» бұл жолы Орынбек Ешетов домбырамен шарықтата шырқаса, Нұрғали Жексен эстрадалық нұсқасын тыңдарманға ұсынды. Ханбибі ақынның сөзіне жазылған «Алтынай» әні де елімізге кеңінен тарады. Бұл әнді түсірілім барысында елімізге белгілі әнші-сазгер («Алтынайдың» әнін жазған) Құралай Сәтмұхамбетова орындады. Бағдарлама барысында облысымызда тұратын ақын-жазушылар ток-шоу қонағына өлеңдерін арнап, сауалдарын қойып жатты. Әсіресе, Ханбибі Есенғарақызы қуғын-сүргін жылдары елімізден құрбан болғандар жөнінде толғана, тебірене сөйледі. Қырық минуттық бағдарламада ақынның шығармашылық, қайраткерлік қырлары жан-жақты ашылды. – Бұрыннан маңызды екі бағдарламаны жүргізуші едім. Бұл жаңа ток-шоудың жүгі жеңіл емес екенін сезінсем де, жауапкершіліктен бас тартпадым. Енді «Тараз төрінде» Қорабай Есенов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Эльмұра Жаңабергенова, Әбдірахман Асылбеков кезегімен қонақ болады. Жоба көрерменнің көңілінен шығатын дүние болады деп сенеміз, – дейді бағдарлама жүргізушісі Ғайни Әлімбекқызы.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді